Қытайдың Тарбағатай аймағынан атпен сапарға шыққан жұбайлар – Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы Астанаға жетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Олар Тарбағатай аймағына қарасты Сауан ауданынан 8 тамыз күні аттанған. 74 күн бойы ат үстінде болған қос саяхатшы қазақтың кең даласын басып өтіп, Сарыарқа төріне жетті. Жалпы жүріп өткен жол қашықтығы 2 500 шақырымнан асады.
"Ойға алған үлкен арманымыз орындалды. Бұл сапар – өмірімізде өшпестей ерекше естелік болып қалады", - дейді олар.
Саяхатшылар ұзақ жолдағы қиындықты елдің ыстық ықыласы мен мейірімі жеңілдеткенін айтады. Жол бойында әр өңірдің тұрғындары көмек көрсетіп, азық-түлік пен демеу ұсынған.
Күтіп алу рәсімі барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері жас жұбайларға арнайы төсбелгі мен алғыс хат табыс етті.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл сапарды «қазақ халқының бірлігі мен ынтымағын дәріптеген ерекше оқиға» деп бағалады.
"Қуанбек пен Жайна қазақ еліне деген сағынышын ат үстінде жеткізді. Бұл сапар ұлтымыздың береке-бірлігін айқындаған рухани дүбірге айналды", - деді ол.
Айта кетерлігі Қуанбек пен Жайнаның бұл алғашқы алыс сапары емес. 2021 жылы олар Шыңжаңнан Бейжіңге дейін 4 000 шақырымды атпен жүріп өткен.