Сенаттағы “жын”. Мұрнын шүйірген шенеунік тағы да кешірім сұрай ма?

1738
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Hd8xW8HpD3LXMbR4L7q2qulQEAe7zxw82Ow7xuaz.jpg

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сенат отырысының брифингінде BES.media журналисі министрліктің мәліметі бойынша 200 млрд теңгеден астам салықты бюджетке төлемеген компанияға қатысты сұрақ қойды. Серік Жұманғарин ол компанияның атын атаудан бас тартып, журналистер ортасынан мұрнын шүйіріп өтіп, залдан шығып кетті. Одан кейін қойылған қосымша сұрақтар да жауапсыз қалды.

Бұған дейін жоғары шенді шенеунік АХҚО кесірінен миллиардтаған салық төленбейтінін айтқан еді.

«Біз салықты жоғалтып жатырмыз, өйткені АХҚО Қазақстандағы қандай да бір қосымша оффшорға айналуы мүмкін. Мен нақты кәсіпорындарды атамай-ақ қояйын, бірақ солардың бірі бас кеңсесін холдинг арқылы сол жерге көшірген. Соның салдарынан біз КТС пен ҚҚС салықтарынан 200 миллиардтан астам шығынға ұшырадық»,–деді ол.

Еске салайық, ақпан айында Серік Жұманғарин қосылған құн салығын көтеру жайлы бастаманың авторын атаудан бас тартып, мәселені жабуды сұраған болатын. Журналистердің сұрағына ол  «Оны не істейсіз?» деп қарсы сауал қойған.

Ал 2024 жылдың қазанында Үкімет брифингінде Жұманғаринге «Премьер-министр болғыңыз келе ме?» деген сұрақ қойылды. Министр бұл сұраққа да жауап беруден бас тартты.

Жұманғарин Ұлттық экономика министрінің орынбасары лауазымында болған кезде де сынға ұшыраған болатын. Ол 2019 жылы тарифтер жайлы қойған журналистердің сұрағына «Жынымды келтірмеші» деп жауап қатқан. Кейін шенеунік бұл сөзі үшін БАҚ өкілдерінен кешірім сұрады.

Комментарии