Фермерлер министрдің отставкаға кетуін талап етті

2763
Adyrna.kz Telegram

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев маңғыстаулық фермерлердің талабына жауап берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Бұған дейін КТК арнасы фермерлердің ауыл шаруашылығы министрлігіне аяқ астынан барғанын хабарлаған. Шенеуніктерге кездесу ұйымдастыруға тура келді. Сол жерде Маңғыстау облысынан келген Әділбек Сағындықов ауыл шаруашылығы министрі отставкаға кетуі керек деп мәлімдеді.

"Сіз ренжімеңіз, бірақ Маңғыстаудың халқы сізге өкпелі, жұмысыңызға көңілі толмай отыр. Аймағымызға қолдау қажет. Қыстың аяқталуына екі ай қалды. Одан аман шығуымыз екіталай. Былтырмен салыстырғанда Маңғыстауда малдың төрттен бір бөлігі ғана қалды. Қалғаны қырылды немесе Ақтөбе мен Оралға сатылып кетті", - дейді фермер.

Орталық коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында министр Ербол Қарашөкеев журналистерге сұхбат беріп, фермерлермен төрт сағат бойы жиналыс өткізгенін айтты. Сол жерде қолдау шаралары талқыланды.

"Мен - үкімет мүшесімен. Соған қарамастан, мені тағайындау немесе отставкаға жіберу туралы шешімді мемлекет басшысы қабылдайды", – дейді министр.

Айта кетері, ауыл шаруашылығы министрлігіне барған фермерлер құрғақшылықтан кейінгі мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шараларына наразы. Олар қырылған малды қайта санауды талап етіп отыр. Себебі аймақта 1 700 бастан артық мал қырылды. Маңғыстау облысында шөптің бағасы да шарықтап кетті. Олай жалғаса берсе, қалған мал қырылып қалады. Шаруалар бағаны тездетіп төмендетуді сұрайды.

Биыл қатты құрғақшылықтан кейін мыңдаған мал қырылды. Халықтың наразылығы күшейіп кетті. Шаруалар өз күшімен бір-біріне көмектесе бастады. Шөпті басқа аймақтардан жіберді. Осыдан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экс-министр Сапархан Омаровқа отставкаға кетуге кеңес берді. Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі қызметіне 1 қыркүйекте тағайындалған болатын.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер