Бала болашағы үшін...

795
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Zo380QtUCSdHm5nASCKkZN3lUe1TIxHTAG34GzRM.jpg

Орал қаласындағы мектептен тыс жұмыс орталығында оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында елуге жуық үйірмеде алты мыңнан астам оқушы тәрбиеленіп, қосымша білім алуда. Орталықтың директоры Тілек Әділгерейұлының айтуынша, бүгінде білім ошағында тәлім алған дарынды балалар өз өмірлерін осы орталықпен байланыстырып, қазір бірқатары үзеңгілес әріптестеріне айналса, енді бірі жоғары оқу орындарында білім алуда.

Орал қаласының мектептен тыс жұмыс орталығы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытуды мақсат етіп, осы бағытта елеулі жұмыстар атқаруда. Қазіргі таңда орталықта елуге жуық үйірмеде алты мыңнан астам оқушы тәрбиеленіп, қосымша білім алу мүмкіндігіне ие болуда. Орталықтың директоры Тілек Қуанышкереевтің айтуынша, білім беру нысанының жұмысы төрт негізгі бағытта жүргізіледі: көркем эстетикалық, әлеуметтік-педагогикалық, спорттық және әскери-патриоттық бағыттар. Биылғы жылы ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, реңі жаңарып, тәрбиленушілер мен ұстаздарға жайлы жағдай жасалған.

Орталық негізінен 1992 жылдан бастап Мектептен тыс жұмыс орталығы атауына ие болды, оған дейін «Пионерлер үйі» деп аталыпты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 100 мыңнан аса оқушы тәлім алыпты. Жұмыс одан әрі жалғаса береді.– Көркем эстетикалық бағыт – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған үйірмелерге толы. Домбыра, гитара, би, вокал, көркем сурет және сәндік қолданбалы өнер сияқты түрлі бағыттарда балалар өздерін жан-жақты көрсету мүмкіндігін алады. Бұл үйірмелер балалардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың жеке тұлғасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.Әлеуметтік-педагогикалық бағыт – оқушылардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған. Бұл бағытта тіл үйірмелері, көшбасшылар мектебі, дебаттар және басқа да қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Балалар осында өздерін жаңа әлеуметтік ортада сынап, өз пікірлерін дәлелдеп, командалық жұмыс дағдыларын дамытады.Спорттық бағытта да көптеген үйірмелер жұмыс істейді. Әуе кемелерін мүсіндеу, картинг, тоғызқұмалақ, баскетбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен айналысатын оқушылар жыл сайын облыстық және республикалық деңгейде түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Әсіресе, әуе кемелерін мүсіндеуден және тоғызқұмалақтан команда мүшелері жыл сайын бірінші орынды жеңіп алып жүр.Әскери-патриоттық бағытта да балалардың Отанына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін нығайту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бағыт оқушылардың елжандылық рухын қалыптастыруға, өз жеріне, тарихына және мәдениетіне құрметпен қарауға бағытталған, – деді қалалық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Тілек Әділгерейұлы.

Орталықтың жұмыс ауқымы кеңейген

Орталықтың құрылымы алты бөлімшеден тұрады. Бұл бөлімшелер Орал қаласының әртүрлі аудандарында орналасқан: Ет комбинаты 33 ЖЖОМ, 16 мектепте, Желаев кентінде, Деркөл шағын ауданында 49, 52 мектептер базасында, Бор тауы шағын ауданындағы 18 мектебінде және 20, 51 мектептерде бөлімшелер жұмыс істейді. Сонымен қатар, орталық оқушылардың каникулы кездерінде жұмысын ерекше қыздырып, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін көптеген іс-шаралар ұйымдастырады. Олардың қатарында өзара пікір алмасу, конкурстар мен шығармашылық бағыттағы шаралар бар. Әсіресе, білім алушылар осы демалыс сәттерінде үйірмелерге жоғары қызығушылықпен қатысатын көрінеді.

Жетістіктер де жетерлік

Мектептен тыс жұмыс орталығының оқушылары түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, үміт артқан ата-аналар мен ұстаздардың еңбегі лайықты бағаланып келеді. 2024-2025 оқу жылында талантты үйірме мүшелері «Театр ғажайып әлемі» атты республикалық байқауда бірінші орын алып, үлкен жетістікке жетті. Сонымен қатар, облыстық жарыстарда әуе кемелерін мүсіндеу және басқа да спорттық үйірмелерде үздік нәтижелер көрсетіп, өздерінің шығармашылық және спорттық қабілеттерін танытты. «Ақ шағала» республикалық бишілер байқауында да орталықтың өнерлі өрендері бірінші орынға табан тіреп, өнер саласында да биік белестерге көтерілді.

Бұл жетістіктер орталықтың жұмыс сапасының жоғары деңгейде екенін және балалардың шығармашылығы мен қабілеттерінің жан-жақты дамып, әртүрлі салада өз таланттарын танытуға мүмкіндік алғанын айқын дәлелдейді. Бүгінде таланттардың томағысын сыпыру жолында жүзден аса ұстаздар уақытпен санаспай қызмет атқаруда.

Комментарии