Оралдықтар Ата заңның 30 жылдығын кең көлемде атап өтті

1887
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iNPgJLFCQNHivM1qPVY1c2OEb7rWIJoBNCFaIPci.jpg

Конституцияның 30 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Облыста осы атаулы күнге орай жүздеген шара ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Конституцияның 30 жылдығы: қоғамның құқықтық мәдениетінің қалыптасуы» атты ғылыми-практикалық конференция. Оған аймақтың зиялы қауым өкілдері, заңгерлер, ғалымдар мен тарихшылар, мәслихат депутаттары және белсенді жастар қатысты.

Жиында Конституцияның тарихи маңызы, қоғамдағы құқықтық сана мен заң үстемдігін нығайту жолдары кеңінен сөз болды. Қатысушылар бұл күннің еліміз үшін мән-маңызын кеңінен толғады. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары мерейтой қарсаңында жаңа көлік мінді.



Конституция күні қарсаңында Батыс Қазақстанда «Конституцияның 30 жылдығы: қоғамның құқықтық мәдениетінің қалыптасуы» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Жиын барысында қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы Ата Заңның рөлі кеңінен талқыланды.

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, облыс прокурорының міндетін атқарушы Дәурен Омарғалиев, сондай-ақ белгілі заңгер, Калифорния университетінің түлегі, Мақсот Нәрікбаев атындағы университеттің оқытушысы Рамазан Көкжалов және өзге де сала мамандары қатысты. Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев бұл күннің еліміз үшін маңыздылығына тоқталды. - Қазақ халқының заңға деген құрметін тереңірек түсіндіруге болады. Өткен ғасырларда да қазақ қоғамында жалпы қабылданған әдет-ғұрып заңдары, яғни «Жеті жарғы» сияқты ұстанымдар арқылы адамдар арасындағы қатынастар реттеліп, әркімнің өз құқығы мен міндетін түсінген. Қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесінде тәртіп пен әділеттілік басты орын алған. Әрбір адамның қоғамдағы орны мен жауапкершілігі анық болған.

Мысалы, «құн» жүйесі, «қазылар» институты мен «қарыз» деген ұғымдар қазақ қоғамының заңға деген сенімін білдірді. Мұндай түсініктер адамгершілік құндылықтарды, адалдықты, әділдікті алдыңғы қатарға қойған. Ата-бабаларымыздың ұрпаққа берген тәрбие негізі осы заңдар мен ұстанымдарға құрмет көрсетуге бағытталған болатын. Сондықтан да қазақтың әрбір өсиет сөзінде, мақал-мәтелінде тәртіп пен заңға деген сенім мен құрмет сақталып келеді. Мысалы, «Адал бол, арлы бол, әділ бол» деген сөздер ұрпақты тек өз құқықтарын ғана емес, өзгелердің құқықтарын да құрметтеуге үйреткен. Ал «Бір ағаштың екі бұтағы болмайды» деп, қазақ халқы қоғамдағы бірлікті, татулықты және әр адамның рөлін өз орнында түсінуді насихаттаған. Қазіргі қоғамда да, осы ұстанымдарды сақтай отырып, біз әділ заңдарды құрметтеп, оны жүзеге асыруға тиісіміз. Бұл біздің ұлтымыздың рухани дәстүрін сақтап, болашаққа бағдар жасауымыздың негізі болмақ, – деді аймақ басшысының орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында төл Конституция алты рет өзгертілді. Мамандар мұны еліміздің басты заңы заман талабына сай болуы керектігімен түсіндіреді. Қазір бұл құжат дамыған демократиялық елдердің Ата Заңымен тең деңгейде. Ең бастысы, мұндай сұраныстың өзі негізгі заңның қолданыста екенін, оған сенім барының дәлелі. Заңгер Рамазан Көкжалов соңғы он жылда елдегі құқықтық мәдениеттің елеулі түрде жақсарғанын нақты деректермен дәлелдеді. Оның айтуынша, соңғы он жылда құқықтық мәдениет айтарлықтай өзгерді. Мысалы, 2014 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта қылмыс деңгейінің төмендеуі – осы құжат қабылданғаннан кейінгі жеткен жетістік. - Дүниенің дамыған мемлекеттерін қарасақ, мысалы Америка Құрама Штаттары. Ол жақта Конституция 239 жылда 20-дан аса өзгерсе, басқа мемлекеттерде 15 түрлі Конституция болды дейді. Конституцияға егер өзгеріс енгізу сұранысы болса, бұл деген Конституция қолданылып жатыр деген сөз. Бұл өте позитивті, бұл өте жақсы көрсеткіш, – деді алқалы жиында заңгер Рамазан Көкжалов.



Айта кеткен жөн, бұл күні полицейлерге жаңа қызметтік көліктің кілті тапсырылды. Сонымен қатар, осы мерекеге орай құрметке лайық деп танылған бірқатар саланың мамандары марапатталды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев атап өткендей, бейбіт күнде тыныш өмір сүру бұл қабылданған заңның мәртебесінің биіктігі, халықтың заңға деген тәртіпке бағынуы.-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл біздің қанымызға сіңген қасиет. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, әз Тәукенің "Жеті Жарғысын" Ұлы даланың Конституциясы деуге болады. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған деп айтқан болатын, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Мереке қарсаңында Бәйтерек пен Казталов аудандарында екі жаңа мектептің ашылуы жоспарланып отыр.


Айнұр ТӨЛЕУҒАЛИҚЫЗЫ

Комментарии