"2023 жылдан бері 27 жаңа мектеп пайдалануға берілді". Әкім тағы не істей алатынын айтты

155
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KIRj8ZSZqTmJR1GS3T5djVKdc5I6YZ9ZB4uuoXlJ.jpg

Бүгін Астана қаласында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндады.

Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жүктелген міндеттердің облыста жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. 

Облыс әкімінің айтуынша БҚО-да өткен жылдың қорытындысымен облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткізген. Биыл да экономиканың өсу қарқыны сақталуда.

Атап айтқанда, құрылыс саласындағы жұмыстар көлемі 9%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 4,1%-ға артып, негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,2%-ға өсті. Ішкі сауда көлемі 0,7%-ға , көлік қызметтері 1,2%-ға, байланыс қызметтері 6,2%-ға, өнеркәсіп 3,6%-ға, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6,4%-ға артты. 

Жыл басынан бері облысқа 567 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, оның 80 пайызы теңгесі – жеке сектордың үлесін құраған.
Алдағы бес жылда 4,4 трлн теңгеге 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 73 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

БҚО-ның өңдеу өнеркәсібінің көлемі 17 пайызға өсіп, 303 млрд теңгені құрады. Тікелей шетелдік капиталды тарту мақсатында биыл Чехия, Ресей, Иран, Қытай және Оңтүстік Корея елдеріне барып бірқатар әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде, өнеркәсіп, құрылыс, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында жалпы құны 1 трлн теңге болатын жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Агроөнеркәсіп бағытында 50,6 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 6,4%-ға артып, 281 млрд теңгеге жетті.
2025–2027 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 68,1 млрд теңгені құрайтын 54 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 870 жұмыс орынын құру жоспарланған.

Ал биылдың өзінде жалпы құны 15,4 млрд теңге болатын 18 жоба іске асырылуда.

БҚО әкімінің бастамасымен облыста «Қаладан ауылға» жобасы іске қосылған болатын. Қысқа мерзім ішінде-ақ ауыл тұрғындары мен қоныс аударушылар тарапынан кең қолдау тапқан. Жоба аясында қала аймақтарынан мыңға жуық тұрғыны бар 195 отбасы ауылға қоныс аударды. Оның 600-ы бала.Қоныс аударған отбасылардың барлығы да баспанамен қамтамасыз етіліп, тұрақты жұмысқа орналасқан. 

Өңір экономикасының дамуына шағын және орта кәсіпкерлік зор үлесін қосып келеді. Өткен үш жылда облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 57,6 мыңнан 59,2 мыңға немесе 2,7%-ға өскен. Аталған салада 130 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 36,7% деңгейіне жетті. Бұл көрсеткіш бойынша БҚО республикада алдыңғы бестікте. 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру арқылы өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі және нақты жұмыстар атқарылған.

Мәселен, денсаулық сақтау саласында 2023 жылдан бері 52 денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан пайдалануға берілген. 

Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында 2023 жылдан бері өңірде 27 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 9-ы«Келешек мектептері» жобасы аясында салынды. Жыл соңына дейін тағы 3 жаңа мектеп ел игілігіне берілмек. 

2023–2025 жылдары спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында 12 спорт нысаны пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының облысқа жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес Орал қаласында 1200 орындық заманауи спорт кешені ел игілігіне берілді.

Биыл 9 спорт нысанының құрылысы жалғасуда, олардың бесеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Соңғы үш жылда БҚО-да 11 мәдениет үй және мәдени-спорттық кешен пайдалануға берілді. Биыл 7 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр, олардың 4 жыл соңына дейін іске қосылады.

БҚО-да 1 500 шақырым автомобиль жолдары жөндеуден өткен. Соның ішінде жалпы ұзындығы 560 шақырым болатын 56 елді мекенде кіре беріс жол жөнделді.
“Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталығы мен оңтүстік аудандар – Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы бағытындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өткен. Өңірлік туристік картаның ТОП-50 нысанына енген, республикалық маңызы бар «Хан Ордасы» мұражай-қорығына апаратын ұзындығы 21 шақырым жол жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, 4 теміржол вокзалы жаңғыртылуда”,- деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.

Комментарии