Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары киелі өңірдің тарихындағы тағылымы терең, ел жадында ұзақ сақталатын айтулы оқиғалармен ерекшеленгенін жақсы білеміз. Бұл тек әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қамтыған ресми іссапар ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухты көтерген, тарихи әділеттілікті қалпына келтірген тағылымы терең айтулы оқиға ретінде жоғары бағаланды.
Сапар аясында қазақ халқының біртуар перзенті, Ұлы Отан соғысының аңызға айналған қаһарманы, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағының берілуі – осының айқын дәлелі.
Бұл шешімнің хас батырдың кіндік қаны тамған туған жері топырағы қасиетті Жуалы ауданының жұртшылығы үшін де мәні зор, мағынасы ерек. Оның тағылымды тағдыры мен өнегелі өмір жолы жұлдызы биік Жуалы ауданының қоғамдық өмірімен, осынау киелі өңірдің тағылымды тарихымен, тұтастай алғанда, ұлттың рухани болмысымен біте қайнасқан десек, артық айтқандық емес.
Бауыржан Момышұлының ерлігі мен тұлғалық дара болмысы – сонау соғыс жылдарынан бері халықтың жадында. Ол майдан даласында теңдессіз батырлығымен танылып қана қоймай, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Оның әскери-патриоттық еңбектері, адамгершілік пен отансүйгіштікке үндейтін ой-толғамдары бірнеше буынның тәлім-тәрбиесіне негіз болды. Сондықтан даңқты қолбасшыға «Халық Қаһарманы» атағының берілуі халық ұзақ жыл күтіп, уақыт сынынан өткен тарихи шешім ретінде қабылданды.
Осынау қуанышты оқиғаға орай Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдері – қоғам қайраткерлері, ардагерлер, ақын-жазушылар, ғалымдар мен мәдениет саласының көрнекті өкілдері Мемлекет басшысына алғыс хат жолдап, онда Президенттің Бауыржан Момышұлының ерлігін мемлекет деңгейінде жоғары бағалап, тарихи әділетті қалпына келтіргені үшін шынайы ризашылық білдірілгені де ерекше атап айтуға тұрарлық игі іс.
Алғыс хатта Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» жоғары атағын беруге шешім ету арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтірілгендігі, бұл тарихи шешімнің – ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтаудың жарқын көрінісі екенін атап өткен. «Халық Қаһарманы» жоғары мәртебелі атағының Бауыржан Момышұлына берілуі – ұл қаһарманымен қатар, отты жылдарда от кешкен барлық батырлардың рухына көрсетілген құрмет екендігін ерекшк атап көрсетті.
Сонымен бірге, алғыс хатта Бауыржан Момышұлы шайқастарда көрсеткен қаһармандығы, темірдей тәртібі мен стратегиялық ойлау қабілеті әлемдік әскери тарихта ерекше орын алатыны көрсетілді.
Алғыс хатта Батырдың майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірде де елге қызмет етіп, аманат етіп қалдырған әдеби бай мұрасы мен адамгершілік, тәртіп, отансүйгіштік жөніндегі тағылымды да терең ойлары бүгінгі жастар үшін де, болашақ ұрпақ үшін де баға жетпес құнды қазына болып қала беретіні айтылды.
Шын мәнінде Бауыржан Момышұлы – күллі Алаш жұртының айбынына айналып, ел басына қиын күн туған қысталаң шақта майданның алдыңғы шебінен табылып, Отан үшін от кешкен батыр ғана емес, елдік пен ерліктің, тәртіп пен табандылықтың символына айналған дара тұлға. Оның Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқастардағы асқан ерлігі, қолбасшылық дарыны мен темірдей тәртібі әлемдік әскери тарихта өшпес із қалдырғанын жақсы білеміз. Батырдың ерлік істері – бір кезеңнің ғана емес, күллі қазақ халқының намысы мен асқақ рухын айшықты бейнелейтін асыл мұра.
Президенттің даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы Жарлығын – ұлттық сананы жаңғыртып, тарихи әділдікті орнықтырған, елдің бірлігін бекемдеп, егемендіктің еңсесін биіктеткен дұрыс шешім ретінде жоғары бағаланымыз дұрыс болмақ.
Бұл – өзінің туған елін шексіз сүйіп, көзі тірісінде оған адал қызмет ете білген айтулы ерлердің асқақ рухына көрсетілген зор құрмет, батыр бабалардың аманатына деген адалдықтың айғағы.
Нұржан Манасұлы,
Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы
Будущее горного туризма: Фестиваль Евразийского Альянса горных курортов открывает новые горизонты в Шахдаге