Халық таңдауы — «Атамұра». Ұлт руханиятына үлес қосып жүрген баспа үздік деп танылды

828
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OeSaiR3UNpefNyEGFexxdi5WMmhRjs4hqC1KZMvi.png

Республика күні мерекесі қарсаңында Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңес пен «Уақыт Таңдауы» агенттігі ұйымдастырған республикалық байқаудың қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде еліміздің баспа ісінде айрықша еңбегімен танылған «Атамұра» корпорациясы «Жылдың үздік баспасы» атағына лайық деп танылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

22 қазан күні корпорация шаңырағында салтанатты жиын өтіп, Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Марат Байділдәұлы марапатты табыс етті.

«Сіздермен ұлық мереке – Республика күні қарсаңында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Біз егемендіктің арқасында осындай күнге жетіп отырмыз. Биыл тәуелсіздігіміздің 34 жылдығын тойлаймыз. 1991 жылдың желтоқсанында «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылданса, 1992 жылдың ақпанында «Атамұра» баспасы өмірге келген еді. 33 жыл ішінде корпорация үлкен шығармашылық жолдан өтті. Журналист, редактор, аудармашылардың бірнеше буыны осы қара шаңырақта өсіп жетілді. Біз сараптама жасау барысында баспаның шынайы түрде ұлтқа қызмет ететініне көз жеткіздік. Міне, сол себепті де сіздер байқауда топ жарып отырсыздар. Қарап отырсам, «Атамұра» 150-ден астам қазақ жазушысының кітабын тегін жарыққа шығарған екен. Қазіргі заманда кім бұлай жасайды? Бұл – өз ұлтына деген сүйіспеншілік пен құрметтің нағыз көрінісі. Баспа 1,5 млн тиражбен түрлі кітап шығарып отыр. 2000 жылдан кейінгі буынның барлығы да «Атамұра» шығарған оқулықтармен білім алып, тәрбиеленді. Сөз жоқ, бұл – үлкен еңбек. Қазір екінің бірі «Қазақстанда ұлттық идеология жоқ» деп айтуға әуес. Ал, шын мәнінде, оны нақты ісімен жүзеге асырып, ұлт руханиятын жүйелі түрде насихаттап келе жатқан ұжым  –  «Атамұра» баспасы дер едім»,– деді ол.

Марат Байділдәұлы «Жылдың үздік баспасын» халық таңдағанын ерекше атап өтті. 

«Көпшілікке белгілі «Нобель» сыйлығы – қоғамдық марапат. Сол сияқты біз ұсынып отырған «Жылдың үздік баспасы» атағы да халықтың таңдауы арқылы беріледі. Бұл – оқырманның сенімі мен құрметінің айғағы»,- деп толықтырды кеңес төрағасы.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлына ұлт руханияты мен баспа ісіне қосқан айрықша еңбегі үшін «Ұлт қайраткері» медалі салтанатты түрде табысталды. Өз сөзінде Марат Байділдәұлы бұл  марапаттың ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына үлес қосқан зиялы қауым өкілдеріне деген құрметтің жарқын көрінісі екенін мәлімдеді. Одан бөлек, ол Рақымғали Абрарұлының ұзақ жылдар бойы баспа ісін дамыту жолында қажырлы еңбек еткенін, қазақ оқырманына арналған мыңдаған құнды еңбектің жарық көруіне жетекші болғанын атап өтті.



Өз кезегінде корпорация президенті бұл марапаттың мәні ерекше екенін айтты.

«Бұл – менің ғана емес, бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға. Біз бірігіп, білім саласындағы талай биікті бағындырып келеміз. Алда атқарар жұмыстарымыз әлі де көп. Айта кетерлігі, ешқашан мәдениет саласындағы бірде-бір тендерге қатысқан емеспіз. Осы күнге дейін өз күшімізбен, өз қаржымызбен алға жылжып келеміз. Бұл – біздің ұжымның табандылығы мен адалдығының айғағы», – деді Рақымғали Абрарұлы.

Еске салайық, 23 сәуірде «Атамұра» Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық іс-шарада «Үздік баспа» атағына ие болған еді.

«Атамұра» – Қазақстандағы ең ірі әрі беделді баспа корпорацияларының бірі. 1992 жылы 4 ақпанда құрылған бұл ұйым тәуелсіз еліміздің рухани өсуімен бірге қалыптасып, бүгінде жиырмадан астам кәсіпорынды біріктірген ірі холдингке айналды. Бүгінде «Атамұра» жыл сайын 1,5 миллионнан астам кітап пен 50 миллиондай полиграфиялық өнім шығара отырып, еліміздің барлық өңірінде орналасқан 40-тан аса кітап үйі арқылы оқырманмен тікелей байланыс орнатып отыр.

Баспа – тек оқулықтар мен энциклопедиялардың ғана емес, көркем әдебиет пен ғылыми еңбектердің де сенімді баспагері. «Абай», «Астана», «Мұхтар Әуезов» секілді энциклопедиялар мен «Атамұра кітапханасы» сериясымен жарық көрген жүздеген туындылар – соның дәлелі. Халықаралық және отандық марапаттардың иегері атанған «Атамұра»  сапа мен руханиятты басты құндылық еткен ұлттық бренд екенін атап өткен жөн.

Комментарии