Флоридадағы кездесу. Бейбіт жоспардың 90 пайызы келісілген

436
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SNxNzQ3GZh8dqMZDzLjamhsRi4geh07xWCk4HYg9.webp

28 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский Флорида штатында кездесті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Келіссөздерден кейін өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Ақ үй басшысы кездесуге «өте керемет» деген баға берді. Айтуынша, екі ел президенті Еуропа елдері және НАТО басшыларымен де телефон арқылы сөйлескен.

Трамп қос тараптың көптеген мәселені талқылағанын атап өтті.

«Біз едәуір жақындадық, тіпті бейбіт келісімге қол жеткізуге өте жақын қалдық деп ойлаймын. Украиндардың 91 пайызы соғыстың аяқталғанын қалайды. Ресей де оны аяқтағысы келеді. Барлығы соғыстың біткенін қалайды»,- деді ол.

Өз кезегінде Зеленский келіссөз қорытындысы бойынша Украинаның қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты ортақ түсінікке келгендерін мәлімдеп, бейбіт жоспардың 90 пайызы келісілгенін айтты.

Алайда АҚШ президенті бейбіт жоспардың шамамен 90 пайызы түбегейлі келісілгенімен, әлі бір-екі мәселе шешілмей тұрғанын, олардың ішіндегі ең күрделісі — аумақ мәселесі екенін атап өтті.

«Украинаға келісімді қазір жасағаны дұрыс, әйтпесе тағы жерінен әрі адамдарынан айырылуы мүмкін», — деді Трамп.

Ол Украинаның батыл шайқасқанын айта келе, «қақтығысты тоқтататын уақыт келді» деді. Сонымен бірге АҚШ президенті реттеу мәселелері Украинада жалпыұлттық референдум арқылы немесе парламент мақұлдағаннан кейін шешілуі тиіс екенін айтты.

Сонымен қатар Трамп болашақта Украинаның қауіпсіздік кепілдіктерінің негізгі бөлігі Еуропа елдеріне жүктелетінін тағы да айтты.

Баспасөз мәслихатының соңында Трамп пен Зеленскийдің келесі кездесуі 29 желтоқсанда өтуі мүмкін екені хабарланды.

 

Комментарии