Министр Бибісара Асаубаеваны жеңісімен құттықтады

389

17 жастағы шахматшы Бибісара Асаубаева Польшада блицтен өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Оның бұл жеңісімен әлеуметтік желіде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рпйымқұлова құттықтады деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Құрметті Бибисара Ерханқызы! Сіз әлем шахматы тарихындағы ең жас әлем чемпионы атандыңыз! Сізді тамаша жеңісіңізбен құттықтаймын! 17 жасыңызда Сіз блицте жеңімпаз атанып, ересектер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеттіңіз. Бұл Қазақстан тарихында алғаш рет болып отыр.

Сіздің жеңістеріңіз үлкен таңданыс, құрмет және бүкілхалықтық махаббат тудырады! Сіз өз жетістіктеріңіз арқылы Отаныңыз - Қазақстан Республикасының даңқын асқақтаттыңыз! Сізге әлем біріншіліктерінде жаңа жеңістер тілеймін! Сізге мықты денсаулық, қуат, шыдамдылық тілеймін. Қазақтың даңқты қызының есімі әлем шахматының тарихына алтын әріптермен жазылсын!", — деп жазды министр.

Айта кету керек, бұған дейін қазақстандық спортшы классикалық шахматтан 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы, 7, 9 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ, жуырда 17 жасар Б.Асаубаева тамаша өнер көрсетіп, осы әлем чемпионаты аясында рапидтен (жылдам шахматтан) 2-орынды жеңіп алған болатын. 

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket