Өмір мен уақыт, адам философиясы

311
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XENNT1yUpCyrxRpLXHrmhCeBp3d8OHVDiJdIs9t1.jpg

Философия – универсалды ойлау мәдениеті. Оның «кіріспейтін» жері жоқ: ол мына дүниенің жаратылуынан бастап, адам психологиясының астарына дейін үңіледі. Соның бірі бүгінгі көтеріліп отырған сұрақ ‑ адамның өмірінің мәні туралы ойлар. Бұл туралы әлем ойшылдары үнемі толғанады, себебі, ойшыл адам ғана өмірдің құнын өзгеден айрықша сезіне алады...

Бүгінгі пікіралмасуға белгілі философтарды шақырдық. Алдымен, сөз кезегі соларда:

 Берік Аташ, философия ғылымдарының докторы, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия кафедрасының аға оқытушысы:      

-  Біз  (мысалы, мен ‑ Аташ Берік) «Мен өмірге не үшін келдім?»,

«Мен жалпы кіммін?», «Өмірімнің мәні неде?» деген сияқты нақты шешімін таппайтын метафизикалық немесе экзистенциализмдік (экзистенциалист философтардың пікірлері) мәселе қозғап отырған жоқпыз, төменде адамдардың нақты өмірі мен бос уақытқа байланысты практикалық  экзистенциалдық мәселе қозғап отырмыз...

Біз көп жағдайда көшеден, жұмыстан нені көреміз? Жүгіріп бара жатырған адамдар, үнемі ешнәрсеге қолы тимейтін жандар, тіпті сөйлесуге бір сағат түгілі бір минут бос уақыты жоқ кісілер, тіршілік қамымен шауып бара жатырған тіршілік иелерін көреміз... Уақытқа байланған, әрине!

Қазіргі таңда адамдардың көп бөлігінің «уақыты жоқ». 

Біз кейде «Уақыт жоқ» деген лейтмотивпен өмір сүреміз, образды түрде айтқанда, «Уақытым жоқ» деген тақтайшаларды (ярлыктарды) жапсырып алған адамдар ретінде әйтеуір бір жұмыстарға зымырап бара жатамыз немесе сол жұмыстарды жасап жатамыз...

Тіпті түскі ас, кешкі асымызды ішіп отырғанда да жұмыс жасап отырғанымызды (мысалы, ватсаппен пікірлесіп, жұмыс бойынша сұрақтарға жауап беріп) өзіміз де сезбей қаламыз.

Осы «қол тимейтіндіктің» белгілі бір «бөлігі» - психологиялық және қолдан жасалғандай болып көрінеді (әрине, осы қолдан жасалған бөлік әркімге әртүрлі: біреулер үшін бір‑екі пайыз, біреулер үшін елу пайызды құрайды.  Жүз пайыз ешкімде жоқ ау деп ойлаймыз).

Шындығында, біз кейде керек еместеу  жұмыстармен көп шұғылданамыз... Бірақ оны өзіміз сезбейміз.. 

Әрине, адамдардың қолы бос болмауы да тиіс, тынымсыз еңбек ету керек, «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» т.б. - дұрыс! Бірақ біз үнемі бинарлық позицияда немесе бос уақыт пен еңбек ету уақытының деңгейін қарама қарсы қойып контрарлы ойлаймыз..., екі жақтың да шегіне жете ойлаймыз.  Еңбекқорлық, өмірде барлық нәрсеге қол жеткізу, уақытты босқа өткізбеу туралы түсініктеріміз кейде  маған шектен шығып кеткендей болып көрінеді...

Осыншама «аяқталмайтын жүгірістермен» жүргенде бір кезде өмірдің өзі аяқталып қалады... Біреулер бизнес, біреулер отбасы қамы, біреулер білім іздеу т.б. мақсат етіп тынымсыз еңбек етеді... Бірақ өмірдің өзі өмірді осылай (байқамай) аяқтау керек дегенді білдірмейді, бұл - Тіршілік ету, біз кейде «тіршілік ету» мен «өмірді» шатастырып аламыз, тіршілік ету ол жануарларға тән, жануарлар тіршілік етеді, ал адамдар - өмір сүреді...  

