Алғаш рет. Трамп екінші президенттігінде вето құқығын қолданды

63
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OuaFgS2QGUVN1p44h5lPBxOwJrNSDDGux7mTfOlb.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада екінші президенттік мерзімі аясында алғаш рет вето құқығын пайдаланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Ол Конгресс екі партияның да қолдауымен қабылдаған екі заң жобасына қол қоюдан бас тартты. 

Алғашқы вето Колорадо штатының оңтүстік-шығыс бөлігін таза ауызсумен қамтамасыз етуге арналған Арканзас аңғарындағы су құбырының құрылысын аяқтау туралы заң жобасына қатысты болды. Дональд Трамп бұл жобаның ұзаққа созылғанын және тым қымбатқа түсетінін атап өтті.

"Жетері жетті. Менің әкімшілігім америкалық салық төлеушілердің қаржысын қымбат әрі сенімсіз саясатқа жұмсауға жол бермейді", — деп жазды Трамп.

Заң жобасының авторы, Колорадо штатынан сайланған республикалық конгрессмен Лорен Боберт әлеуметтік желіде «Бұл әлі соңы емес» деп мәлімдеді.

Ал демократ-сенатор Джон Хикенлупер Трампты «партиялық ойын жүргізіп, Колорадоны жазалады» деп айыптап, Конгрессті ветоны жоюға шақырды. Ветоны еңсеру үшін Конгрестің екі палатасында да үштен екі дауыс қажет.

Трамп вето қойған екінші заң жобасы Флорида штатындағы Миккосуки қорық аймағын кеңейтуге қатысты болды. Құжатқа сәйкес, қорық аумағына Эверглейдс ұлттық паркінің бір бөлігі қосылуы тиіс еді.

Ветоның себептерін түсіндіретін хатында Дональд Трамп Миккосуки тайпасын «ақылға қонымды көші-қон саясатына кедергі келтіруге тырысты» деп айыптады. Оның айтуынша, бұл саясатты америкалық халық сайлау кезінде айқын қолдаған.

Айта кетейік, Дональд Трамп алғашқы президенттік мерзімінде 10 заң жобасына вето қойған, олардың тек біреуі ғана Конгресс тарапынан жойылған.

Комментарии