Шымкентте 1 айда 14 мың метр квадрат асфальт төселді

3557
Adyrna.kz Telegram

Үшінші мегаполисте жолдарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұған жауапты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бірінші кезекте, магистральді көшелерді күтіп-ұстау жұмыстары орындалуда. Кешенді жоспар аясында ауа райының қолайлы сәттерінде ағымдағы жөндеу жүргізіліп, ой-шұңқырлар жамалған.

– Бүгінгі таңға дейін мердігер мекемелер өз міндеттерін тиісті кестемен орындауда. Жалпы көлемі 14 000 метр квадрат көлемдегі жол жабыны қалпына келтірілді. Ол жұмыстар аяқталған соң, екінші кезекте, елдімекендердегі ішкі орам көшелерін ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Ол жұмыстар маусым айынан басталады деп жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы Ержан Жолдасов.

Жөнделіп жатқан магистральді көшелердің жалпы саны – 41. Оның ішінде ең көбі қаланың орталық ауданы саналатын Әл-Фараби ауданында орналасқан – 19 көше. Бұған қоса Абай ауданы бойынша – 9 көше, Еңбекші ауданында – 8, ал Қаратау ауданында 5 көше жөнделді.

Жауапты мамандардың айтуынша, қаладағы жолдарды күтіп-ұстау мақсатында ағымдағы жөндеумен қатар күрделі жөндеу жұмыстары да жалғасады.

"Адырна" ұлттық порталы

Комментарии