Өмірдегі осы қолы бос болмау (тіпті кейбір адамдардың отбасына көңіл бөлуге мұршасы жоқ) - болашақтың қамы, тіпті «қартайған шағымыздағы Рахат өмірдің» инвестициясы деп ойлаймыз, ол да дұрыс! Бірақ қартайған шаққа дейінгі бір минут бос уақыты болмай өмір сүру біз үшін құдды бір сол өмірге дайындық сияқты болып көрінеді.. Шындығында, оған дейінгі өмір, ол - өмірге дайындық емес, сол Өмірдің өзі, тіпті оқу орындарында оқу т.б. жастық шақ та «қатаң түрде  өмірге дайындық» деп бекітілмеуі де тиіс, ол да нақ сол бізге арналған өмірдің Өзі..

Кейде біздің оңаша қалып,  «Мен қалай өмір сүріп жатырмын осы», «Неге менің уақытым жоқ» деген сұрақтар туралы ойлануға да уақытымыз жоқ...(кейде, поезда, метрода, ұзақ жол автобуста еріксіз ойлана аламыз).

Біз кейде өз тәнімізді өзіміз құлша жұмсап, роботқа айналдырып жібергенімізді де сезбей қаламыз..    Біз робот емеспіз, осы өмірдің Рахатын сезіну, сол өмірді Сүру үшін келген жандармыз..

Тағы да бинарлық позицияда (біз кейде тек екі шеткі  полюстерде ойлаймыз - ортасы жоқ) ойлап, «адам үнемі қолы бос болуы керек, тек қана ән-думан, дәм-думанмен өмір сүру қажет» деген түсінік туындамауы тиіс,  бір сәтке қолды босату, белгілі бір бос уақытты өзімізге, яғни, тіршіліктің емес, өмірдің өзіне арнау да қажет пе деген ойға қалдым!  

Әрине, біздің қоғамда қолы бос, еріккен-зеріккен, «уақыт өтсінші» деп жүрген  адамдар да бар...

Алматы қаласында (мүмкін ҚР басқа да қалалар мен әлемдегі мегополистерде) еш уақыты жоқ жүгіріп бара жатқан адамдардың  үлкееен бір тобы бар..

Яғни, өзіңе ғана емес, өзіңнің өміріңе үңілу де соншалықты маңызды («өзің» мен «өзіңнің өмірің» бір нәрсе емес)... Өйткені, біз өмірді (сүйреп) алып жүрмейміз және оны әлдеқандай бір жаққа алып бара жатқан да жоқпыз,  сол өмірді сүреміз, өзге емес, өзіміз сүреміз.

Гүлжиһан Нұрышева, философия ғылымдарының докторы, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры:

-Қайырлы күн, әріптестер! Пікірлесуге шақырғандарыңызға көп

рахмет! Бір ғана постта бірнеше философиялық мәселе қойылған екен: өмір, өмірдің мәні, уақыт, еңбек, қозғалыс, бос сандалу және т.б. Барлық сұрақтың жауабы соңында берілген сияқты, менің ойымша. Сартр айтпақшы, адам өмірге келгенде жоба, ал жобаның жүзеге асуы адамның өзіне байланысты. Сондықтан, өмірді мәнге толтыру керек, ал ол еңбекпен ғана келеді. Еңбектенуден, қозғалыстан, алға ұмтылудан қашып, «уақытым жоқ» деген адам, өмірге, басқаларға өкпелеп, бос сандалып, өмірден түк бітірмей өтеді.

Кез келген адамда уақыт бар, ол үшін жоспар қажет және оны мүмкіндігінше жас  кезеңде құрып, Абай айтқандай, ай, апта, күн сайын өзіне есеп беріп отырса, «бүгін не бітірдім?», «нені жасамадым, неге?» деп...

Экзистенциалдық рефлексия адамға міндетті түрде тән, тек ол гиперрефлексияға  ұласпауы тиіс. Болашақ үшін өмір сүрген аға буынды кезінде Гумницкий, Трубников секілді ғалымдар сынаған болатын, дұрыс деп ойлаймын.

