Алпыстың алтын қақпасы

908
(Эссе)
Светқали алпысқа келді! Міне, дәл қазір ғана аттады алпыстың алтын қақпасынан. «Е, аттаса қайтеміз, не бопты?», – дерсіз. Дей беріңіз... Біз үшін бұл алпыс басқа алпыстан өзгерек. Ол биыл алпысқа келетіндердің көшін бастайды. Топ бастаған сөз серкесі қаңтардың бірінде туыпты. Кәдімгі Светқали Нұржан! Алаш алқалаған Айт-Ман! Ол алпысқа ақын бейнесінде ғана емес, абыз кейпінде келді. Абыз емей немене, сөз біледі, сөйлей біледі. Жұртты ұйыта алады. Соңынан ерте алады. Тереңнен толғайды, жүректен қозғайды. Әңгімесі әрлі, шежіресі шерлі...
Сонау жылы оқуға бірге түскенімізде он тоғыздағы өрендер едік. Ол кезде Есімханның ескі жолын білмедік, Қасымханның қасқа жолын көрмедік. Бірақ оның есесіне Алатаудың етегіндегі жылуы мол бесінші жатақхана мен сұлуы мол сегізінші жатақхананың арасында сайраған сара жолымыз жатар еді.
Бұл жолдың дақпырты Ұлы Жібек жолынан кем емес-ті. Сол жолдың бойымен күніге ары жүз қатынап, бері жүз қатынап Светқали сері дамылсыз жортып жүрер еді. Жай жортпайтын, жырлап жүріп жортатын. Біздің Светқалиға да осы жолдың тоғысы құт болды. Өйткені, ол да арғы-бергі арқалы ақындардың дәстүрінен жаңылмай, жылуды журфактан, сұлуды филфактан тапты.
Жын қуған журфак пен жыр қуған филфактың татулығындай тәтті қарым-қатынас еш жерде болмаған шығар. Еншілес екі отаудың тұрақты тұрғындарының арасынан қыл өтпейтін. Қыл өтсе де зорға өтетін шығар. Мұхтар Шахановтың әйгілі «12 – 3 = ?» деген балладасы естеріңізде болар. Сол толғауын Мұхаң былайша түйіндейтін:
Заңдылық – ол. Заңды бiлмеу – зор қайғы.
Егер, егер он екiден үштi алсақ,
Ештеңе де қалмайды.
...Мұны және жұмбақ санау – зор қайғы.
Сондықтан да он екiден ешқашан
Yштi алуға болмайды!
Сол балладаны желеу етіп, Мұхаңның өзін пародиялайтынбыз. «Екі жатақ ертеден-ақ егіз бе ең, Не қалады бесеуді алсақ сегізден?», – деп қабырғамыз сөгіле күйзелген боламыз. Әбден күйзеліп-күйзеліп алып, «Сол себепті ешқашан да сегізден, Бесті алуға болмайды!», – деп қабақты қатайтамыз. Бұл бесінші жатақхана мен сегізінші жатақхананы бір-бірінен мүлде ажыратуға болмайды» деген ойдың бедерлі баламасы-тұғын.
Светқали осы екі жатақхананың ортасында тел өскен ұл еді. Жүрген жеріне жыр төгіледі. Ол өлеңді жазған жоқ. Бағзы бір ақындар секілді өлең жазуға бекініп, шарт түйініп отырғанын көрмеппіз. Соған қарағанда оның өлең-толғаулары жазылмайды, керісінше, туады білем... Талай өлеңінің туғанына өзіміз де куәміз.
Бірінші курсқа түскен жылы Кеңсайға барып, Мұқағалидың бейітін ұзақ іздедік. Таптық. Қайтып келе жатып ол күбір-күбір етті. «Түкіріп сенің басыңа жұқана күйбің, Басына барып қайтсам ба, Мұқағалидың. Сұрар ол менен туды деп қай бота дарын, Әбубәкірін айтар ем, Байботаларын»... Сәл үнсіздіктен соң ойын қайта жалғайды. Немесе «Ұқтыра алмай келемін жырымды түк, Мұрын бітіп келеді, мұрын бітіп».., – деп басқа бір ойды сабақтап кетеді.
Жалпы, өлеңін өзгеше өреді. Өмірден озған атасымен қош айтысқанына дейін ешкімге ұқсамайды. Міне, оқып көріңіз. «Құладың шыңға біткен ерек шынар», – деп күңіренеді алдымен. Сосын күйзеле күңіреніп алып, «Өзімдей о дүниенің бір ұлына, Өзіңдей бір қара шал керек шығар», – деп жұбанады ол. Тағы бір өлеңін «Қазақтың қара шалы азайғанмен, Қазақтың ақындары азаймайды», – деп тебірене тұжырымдайды. Боз даланың поэзиялық пейзажын да ғаламат кейіптейді:
Бозторғай кезіп, боз дала төсін шарлаған,
Бесін намазын бұталар оқып сарнаған.
Боз тамақ, боздақ қарлығаштары қиқулап,
Боз мая өрістен ботасына әнін арнаған.
Бөкен сағымдар құлдырап кетті, тентегін,
Боз құйын болып билеп-ақ кетті ерке құм.
Бұл дала мендік сағыныш-жүрек сияқты,
Болмаспын, сірә, далама тартсам мен тегін!
Міне, бірінші курстың баласы осылай сілтеді қаламын. Жыл сайын өзі де өсті, өлеңі де өсті, өлеңіне қоса өресі де өсті. Бірақ ол Алатаудың етегін мекен етіп, күн ұзаққа жыр жазатын астаналық ақын болуды онша қаламады-ау деймін.
Бір күні «Көптен бері естімей сыңғырын жырдың, Алматыға сыя алмай шыңғырып жүрмін», – деді де өзінің Маңғыстауына тартып отырды. Сол кеткеннен мол кетті. Сонда жүріп баладан батагөйге, ақыннан абызға, абыздан аңызға айналды.
Светқали өзінің студент кезіндегі өлеңдерін кейінірек едәуір өңдеп-жөндеген сыңайлы. Дұрыс-ақ, есейе келе жыр-кестесінің кем-кетігін көбірек көрген шығар. Бірақ маған сол өлеңдер баяғы кедір-бұдырымен қымбат. Мен оның сол заманда жазған өлеңдерінің бәрін де әлі күнге дейін жатқа білем. Бүгін де еңселі кеңсенің ішінде жолыққан жас әріптесім Ербол Алшынбайға Светтің оншақты өлеңін тоқтаусыз оқып бердім. Ұмытпаппыз... Өйткені, бұл біздің дәуіріміздің өлеңдері, жастығымыздың куәсі. Жә, жетер...
Сонымен, алпыс... Анау жылы Тахауи Ақтанов алпысқа толғанда Зейнолла Қабдолов арнайы жазған мақаласын «Ал мынау алпыс...» деп тамсанып бастап еді. Сөз зергері айтқандай, бұл алпыстың да жөні бөлек. Үлгілі алпыс, ұлағатты алпыс. Төрдегі алпыс, тегеурінді алпыс, тағылымды алпыс... Бағалы алпыс... Ең бастысы, Барыс жылғы алпыс...
Міне, қазір ғана Светқали дос қақпыштай қатқан түйдей құрдасы Әнуарбек Әуелбек екеуі азу тісі ақсиған айбарлы Барыстың екі құлағынан ұстап Жаңа жылды ала кірді қазақ даласына! Туған күндеріңіз құтты болсын! Ғұмырлы болыңыздар, жігіттер!
Алпысқа келдіңіздер... 
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket