Ант қабылдау кезіндегі рәсімде әскери қызметкер ауыр жарақат алды

723
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3yKSF0whorHPb2ToDcp6v6NaNSeSSWc3NjCuQhT9.jpg

Таразда әскери ант қабылдау рәсімі кезінде жаңадан келген сарбаздарға жауынгерлік дайындық көрсетпек болған контракттық әскери қызметкер бөтелкені басына ұрып сындырмақ болып, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Atameken Business арнасына сілтеме жасап.

Желіде тараған видеода Жақсылық Молдақұловтың бөтелкені басына соққаннан кейін бірден есінен танып қалғаны көрінеді. Ол бес жылдан бері келісімшарт негізінде барлау ротасында қызмет етіп келген және мұндай көрсетілімдерге жиі қатысқан.

Жас жігіт бірден ауруханаға жеткізілгенімен, оның оң көзін сақтап қалу мүмкін болмаған. Бұл туралы оның анасы мәлімдеді.

"Баламның жүзін көріп шошып кеттім. Дәрігерлер оның көзі көрмей қалғанын айтты. Мен олардың көзін алып қалуын өтіндім", — деді сарбаздың анасы Гүлзира Байқонысова.

Дәрігерлердің айтуынша, сарбаз ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Соққы оның көру қабілетімен қатар жүйке жүйесіне де зақым келтірген. Оң көздің көру қабілеті нөлге түскен, бірақ екінші көзді сақтап қалуға мүмкіндік бар.

"Операцияның мақсаты — көздің қабығын қалпына келтіру және тігу. Жарақат алған көздің екінші көзге әсерін болдырмау керек. Алдағы уақытта көлемді ем жүргізіледі", — деді Жамбыл облыстық офтальмологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Жансая Сыдықова.

Әскери бөлімде қызметтестер әлі ес жия алмай отыр. Командирдің айтуынша, Молдақұлов тәжірибелі жауынгер болған. Ал оқиға абайсызда орын алған.

"Оның мүгедектік алу-алмауын айтуға әлі ерте. Медициналық сараптама әлі жасалған жоқ, ем жалғасып жатыр. Біз әскери қызметкерге барлық көмек көрсетеміз", — деді №91/678 әскери бөлімі командирі Бауыржан Есалы.

Оқиғаға байланысты тергеу басталды. Әскери қызметкер жұмысынан шеттетілмеген, бірақ оны барлау ротасынан жеңіл қызметке ауыстыру жоспарланып отыр.

Комментарии