Дүниеге жаңа үлгілі жыршы келді: үні — саф, өзі — саңлақ, мақамы — алтын!

332
Өткенде маған "Алатау" ән-күй театрында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен "Ұлы Дала елі" атты жыршылар фестивалінің көрермені болу бақыты бұйырды. Шынтуайтында, жан жадыратар жақсы кештің көрермені һәм сол кеште үстіміздегі дәуірге ескінің сөзін жеткізер нышанды өнерпаздың дүниеге келген сәтінің куәсі болу – бақыт әрі зор ғанибет емес пе?! Желтоқсанның 9-ы күні күні тап сондай ғажайып оқиға болды. Басынан бастап рет-ретімен баяндайын, ендеше.
Атақты Сыр сүлейі, атайы жыршы Алмас Алматовтың өзі тізгінін ұстаған жыр кешінің қызықсыз болуға қақы жоқ сірә – көрермен біткен қай-қайдағымыз қозып, қаперсіз қиқуласып отырғанбыз. Жыршылық өнердің небір мен атайын сен тұр саңлақтары жиылған дүбірлі кеш шынында да көңіліміздің хошын келтіріп, аз уақыттың ішінде алабөтен күй кешкізіп қойған-ды. Атап айтқанда, осынау кеште: Амандық Көмеков, Аманқос Садықов, Сәуле Жәмпейісова, Ұлжан Байбосынова, Елікбай Исаев, Эльмира Жаңабергенова, Жәкен Омаров, Ерболат Шалдыбеков, Абай Наурызбеков, Ерлан Рысқали, Мақпал Тоқтаған, Әйгерім Ешбаева, Сәбит Шектібаев, Нұрым Асқанов, Армат Ісләмғалиев сынды кіл жылжыған жорға, жылмиған жүйріктер әліне қарай шауып, бабына қарай көсіліп, бағына қарай есіліп һәм шешіліп жатқан-ды... Десек те бұл күннің ешкім күтпеген сенсациясы соңында екенін кім болжаған?! Осы жазбамды да жаздырып қойған сол болжаусыз сәттің қүдыреті ғой.
... Жыр кеші аяқталуға таялды-ау деген кезде Алмас Алматов ағамыз жас жыршыларды тосын хабарлаған. Іле сахнаға көтерілген төрт оқушының бірі домбырасын баппен қағып, бір боздауық жырды жаралы қудай ыңыранта нәштеп бастай берген. Ішін тартып тұрып кенет соғатын даланың дүлей дауылы секілді – мына аңызақ жыр да сақара төсінде түс ауа басталған құмның қызыл желіндей бірте-бірте қарқын алып үдей берді; төңіректі түйдек-түйдек сөздің қорғасын бұлты тұтас торлап, айналаны тегіс тұмшалай қаптай түсті; сөз боранының астында қалған ғапыл дүние сәлден соң үркіншілікке ұшырап аласапыран кешкен үрейлі елдей әлдеқайда маңып, дүрлігісе көше бастаған. Бір сұмдықтың боларын түйсінгендіктен болар тәрізі – бұл пақырыңыз да бойын жиып, бәймәлім сәтті қарсылауға тастүйін бекіне түскен.
Әлқисса, бұған шейін шадыман күй кешіп, шаттық көңілде отырған едім. Себебі мынандай заманда мұндай жыр кешінің өтіп жатқанының өзі зор олжа – дәтке қуат, көңілге медеу ғой. Жасыратыны жоқ, таза қазақы сипатта, домбыра үні еркін күмбірлеген өнер кеші өтсе, ақ түйенің қарны жарылғандай ебіл-дебіл қуанатынымыз рас қой. Өстіп масайрап отырғанымда әлгі қағілез қаршадай қыз қаперсіз әлеуметке тұтқиыл тиіп, жойқын жырды жұртшылыққа қарай жүйрік аттың басындай қоя берген. Бастап әкетіп барады, ұзай түсіп кетіп барады, көтеріліп барады,, салтанат құрып барады, шығандап барады. Ол шығандаған сайын апшымыз қуырыла, айылымызды жия түстік. Әлгіндегі көтеріңкі көңіл күйден жұрнақ та қалмаған – біреу тік көтеріп әкеткендей – ізім-қайым жоғалған.
