Экс-президент неге Президенттің алдына түсе береді?

169
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JrVQacOXxZLyD2WPaIU6i9mkXdkEyd8p1EX6fMaU.jpg

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бір-бірін телефон арқылы келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Бұл туралы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі мәлімет таратты, деп хабарлайды “Адырна”.

“Олар тұтас бауырластық, тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды атап өтті”, делінген хабарламада. 

Айта кетсек, Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті де туған күнімен Тоқаевтан бұрын 19 желтоқсанда құттықтап қойған еді.

Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 желтоқсанда телефон арқылы құттықтаған болатын.

Биылдыққа көкжиектен көрінбей кеткен Назарбаев жыл соңында ньюс-мейкерге айналды. Оның 27 желтоқсан күні Кремльде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуі де жұртшылық назарын ерекше аударған. Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткен соң жыл сайын бір-екі мәрте Владимир Путинге тұрақты түрде барып тұратыны байқалған. Олар желтоқсандағы кездесуден бұрын 2025 жылғы 29 мамырда жүздескені хабарланған. Алайда соңғы кездесуі қоғамдық пікір тарапынан қатаң сынға ұшырады. Мәселен, мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияларға қол жеткізген бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңнамалық тұрғыда реттеуді ұсынған.

"Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазым иесі болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар",- деген еді депутат.

Ал 85 жастағы Назарбаевтың көрші елдер президенттерін Қазақстанның ресми басшысынан бұрын құттықтауы қандай этика, қандай мүддеге сәйкес келуі мүмкін? 

 

 

Комментарии