Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның Астанаға жасаған ресми сапары екіжақты саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа бағытын айқындады. Осы сапардың маңызы мен өңірлік ықпалын тереңірек талдау мақсатында біз Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Мақпал Қасымханқызы Аңламасовамен талқыладық.
– Қасым-Жомар Тоқаев Армениямен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Осы контекстте, Сіз қалай ойлайсыз, екі ел арасындағы студент алмасуды үкіметаралық келісім деңгейіне шығару қандай нақты артықшылықтар береді?
– Білім және ғылым саласындағы серіктестікті үкіметаралық келісім аясында дамыту екі ел үшін ұзақмерзімді жүйелі әріптестікке жол ашады. Біріншіден, академиялық ұтқырлықты заңдық және қаржылық негізде бекітеді. Екі елдің білім министрліктері шәкіртақы, визалық жеңілдіктер, жатақхана және әлеуметтік қолдау шараларын қамтитын ортақ бағдарламалар қабылдай алады. Екіншіден, бұл ғылыми кадрлар алмасуын күшейтеді, яғни ортақ ғылыми зерттеу жобаларын әзірлеуге, бірлескен магистрлік және докторлық бағдарламалар ашуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, бұл мәдени-гуманитарлық өзара түсіністікті тереңдетеді. Болашақ дипломаттар, инженерлер, кәсіпкерлер және басқа да мамандардың бір-бірінің қоғамын тереңірек танып, өсіуіне мүмкіндік береді.
– Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал Қазақстан мен Армения арасындағы көлік-транзиттік ынтымақтастыққа мүмкіндік беріп отыр. Сіздің ойыңызша, Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік–Оңтүстік дәліздерін ұштастыру екі елге қандай экономикалық және саяси артықшылықтар әкеледі?
– Оңтүстік Кавказдағы геосаяси өзгерістер, әсіресе Армения мен Әзербайжан арасындағы шекаралардың ашылуы, Транскаспий және Солтүстік–Оңтүстік дәліздерін біріктіруге нақты мүмкіндік туғызды. Мысалы, Премьер-министр Никол Пашинян ұсынған «Бейбітшілік қиылысы» бастамасы Армения, Әзербайжан, Иран және Түркия арасындағы инфрақұрылымдық байланыстарды қалпына келтіріп, оларды Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық стратегиясымен үйлестіруге бағытталған. Осы контексте Қазақстан - Түркіменстан - Иран - Армения бағытындағы мультимодальді көлік дәлізі жобасын атауға болады. Бұған қоса, Қытаймен байланысты нығайту арқылы Қытай - Қазақстан - Өзбекстан - Түркіменстан - Иран - Армения маршрутын дамытуға да мүмкіндік ашылды.
Осы жобалардың іске асуы Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын өзара ұштастыруға жағдай жасайды.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл Қазақстанға логистикалық бағыттарды әртараптандыруға мүмкіндік береді. Армения үшін Каспий аймағымен, яғни Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия арасындағы байланысты нығайтуға, Каспий мен Орталық Азия нарығына тікелей шығуға жол ашады. Сонымен бірге экспорт пен импорт шығындарын азайтып, көлік логистикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Саяси тұрғыдан бұл ынтымақтастық екі елді өңірлік интеграцияның жауапты қатысушысына айналдырады және сыртқы ойыншылар алдында олардың геоэкономикалық маңызын арттыра түседі.
– Қазақстан мен Армения жасанды интеллект пен цифрландыру саласында тәжірибе алмасуға келісті. Бұл бірлескен жобалар екі елдің IT-секторын қалай дамыта алады?
– Жасанды интеллект пен цифрландыру - болашақ экономикасының шешуші секторлары. Бұл саладағы екіжақты ынтымақтастық бірнеше бағытта нақты нәтижелер әкелуі мүмкін.
Біріншіден, кадр даярлау және IT-мамандар мобильділігі артады. Қазақстан мен Арменияда IT саласын оқытатын жоғары оқу орындары, стартап-хабтар мен акселераторлар белсенді жұмыс істейді. Мұндай алмасу бағдарламалары кадрлардың біліктілігін арттыруға және нарыққа жаңа шешімдер әзірлеуге жағдай жасайды.
Екіншіден, Армения жылдам дамып келе жатқан IT-экожүйеге ие. Оның табысты болуы тұрақты секторлық өсім, қолайлы салық саясаты және жоғары білікті кадрлардың көптігімен байланысты. Бұл елде бағдарламалық қамтамасыз ету, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және финтех салалары қарқынды дамуда. Армения аймақтың технохабы болуға ұмтылып отырғанын осыдан байқаймыз.
Үшіншіден, ортақ әлеует киберқауіпсіздік, электрондық үкімет және мемлекеттік басқаруда цифрлық шешімдерді енгізу бағытында бірлескен пилоттық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Арменияның технологиялық егемендігін нығайтатын маңызды фактор.
Жалпы, IT және цифрлық саладағы ынтымақтастық тек экономикалық емес, сонымен бірге технологиялық және стратегиялық синергия қалыптастырады.
– Бүгін қабылданған стратегиялық серіктестік жөніндегі келісімді Мемлекет басшысының дипломатиялық ұстанымдарының нәтижесі ретінде бағалауға бола ма?
– Иә, бұл келісімді Мемлекет басшысының көпвекторлы, прагматикалық сыртқы саясатының айқын нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатта тұрақтылық, бейбітшілік және көпжақты әріптестікке басымдық береді.
Армениямен стратегиялық серіктестік туралы келісім тек екіжақты мүддені емес, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды байланыстыратын өңірлік сенім архитектурасын қалыптастыруға бағытталған көзқарас. Бұл Қазақстанның ынтымақтастық әлеуетін күшейтеді.
Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында Жалпы дебатта сөйлеген сөзін еске алған жөн: «Қазақстан араағайындық және бітімгер рөлін жалғастырады. Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік»
Бұл мәлімдеме Қазақстанның халықаралық аренадағы бейбітшіл, үйлестіруші дипломатиясының мәнін көрсетеді және Армениямен жаңа деңгейдегі серіктестік осы ұстаныммен толық үйлеседі.
Ондасын Уразалин: "Мы продолжаем реализацию политики Президента, направленной на динамичное развитие региона и повышение качества жизни населения"