Мәз көңіл әуелі көшкен елдің жұртындай құлазыған. Осылай құлазыған қам көңілді ізінше әлдеқайдан лықсып келіп қапагөй шер толқытты. "Беу!" деген жарықшақ үн де шығып кетті сол сәт кеудемнен. Қаршадай қыз қарағай домбырасын үзбей бебеулеткен күйі сәт сайын аршындай шапқан арғымақтай үнін өктем алып өктей берген, өктей берген. Жыр өктеген сайын дүние дидары қуқыл тартып, тынысы тарылған сұм жалғанның бейопа болмысқа жасырынған өткінші бейнесі суы қашқан теңіздің сүреңсіз, сұрқай табанындай сазара аңғарыла бастаған. Бір сұмдықтың болатыны шүбәсіз еді. Бұған дейін бастау мен бел сағаның арасына кезек шиырлай өрнек салған қаршадай қыз кенет үн қуатын нуға бұққан жолбарыстай жыма беріп, қыл сағаға қарай ышқына шапшыған. Күткен сұмдық осылайша, жарқ еткен жай отындай сұрапыл үнмен мәлім етілді. Сол сәт дүние жанартау жарылғандай астан-кестен болып кетті дегейсің.
ФБ парақшама түсірген сәтімде ғана сезініп отырмын, бұл ғажапты жеткізе жазуға ойым дөкір, тілім қысқа болып шықты. Не де болса жалпақ тілмен баяндай берейін, шынында да, сонау есте жоқ ескі заманды көңіл түкпірімізде алтын сарайдай жаңғыртқан бұл бұла дауыс қазақтың мың жылдық баянын қас қағымға сыйдырған аса бір қастерлі үн еді. Көк Тәңірге арзу арман айтқандай шамырқана шапшыған үн бірден ішімді қарып өтті, қарып өткен қуатты қызғын – көздің жасы бұрқ еткізген. Шіркін-ай десеңші, айыбы, тек домбыраның шанағы мен жыршының тамағында ғана қалды демесең – бұл қазақтық дегенді қойсаңшы! Дүниеде қазақтықты сезіну ләззатына рахат атаулы жеткен бе?! Десек те қазақтықты сезінудің ғажабы мен азабы екібастан тең. Екеуі – жан сарайыңа қатар тартылған домбыраның қос ішегі іспеттті – кейде шаттық күймен, кейде мұң қайғы аралас шермен дертіп, Абай айтқан махаббат пен ғадауат майдандасқан тар кеудеңде алуан үнмен тынымсыз күмбірлеп тұрады емес пе!
Осылайша, бұған дейін дегдар даусын бас перне пен көсем пернелердің арасындағы даңғыл кеңістікке еркін сырғанатқан қаршадай қыздың үні еңірелі мен шешен пернелерді алма-кезек көктей кезіп келіп, бір сәт шағырмақ пернеге шаянша шаншылғанда о, тоба, күллі дүниені көз алдымызға шыңғыртып алып келген.
Расында өмірдің өткіншілігін, жалғанның опасыздығын, ғұмырдың өкінішін екі ішек қу тақтайын тылсымның тілінде сөйлеткен қас өнерпаздан артық кім паш ете алмақ?! "Музыка – ақиқаттан жоғары", – дейді Иоганн Себастьян Бах. Ұлы композитордың бұл сөзінің ақтығын қарағай домбырасын алдына қастерлей өңгерген өндір дауыс қаршадай қыз өзінің кіршік шалмаған пәк үнімен қуаттауда һәм растауда. Бұл қастерлі үнде не жоқ дейсің? Әлемге әйгілі қылқалам шеберлерінің бір халықтың тағдырын бір полотноға тұтастай бейнелегенін көргендеріңіз бар шығар, ал бір ұлттың күллі болмысын бір пернеге (нотаға) сыйдырып жіберген мұндай ішті өнерпаз ілуде біреу-ақ болар, сірә?! Болған күнде де қызылды-жасыл сауығы мен мауығы көз бен көңілді қатар алдап, арбаған мынау даңғаза заманда қайсымыз мұны көріп, біліп бағамдай алғандаймыз? Қазақтың көкірек көзі ашық, көңілі ояу болған заман болса – келмеске кеткен. Екі ғасырлық орыстың отаршылдығы, кейінгі жетпіс жылдық советтік кезең, соңғы отыз жыл бойы тежеусіз дәуірлеген тобырлық мәдениет пен діни түнек қазақтың өзін өзі тану, қадірлеу, тіпті сақтау түйсігін жойып, өз болмысынан жерітіп жіберді емес пе?
