Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон әлемдік қауымдастықты мұздықтардың еруі және теңіз бен мұхит экожүйесінің нашарлауына назар аударуға шақырды. Бұл туралы ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол бүгінде Тәжікстандағы 14 мың мұздықтың 1300-ден астамы жойылып кеткенін жеткізді. Айтуынша, еру процесі жылдан-жылға күшейіп жатыр. Ал мұздықтар мен өзге де су көздері Орталық Азиядағы су ресурстарының 60%-ын құрайды.
«Біз адамзаттың өмір көзі – суға қатысты мәселелерді шешуде бейжай қалмауымыз керек», – деді Рахмон.
Ол осы саладағы Тәжікстан әзірлеген бастамалар мен практикалық шараларға назар аударып, мүдделі мемлекеттерді келесі жылы өтетін «Душанбелік су процесіне» белсенді қатысуға шақырды.
Одан бөлек, Тәжікстан басшысы даулар мен қақтығыстарды саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін атап өтті. Ол Палестина дағдарысын еңсеру және Таяу Шығыста бейбітшілік орнату тек БҰҰ қарарлары мен «екі мемлекет» қағидасын орындау арқылы мүмкін болатынын айтты. Сондай-ақ Рахмон Газа секторында атысты дереу тоқтатуға және жергілікті халықты гуманитарлық көмектен тыс қалдырмауға шақырды.
Президент Ауғанстандағы бейбітшілік, тұрақтылық, қауіпсіздік пен әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етудің маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық технологияларды жедел енгізу және жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану Тұрақты даму мақсаттарына жетуде, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі саналатын киберқауіпсіздікті нығайтуда үлкен рөл атқара алады. Бұл салада БҰҰ құрылымдары, әсіресе Терроризмге қарсы басқарма, мүше мемлекеттерге қолдауды күшейтуі қажет.
Сондай-ақ Рахмон ірі және шағын мемлекеттердің тең құқықтарын қамтамасыз ету – жаһандық ынтымақтастықтың басты қадамдарының бірі екенін айтты. Ол дамушы елдердің, әсіресе таулы аймақтарда орналасқан және теңізге шыға алмайтын мемлекеттердің күрделі жағдайын ескеріп, олардың тұрақты дамуын қаржыландыру мен қаржы көздеріне қол жеткізуіне жағдай жасауға шақырды.
Постоянная комиссия Акмолинского областного маслихата по вопросам экономики и бюджета рассмотрела проблемы Степногорской многопрофильной городской больницы