Қазақстан - Ресей шекарасындағы кезектің себебін Путин түсіндірді

683
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Lw6ZOHhLzK3dtgoztpENcQd46T6JrEqBoIgz2TxB.jpg

Ресей – Қазақстан шекарасында бірнеше айдан бері қалыптасқан жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі заңсыз тауар айналымымен күресудің жаңа шараларына байланысты. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанға ресми сапарының қорытындысы бойынша берген баспасөз мәлімдемесінде айтты.

Путиннің мәлімдеуінше, оның тапсырмасымен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі кеден органдары шекара маңында кездейсоқ тексерулер жүргізуді бастаған. Нәтижесінде көптеген жүк көліктерінің Ресей–Қазақстан шекарасын мүлдем құжатсыз кесіп өтетіндігі анықталған.

«Тексерулер басталғанда ешқандай құжат жоқ екені белгілі болды. Бұл қара импорт. Біздің кеден аумағымызға тауарлар бақылаусыз кіріп жатыр. Ресей бюджетінен миллиардтаған рубль жоғалып отыр»,  деді Путин.

Оның айтуынша, ЕАЭО аясында ортақ кедендік кеңістік пен тауарлардың еркін қозғалысы болғанымен, әрбір жүк көлігі белгілі бір құжаттар пакетімен жүруге міндетті. Бұл құжаттар жүктің құрамы, кедендік құны, кедендік төлемдер және ҚҚС төлеуге қатысты ақпаратты қамтуы тиіс.

Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бұл мәселені талқылағанын атап өтті.

 «Тоқаев бәрін дұрыс түсінді, ешқандай сұрақ та, проблема да жоқ»,  деді ол.

Екі мемлекет шекарада жиналып тұрған жүк көліктерін біртіндеп өткізуге келіскен. Президенттің айтуынша, көліктерді шекарадан өткізу «жасыл дәлізге» ұқсас режимде жүзеге асады  жүргізушілер ең төменгі төлем енгізіп, көліктер кезексіз өтеді. Ал 2026 жылдан бастап таңдамалы тексерулер кезінде барлық қажетті құжаттар талап етілетін болады. Құжатсыз тауар тасымалдағандардың көлігі тәркіленуі мүмкін.

Путин шекарадағы жағдайды биылғы жылдың соңына дейін толық шешуге болады деп есептейді.

Айта кетсек, шүк көліктерінің шекарада жиналуы қыркүйек айынан бері байқалып келеді. Ресми органдар шекарадан өтуге қатысты кедергілер жоқ деп мәлімдегенімен, қазақстандық ақпарат құралдары жүргізушілер Ресей тарапындағы күшейтілген тексерістерден қауіптеніп, Қазақстан аумағында тоқтап тұрғанын хабарлаған. Ресей кеден қызметі қазан айында шекара маңында көліктерді кездейсоқ тексеретін мобильді топтар жұмыс істеп жатқанын растаған.

Комментарии