Түбінде, көкірек көзі жабылып, рухани көр соқыр боп қалған халықтар тарих сахнасынан кетіп тынбақ Кәрі тарих осылай дейді. Мәселен, қазір әлемде 6700-дей тіл болса, (Бұрын тіпті көп болған) соның әрбір 14 күн сайын біреуі өледі екен. Егер осы қарқынмен жойыла берсе, алдағы 260 жыл ішінде күллі тіл атаулы құрып бітпек. Соны технологияға негізделген соңғы ғылыми зерттеулер осылай дейді. Тек ағылшын тілі сияқты бірнеше халықаралық тілдер қалмақ. Бұл – сұмдық үкім енді.
Ал, енді, халықтың көкірек көзі қалай қараңғыланбақ, қайтіп бітелмек? Сөйтсек тілі мен ділі өлер халықтың алдымен өнерпазы құрып бітеді екен. Яғни төлтума өнері азған не жойылар халықтардың әуелі өнерпазы қазаға ұшырайды, дәлірегі – ұшыратады. Өйткені өнер-білімі күшті жұрттар қашанда әлсіз нәсілдерді жем қылады. Адам – адамға – қасқыр. Бұл – адамзат баласының ақырдың күніне дейін тіршілік ету формуласы. Адамзат жаралғалы осы жыртқыштық қағидамен тіршілік етіп келеді. Ал аруақты ері, арқалы өнерпазы бар жұрттар төтен тиген бір бейдауа замана зауалына тап келмесе ешкімге тегіннен тегін олжа болмақ емес. Өйткені оның күрескер жүректерге от, жүдеген рухқа қайрат берер өнерпазы бар. Сондықтан үстем милеттер бір жұрттың түбіне жету үшін алдымен оның ұлттық өнерпазын шырғалайды. Бүгінгінің тілімен айтсақ радикалды діни ағымдарға кіргізеді, санасын жат мәдениетпен әсіресе тобырлық музыкалық ағымдармен улайды; наша мен апиынға отырғызады, көгілдірге айналдырады, тіпті өлтіріп жіберуі де ықтимал. Сонымен қатар, бір мезгілде жалған, залым ғалымдарға жел (билік, атақ) беріп, нағыз ғалымдар мен арлы парасат иелерін қор һәм қайыршы етеді. Бұл – өлімге бұйырылған ұлттың басына төнген зауалдың алғашқы нышандары.Тегінде аз ұлттардың халықтық өнерпазына жау көп, дұшпандық жақын – елі мен үйінің іргесіне келіп, белсеніп тұрады. Өйткені көшелі өнерпаз ұлттық құндылықтарды арқалаушы (носитель). Өнерпаздың өзі мұны білмеуі де мүмкін. Бірақ халық Ана мұндай өнерпазын өзі туғызады; танушы да, сақтаушы да өзі. Ал азған ұлттың бойында бұл қасиеттер бірте-бірте түгесіліп тынбақ. Ақырында кісілік болмысынан, салт-дәстүр, ой-санасынан айырылған халық жойылуға бет алмақ. Өкініштісі – қазақ қоғамында түрлі шетелдік экспансияларға негізделген кері идеологиялық қитұрқы саясат өте астыртын әрі асқан жымысқылықпен жүріп жатыр, тіпті белең алып барады. Мұны шетелдік алпауыт күштердің қаржысына құныққан өз ішімізден шыққан жансыздар шебер атқаруда. (Арғы жылдары Ақ Орда ішінен ұсталған жансыздарды есімізге аламыз. Ұсталмай тайраңдап жүргені қаншама?)
Анығында кез келген ұлт – тобырлық музыка мен жат мәдениеттердің ықпалына ұзақ түсіп, шетелдік түрлі мәдени-рухани һәм діни экспансияларға жойдасыз әрі үздіксіз ұшырар болса – мұның соңы ұлттың өзін-өзі өгейсінуіне, жатсынуына әкеліп соқпақ. Яғни мұндай ұлт өзінің тарихы мен мәдениетін тәрк етіп, ұлы тұлғалары мен жақсыларын мойындамайтын, төлтума өнерін түсінбейтін, тіпті ұққысы келмейтін, ең сорақысы – халықтық дүниетанымнан бейхабар, ұлтының арман аңсарын сезіне алмайтын надан көпшілікке (масса) айналмақ. Тағы да қауіп ете әрі дабыл қаға айтамыз – қазақ халқы осындай қор ұлтқа айналу процесін бастан кешуде..Өйткені қазақ –төл өнерін, ән-күйі мен жырын түсінуден, ұғынудан қалып барады. Себеп – жоғарыда баяндағанымыздай. Ал ұлттың төлтума өнері оның рухани бағдар сағаты (компасы) іспетті. Рухани бағдарынан айырылған халық өз кіндігінен (ось) тайып кеткен аспан денелері секілді әуелі әлемдік мәдени кеңістікте лаға адасып, соңынан құрдымға жұтылмақ.
... Санамда осы тақылеттес суық ойлар сумаң-сумаң еткенімен бар зейінім қаршадай қыздың бозша үнінде еді. Дегенмен, өн бойын көненің сазы кернеген осынау ғажайып үн келешекке деген үмітімді оятты. Мұндайда есіңе қай-қайдағы түседі ғой, осыдан бір-екі жыл бұрын, қателеспесем, әнші Еркін Шүкіманнің бір қарақалпақ қызының жыр айтқан видеосын ФБ парақшасына жариялағаны алыстан маңып келіп жадыма орала берді. Ол да 15-16-лардағы жаңа бүр жарған қырмызы қызғалдақтай көкөрім жас еді. Шағын автобус көлігінің ішінде ойында дәнеңе жоқ аңыратып жыр айтып келе жатқан жас жыршының айналасы толы құрбы-құрдастары; олар да қастарындағы мына жауқазындай қыздың жауһар жырына елтіп келе жатқандай. Қыз – ертегі елінен келгендей сұлу еді, оны мұнша көркем етіп, Ай жүзін нұр жайнатқан – жұпар жырдың көркі болар бәлкім. Расында қыздың үні өзінен өткен сұлу ма – дерсің? Дәлірегі – қыздың үні көнелігімен көрікті, ескілігімен есті еді. Танадай көзі жарқылдап, Тәңірдің сарынындай мақамды ғазалды үр қызының аузындай албыраған шие еріндерінен алқызыл гүлдей лекітіп, лақылдата төгіп келеді – қарақалпақтың қас сұлуы. Бұл көрініс мені қатты қайран қалдырды әрі тебірентті де. Мұндай жыршы қызы бар қарақалпақ халқы өлмейді екен дедім сонда мен кеудеме бек сенім ұялап.
Шынында да бұл сонша көне үн болғанымен, соншалықты жаңа дауыс еді. Бәлкім Көктегі ұлы аруақтар қамқор-дәргейіндегі халықтың төл үні тозғанда (дыбыстық-үндік идеалдар ескіргенде), жоғарыда айтқанымыздай, түрлі музыкалық экспансиялардың ықпалымен өз өнерін жатсына бастағанда, "Пірлердің бітсе демінен, шілтеннің тиіп шылауы", – деп Ақтамберді жырау айтпақшы, көне сазды жаңа үнмен жеткізетін ерек өнерпаздар тудыратын сияқты ма, қалай? Қарақалпақ қызының айтқан мейлінше әсерлі жырын тыңдағанымда осындай алабөтен ой-сезімдер иектеп, өзімді біраз қиял жетегіне ергізген едім. Оның сол бір арқалы жырын көп күндер бойы қайта-қайта тыңдап, несін айтасыз, ұзаққа дейін ғажайып ой-сезімдер кешіп жүрдім.
Енді міне, мына қаршадай қыз да өзінің сұрапыл үнімен тағы бір әлемет күй кешкізуде. Тегінде, тамырын тым тереңнен тартқан Маңғыстау (адай) жырлары сонау Оғыз заманынан бастау алады. Кейін, келе-келе, әсіресе Ноғайлы дәуірінде (Маңқыстау өңірінің Ноғайлы дәуірінің орталығы болғанын есімізге аламыз) елеулі тектоникалық өзгерістерге ұшырайды. Осы екі ұлы дәуірден соң түрлі заманалар ықпалымен үздіксіз сомдалған Адайдың ақеділ жырлары бүгінгі биігіне жеткен. Маңғыстау жырларындағы тереңдік пен кеңдік һәм биіктік әрі байырғылық кейін XIX бен XX ғасырдың басында өмір сүрген жыршылардың сонылылық сипат дарытуымен осы күнгі кемеліне келген. Маңғыстау жырларын тыңдағанда делбебіміздің қозатыны, қилы-қилы күй кешетініміз – сондықтан болса керек. Өйткені ол бар қазақтың генетикалық жады – түпкі ой-санасында сақталған ғой.
