Бітімгершілік мәдениеті: этносаралық қатынастардағы өзара түсіністік кепілі

1158
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TzyKvOn4z0jc67KUo1lVGOGEa2wz8EtimUG24EqS.jpg

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай 2025 жылғы 29 қазанда Астана қаласындағы Достық үйінде «Әлеуметтік және этносаралық қақтығыстарды реттеудегі медиацияның рөлі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Іс-шараны Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды.

Конференцияның басты мақсаты – әлеуметтік және этносаралық қақтығыстардың алдын алу мен шешудің тиімді тетіктерін анықтау, медиация институты негізінде диалог мәдениетін дамыту және қоғамдық келісімді нығайту болды.

Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария және басқа елдердің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, сараптамалық қоғамдастық пен ғылыми институттардың өкілдері қатысты.

Конференцияны Астана қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Құсайынова Ләззат Сейітқазықызы ашып берді. Ол өз сөзінде қаладағы этносаралық тұрақтылықты сақтау, медиацияны дамыту және қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Ассамблеяның қоғамдағы диалог пен өзара түсіністік мәдениетін қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Спикерлер медиация институтының дамуы, әлеуметтік шиеленістерді бейбіт жолмен шешу тәжірибесі және елдер арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Конференция халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу алаңы ретінде танылып, жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі медиацияның өзектілігін көрсетті.

Қазақстанның этносаралық келісім үлгісі халықаралық деңгейде ерекше атап өтілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының моделі толеранттылық пен инклюзивті диалог қағидаттарына негізделген, бейбіт өмір сүру мен жанжалдарды болдырмаудың тиімді құралы ретінде бағаланды.

Конференция қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар қабылданды:

  1. Мемлекеттік және қоғамдық деңгейлерде әлеуметтік және этносаралық жанжалдардың алдын алудың және шешудің негізгі құралы ретінде медиация институтын нығайту;
  2. Жоғары оқу орындарында медиаторларды даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;
  3. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, медиация және бітімгершілік саласындағы тәжірибелер мен ғылыми зерттеулермен алмасу үшін тұғырнама құру;
  4. Қоғамдық медиаторлардың мәртебесін нығайту және олардың жанжалдардың алдын алуға қатысуын кеңейту мақсатында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
  5. Онлайн-медиация және қақтығыс тәуекелдеріне ерте мониторинг жүргізу үшін цифрлық және инновациялық құралдарды ілгерілету;
  6. Диалог пен зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру жөніндегі ақпараттық-ағарту жұмысын күшейту;
  7. Жастар мен отбасы институттарын қоғамдық келісімді нығайту және бейбітшілік құндылықтарын ілгерілету процестеріне тартуға жәрдемдесу.

Конференция қатысушыларының пікірінше, Қазақстан тәжірибесі бітімгершілік пен медиацияның жаңа жаһандық тәсілдерін қалыптастыруға негіз бола алады.

Комментарии