Адам басқа біреу үшін, болашақ үшін емес, қазір, осы шақта өзі үшін өмір сүруі тиіс. Аздаған эгоизм де керек сияқты, себебі өзің үшін мәнді өмір сүруге ұмтылсаң, бала-шағаңа да пайдаңның тигені.

Тойлатып өмір сүру туралы ойға келсем, Шопенгауэрдің «ішкі дүниесі бос адам ғана сырттан қызық іздейді» деген ойы есіме түседі...

Нағыз философқа ырду-дырдудың қажеті жоқ, өзімізге жетерлік рухани дүниеміз бар, ол бізді жалғыздықтан құтқара алады. Менің қысқаша ойым осы, басқаларды да тыңдасақ...

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист: 

Сонымен, екі философтың да пікірін тыңдап, одан бірнеше мәнді ойлар түйіндедік. Дегенмен, бұл біржақты мәселе қатарына жатпайды – оның мәні күрделі философиялық конструкцияға жетелейді:

Біріншіден, «өмір сүру – үлкен жауапкершілік» деген қағида. Ал, бұл жауапкершіліктің бастауы – өмірде мақсат қоя білумен өлшенетіні анықталды. (Иә, бұл жерде мақсат адамның жеке қарымы мен дарынына баланысты екенін жоққа шығармаймыз: әркім өз қабілетіне қарай мақөсаттар легін түзеді – біреуі ‑ биік, біреуі – төмен дегендей...). Бірақ, мәселе онда емес, бастысы – мақсаттың болуы!

Екіншіден, «Адам, саналы тіршілік иесі болғандықтан, өзінің уақытын өзі жоспарлай білуі керек» деген қағида. Ол бойынша, адам – уақыттың жетегінде кете бермейді. Ол, үнемі де «уақытты өзінің бір пайдасына жаратуға» ұмтылады. Сонда, ол уақытты «босқа өткен уақыт» деп бағалауға бола ма? Әрине, болмайды. Ендеше, «үздіксіз ойлау процесінде» болатын адам баласына берілген «үздіксіз уақыттың» да бос кеткен жері болмайды екен.

Мейлі, ол уақыт адамның өзіне арналсын, мейлі, өзгеге арналсын – ол бос кетпеген уақыт. Яғни, бұдан «адамның ойлау процесі мен уақыты, осындай ажырамас бірлікте болады» деген қорытынды туындайды...

Үшіншіден, егер адамды сырттан бақыласақ, онда оған қатысты «уақытын бос өткізуде» деп баға беруге болады. Ал, оған «іштен қарасақ» ше? Онда, бұл пікір қате болып шығады: ол адам не тыныстап отыруы мүмкін, не, уақытын, яғни, өзінің өмірін осылай жайбарақат, қозғалыссыз, тыныштықта өткізу – оны туа біткен қасиеті болар... Бірақ, өмірі өтіп жатыр... Тыныш өмірге қол жеткізу – оның жетістігі, яғни, әуелден қойған мақсаты! Сол үшін оны кіналауға еш негіз жоқ...

Төртіншіден, адам өзімен‑өзі оңаша қалған сәтте де «өзі үшін өмір сүре алмайтын» тіршілік иесі деген ой туады. Адам санасы мен ойы жүйрік. Ендеше адам бір сәтте ойменен  үлкен кеңістікті шарлайды. Ал, ол кеңістікте міндетті түрде өзгелер толып жүреді: анаң, бауырларың, достарың, балаларың...  бәрі де осы кеңістікте. Тіптен, бір адам тышқаннан қорқады делік, сол монстр‑тышқан да үнемі төбеден төніп тұрады ғой! Ендеше, ойымен оңаша қалған адамның өмірі де «өзіне бұйырмайтынын» байқаймыз...

Міне, адамның ең асыл қасиеті де осы, адам тек осы шеңберде ғана нағыз адам деп,  ойды түйіндейміз.

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ

Комментарии