Қаршадай қыз берен жырды бебеулете төгіп отыр. Бұл қиял дегенді қойсаңшы, әсіресе жақсы жыр, сұлу ән, тәтті күй тыңдағанда шек болмай кетеді емес пе! Жаман айтпай, жақсы жоқ, айтпасыма болар емес, қаршадай қыздың құлақтан кіріп, бойды алған жауһар жыры сана түкпірімде үкілі үмітпен бірге уайым да ұялатты. Тегінде, уайым деген адамды құса қылатын кеселдің бірі ғой, әйтсе де "Уайым – ер қорғаны, есі барлық", – дейді Абай хәкім. Есті өнерге куә болғанда уанышпен қатар аракідік уайымға да қоса бөктіретіні несі екен? Сондағы санамды аяздай қарып өткен ойлар мынау еді: "Апыр-ай, мына жас жайнақтың келешегі мен көшелі өнерінің тағдыры не болмақ? Ертең бұл жас өскін бой жетеді, "Бидайдың барар жері диірмен" дегендей, бұл заманның бойында өнердің ұшқыны бар талапкерінің барар жері, түсер оқуы – консерватория, т.с.с. өнер ұстаханалары ғой. Әрине, ол өнер шыңдауға жақсы, бірақ музыкалық оқу орындарының зор кемшілігі – буыны қатып, өнерпаздық болмысы бекімеген жас талантты нотаның қасаң қазығына байлап, биялайға қараған қолбала құстай қор қылады-ау. Түп-тұқиянын батыс еуропалық музыка ілімінен тартатын сольфеджио сабағына салып, өнері өрбіген өрісінен адастырады-ау, сөйтіп далалық даралығынан айырмаса нетті?
Тағы бір қауіп – қазақ қоғамын қара құртша жайлап, кейінгі кезде өктем күшке ие болып алған әсіредіншілдер тұзағына түсіп кетпес пе екен, түссе үсті-басын хиджаппен тұмшалап, бойы еркін жетпей, қаптаған қаба сақалдардың бірінің тырнағына ілініп, мезгілінен бұрын арабтың өзіндей арзан бөзі – паранжа бүркеніп қор болып, жас ғұмыры көктей солып, өмірі өкси ме? Шынында да осылайша қор болған өнерпаз қыздар қаншама; домбырасын дінге айырбастап, өнерін тәрк етіп, жанары шыныкөзденіп, жат ағымдардың жетегінде кеткен өрен таланттар ше? Есеп жоқ қой. Ең сұмдығы –солардың құдай үйіп-төгіп берген өнері сұраусыз кетті емес пе? Ал олардың өнері халықтың қазынасы емес пе еді?
Мінеки, алаң көңілімді күпті етіп, ішімді сүңгі мұз жұтқандай мұздатқан осындай ойлар еді. Алайда ойым осы тұсқа келгенде қаршадай қыздың қуатты жыры ескен желдің соңғы лебіндей аз толқып барып басылып мәресіне жетті. Сол-ақ екен, "Алатаудың" ішін шапалақ үні көміп кетті. Көрермендер, ішінде мектеп оқушылары да баршылық-тын. (Орын толтыру үшін алып келген тәрізді) Әсіресе, солардың құдайы берді. Жаудан жылқы қайырғандай шапалақты аямай, екілене соғып жатыр. Бүгінгі кештің ең зор олжасы да осы еді. Қаршадай қыз замандастарының санасын осылайша оятып, жатсынып қалған бабалар үнімен қайта қауыштырды. Бұдан былай осы бес минуттық әсер – өнер ләззаты олардың жадында мәңгі сақталмақ. Тең құрбылары оларға ұлттық өнердің алтын қақпасын күтпеген жерден айқара ашып берді.
