«Тілін менсінбеген өз «қара орысың» өзгеге құл болады»

3476
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HiJnaTxwcVkyBxABrnvhldfm1BiiiqiVQlYP4x7t.webp

«Мен неге өз елімде, өзімнің Қазақстанымда тұрып өз тілімді таңдауға мәжбүрмін? Бейшаралық қой. Мысалы, банкоматтан ақша алар кезді қарайық. Бәрінде бір ғана тіл - қазақ тілі неге тұрмайды. Өз жерімде!»— дейді бір бауырым. Көшедегі атаулар мен жарнамалар ала-құла, орыс тілі үстем тұр, ағылшын тілі де аттандап… Ал қазақ тілі қате-қате күйі елеусіздеу! Солайы солай ғой өзі!

Апамның айтқаны есімде тұрады. Ол былай деген: «Өзге ұлттың ұл-қызына телеарналарда жаңалықтарды жүргізуді беріп қойдық. Сол бір сәнге айналғандай болды тіпті. Кез келген шетелдігің, ол міндетті түрде ағылшын болмай-ақ қойсын, іргедегі қырғыз бен өзбектің өкілі қонақүйлердің біріне тоқтап, ермек етіп теледидарды қосып қарайтын болса, жаңалықтардың өзге ұлтты жүргізушісін көргенде ең бірінші ойына не келер еді? «Қазақ дейтін ұлттың бет-бейнесі, түр-келбеті осындай ма? Осы ма?»

Сендерді қайдам, апам осылай дегенде анаааау төбемнен бастап жотама дейін тоқ соққандай әлдебір діріл жүріп, жүректі солқ еткізген. Біз сорлы өзіміздің түрімізді де көрсете алмайды екенбіз-ау, ә!

"Өзге ұлттың баласы қазақшаға жетік деп қуанудың керегі не? Несіне жетісесің? Мәжбүрлеудің қажеті не оларды",— дейді  тағы да сол апам! Сұрақ қою қайда, “негені” айтпаған күйі таңғалып қарадым. Ол болса: "Ертең сорлағанда өз тілін менсінбеген өз “қара орысың” құл болады өзгеге! Содан кейін сенің тіліңде сайрап тұрған Надя апаңа, анау Бельгер марқұмға саналы деген қазақ  “орыс болсаңыз да”, “неміс болсаңыз да” дегенді айтып өмір бойы көзіне шұқып келді ғой. Сонда бірі - орыс, енді бірі - неміс боп туғанына жазықты ма еді? Не сөз анау? Жоқ, әлде сенің тіліңде сөйлейтіні үшін кінәлі ме?"–деген.

Ал! Нысанаға дөп тиген уәжге не айтасың? Шынында да, өресі ең төмен журналистің айтатын сөзі ғой анау. Қазір Асылы апама солай дейтіндері көп. Надя апа… Түу, көөөөп болды қалын сұрамағалы… “Қара орыс”, “құл”, апам не айтып кетті? Өзіне де кезінде атасы “ақыл аялдайтын жерің болса…” дегендей, менде ақыл аялдайтын жер болса… Ееее, түсіндім! Біздің Ата Заңда ел президенті міндетті түрде қазақ ұлтынан болсын деген сөз жоқ-ау! Мемлекеттік тілде сөйлейтін Қазақстанның кез келген  азаматының президенттікке үміткер болуға құқы бар делінген сияқты. Қойшы, ар жағын ойлағым келмейді. Арқамды қара тер басып кетті!! Сенікін де ме! Бассын! Одан басқа не қалды?

… Түрлі концерттік кештер, мемлекеттік мерекелер барысында өтетін концерттер, ойбай-ау, оны айтасың күні кеше өткен мұғалімдердің Тамыз кеңесі… Бір орыс пен бір қазақ жүргізуші болған да сән ғой бізде. КХА-сы бар көпұлтты мемлекетпіз. Өте дұрыс. Тату-тәтті болғанға не жетсін! Құзғын емеспіз! Бірақ… Құрып кеткір-ай, ондайда қазақ неге орысша мәтінін алып сайрайды? Ұйымдастырушылар кінәлі шығар, ал ана қазақ ше? “Әй, миды ашытпа, өз жерім, өз елім, өз сахнамда тұрып орысша сөйлеп мені құдай атып па? Гонорарыңа рақмет, бірақ қазақтың баласымын, орысшасын жүргізбеймін”, - десе не кедергі? Сондықтан орыс класын аш дегені несі, аулада неге қазақ баласы орысша сөйлейді дегенді айта бермеңдерші иә. Үй ішінен аспайтын көженамысың кімге керек? Солай!

Айгүл Болатханқызы

 

Комментарии