Жыр кешінің соңында осынау кештің ұйымдастырушысы, Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев толқи сөз алды. Әлгіндегі ағыл-тегіл әсерден арыла алмай тұрған ол сөзін: "Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас", – деп бастағанда шенеуніктердің қасаң, казённый сөздерінен әбден запы болған біз байғұс аузымызды ашып қалдық. Ғани – шешен сөйлеп кетті. Мұнысы маған сол мезет бағзы замандық бір аңызды жадыма оралтты.
Әлқисса, ертеде бір елдің зор патшасы басыбайлы шаштаразына жұма сайын шашын алдыртады екен. Бірде бір жорықта шашын алдырғалы шаштаразын келтіртіпті. Бірақ шашын алуға ыңғайланған шаштараз тосын мінез көрсетіп, айналсоқтай берді дейді. Кенет патшаның ту сыртынан орағыта беріп, лыпи қылпыған өткір ұстарасын иесінің тамағына тоса қалып: "Осы отырған жеріңде орып жіберейін бе", – деп зәрленіпті. Патша дана адам екен, дүрлігіскен күзетшілеріне басу айтып, сабырға шақырған ол шаштараздың аяғының астын қазуды бұйырыпты. Әлгілер жандәрмен қазып жібергенде, шаштараз басып тұрған жерден сопаң етіп ат басындай алтын шыға келді дейді. "Көрдіңдер ме, – депті сонда патша: – Мұны маған айбат шектіріп тұрған астындағы алтынның буы ғой. Ал мұны алтыннан ары алып кетіңдерші", – депті патша ентелей түскен уәзірлеріне. Патша пәрмені екі болған ба, шаштаразды аулақ алып кеткен екен, әлгі бейшара сүмірейіп шыға келсе керек. Ғани бауырымыздың шешен сөйлеп кеткен сәті осынау көне аңызды есіме түсірді. Шынында да халық өнері қымбат қазына ғой. Біз баға жетпес қазынаның үстінде тұрмыз. Бірақ біз оны шаштараз құрлы сезінбейміз. Сезсек – рухымыз әлдеқашан аспандап кеткен болар еді. Оның орнына тобырлық өнерпаздарды төбемізге шығарып тайраңдатып қойдық.Ұлттық өнерімізді – қиратушы күшке ие, келімсек, жат мәдениеттің табанына салып, құрбандыққа шалдық. Осынау жыр кешінің соңында жалғыз Ғани ғана емес, бәріміз де алтынның буы көтергендей алапат әсер алдық. Бұл әсерді сыйлаған әлгінде өксітіп жыр толғаған қаршадай ғана қагілез қыз еді.
Жыр кеші аяқталған сәтте лап қойған жұршылықпен бірге мен де сахнаға беттедім. Ойым – қаршадай қыздың дидарын жақыннан көріп, алғысымды айту.
Оны көпшіліктің ішінен жылдам тауып алдым. Өнеріне бір ауыз мадақ айтып, аты-жөнін сұрадым. Бәйгеден келген жүйріктей аңқылдап тұр екен:
– Аты-жөнім Жансұлу Әбдімәжит Сейлесханқызы, – деді ол: – Маңқыстаудан келдім.
– Нешінші класта оқисың?
– Сегізінші.
. Мен тағы да қошемет сөздер айттым.
– Кел, суретке түсейік, – дедім сол сәт бүгін үлкен сахнада тұсауы кесілген жас өнерпаз туралы жазуым керек деген ой санамда қылаң етіп.
– Түсейік, – деді ол жайбырақат тіл қатып. Алайда сахна сезіну бақытынан аптығы басылмағаны өрекпіген жүзінен сезіліп тұрды. Екеуміз суретке түстік.
...Бүл оқиғаны күн ұзатпай жазғым келген, бірақ қат-қабат тығыз шаруалар, ұзақ жол сапарлар бірінен соң бірі киіп кетіп жазуым кешеуілдей берді. Дегенмен сол күнгі әсерім әсте суыған жоқ, қайта алаң көңіліме маза бермей, оқтын-оқтын дегбірімді алумен болды. Ақыры бүгін жазып тәмам еттім, жас әрі көшелі өнерпаздың дүниеге келуінің сүйіншісі ретінде назарларыңызға ұсынудың сәті енді түсті.
Айтпақшы, сондағы Жансұлу жыршының айтқаны "Нұрымның насихат сөзі" еді...
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
өнертанушы.
Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket