АҚЫН мен АЖАЛ
поэма (Сәкеннің соңғы сәттері) I ТАРАУ. ТАЙТАЛАС Тағы тап боп тағдыры бір кесірге, Ақын жатыр Алматы түрмесінде. Кеше жұртты тәңірдей табындырса Бүгін өзі кіріптар күн кешуде. Айналды ма шынымен күн бесінге? Жанашыр жоқ, Жақын жоқ тілдесуге. Қалың елдің қамқоры секілденіп Тұрушы еді үкімет мінбесінде. Басқа өлендер саңқылдап жыр кешінде, Дүбірлейді астана іргесінде. Білегінде шылдырлап темір кісен, Ақын жатыр Алматы түрмесінде. Түрмедегі түндердің ұзағы анық, Маңайынан енді оның ұзамалық. Кейде төзім таусылса, тас түрменің Тепкiлейдi есігін ызаланып, Міз бақпайды түрменін тас қамалы, Жоқ акынның жасайтын басқа амалы. Тергеушімен ақынын тайталасы Түн ортасы ауғанда басталады. — Есімін кім? — Сәкені Сейфолланың — Кәсібің кім? — Ақын боп ой толғадым. Төңкерістің дауылпаз жыршысы едім, Күн көрістің өлеңін айта алмадым... — Тоқтат сөзді! Жауап бер тек сұраққа! Сен көсемді байлаймын депсің оққа Троцкизм тобна қашан кірдің? Айт шыныңды! Шыдамды кеп сынатпа! Енді қалған ғұмырын қысқа мүлдем, Талмау жерден тапжылмай ұстадым мен, Неге сонша өшіктің ұлы адамға — Кегің бар ма алмаған Сталиннен?! — Тарт тіліңді, ей жолдас! Арандатпа! Ғайбатыңды беталды борандатпа! Бетіңдегі бүлк етпей бір тамырың Ұялсаңшы телуге арамды аққа! Мен кәдімгі большевик Сейфуллинмін, Төңкерісім – тәңірім дейтін ұлмын, — Былшылдама! Тәңірім - Троцкий деп Басталатын жоқ па еді кей туындың! — Алданған да, Ақынға өлген де бір, Тілегіне адамның көнген бе өмір. Троцкий ол кезде көсем еді, Кінәлі ме көсемге сенген көңіл?! — Көсем болса ол саған болған көсем, Адал болсаң азбас ең, алданбас ең. Амандығын тiледiң алаяқтың, Міне, қолда кітабың - жалған десең... «Арыстан Дәуітұлы Троцкий»... Қайтіп ол да қақпанға тұрар түспей! Троцкийді алдай сап, қазақ жерін Сатып жүрдiң Жапонға бірақ іштей. — Не деп тұрсың? Не дедің, ақымағым? Тауар ма екен туған жер сатылатын? Кісендеулі ақынның кескін-кейпі Арыстанға ұқсайды атылатын. — Жә, бұл сөзді әзірше доғарайық, Бір бұл емес мойынға тағар айып. Былтыр көктем, декада күндерінде Мәскеудегі жайыңа оралайық. Құпияңды өзің-ақ ашасын ба, Жоқ бұдан да жалтарып қашасыңба? Өзің айтшы — болдың ба, болмадың ба? Галина Серебрякованың дaчaсында? — Қайдан білдің ол кештің құпиясын? Бардық, Көрдім Галяның ықыласын... — Троцкизм ұясын жайлап шықсаң, Енді қалай айыптан құтыласың?! — Әй батырым, аптықпа, құр демікпе, Айтып кеткен комиссар Жүргеновке... — Жүргеновті бірге ала кетемісің? Сейфуллин мен Жүргенов бір делік пе? — Садаға кет сен мұндар Темірбектен! — Зиянкестің талайын мен індеткем. Ол да менің түсіп тұр тұзағыма, Темірбегің немене темір деп пең! Жау Жүрегінін біледі жұрт іргеде, Жеткізбеді ол сен жайлы былтыр неге? Соның өзі жетеді Жүргеновті Әкеп тыға салуға бұл түрмеге! Жә, өзіңе келейік, өлерменім, Басылады қазір-ақ елергенің. Галина мен күйеуі дачасында, Мойындарсың жасырын не бергенін! — Анықталар – жөн кімде, бұрыс кімде. Галинаны бұл жерге кірістірме. Пейілімнің белгісі деп бергені Үстелімнің әлі де тұр үстінде. Жау қыла біл Сәкенді. жат кыла біл. Деп берілген саған да қатты ма әмір. Галинаның сыйлаған ескерткіші — Тәж-Маһалдың мүсіні ақ мрамор! — Өтірікке екенсің ұста мүлде! Қырық рет құбылма қысқа күнде Мүсін емес Жасырын бомба берген Жасау үшін қастандық Сталинге! — Ит екенсің, оңбаған, екі аяқты! Жөргегінде ұмытқан ұят-аятты! — Тіліңді тарт деп едім, Тыңдамадың. Мә, ендеше, сол иттен же таяқты! Жақсылықтан жауыздық не ғып күшті— Жендет дүлей ашуын танытты ішкі. Зілдей ауыр жұдырык, Сейфуллиннің Аппақ күрек тістерін қағып түсті. Әдiлеттен әбiлет не ғып күшті?! Байлаулы ақын гүрс етіп талып түсті. Керзі етіктің күрзідей тепкісінен Сейфуллиннің бір көзі ағып түсті! II ТАРАУ. СОЛ БІР КЕШ Қиналды-ау, қол ұшыңды бер, анасы, Басына жастық болшы. Ор, Абасы. Қан-қан боп тас еденде жатыр міне Кешегі Совнаркомның төрағасы. Басына вагон-түрме салғанда азап, Күндерді күтіп ек-ау алдан ғажап. Кеңестің жауы атанып жатыр енді Лениннің қолын қысып алған қазақ! «...Бұдан да артық еді-ау өлтіргенің, Тезірек ажалымды келтір менің. Колчактың түрмесінен аман шығып Кеңестің түрмесінде мертілгенім!» Өң мен түс арасында Сәкен жатыр Қуықтай бөлмесінде сол түрменің. Қан-жоса, Өрім-өрім жалаңаш тән, Көлкілдеп тұла бойын жара басқан. Сықсиған темір торлы терезеден, Тағы да күреңітіп қарады аспан. Сұп-суық тас еденге тамып жатты Көз жасы ыстық қанмен араласқан... Сәкенім, жыламашы, жүдемеші, Басыңды бір көтерші, түрегелші. Тар жол мен тайғақ кешу тансық па еді. Тағдырдың тап болған бұл бір егесі. Сәкенім тіл қатпайды, Көз алдымда Өмірдің ұмытпас бір тұр елесі. Дүние-ай, қайдан барды сол дачаға, Сәлемің жетер еді-ау жолдаса да. Көңілін Галинаның қимап еді Сырласып, сыйласқаны болмаса да. Дегені «қайдан бардым» бекер еді, Бәрін де сол кеш үшін көтереді. Галина жүр дей қалса сері Сәкен Сол кешке жүз қайтара жетер еді! Бармайды, Барған емес серілікпен Сергелдең сезімнен сен жеңіліп пе ең! Достардың көңілі еді-ау сені тосқан. Зиялы қауым еді-ау сені күткен. Арасын адамдардың жалғар күштің, Ақындай құпиясын аңдар ма ешкім. «Маркстің жастық шағын» жазған әйел Көзіндей көрінді ғой сол Маркстің. Сөз қандай, Сезім қандай, Сенім қандай, Көз қандай, Көрік қандай, Көңіл қандай! Білімнің буырқанған бұлағынан Сусасаң — сіміре бер демінді алмай, Сусап кеп сiмiрген-ді сол кәусардан, Апыр-ау, емес пе деп алдамшы арман. Еліткен еркін жандар арасында Елеңдеп сері көңіл қонырау шалған. Алғаусыз Болмаған соң артында алаң, Сауықтан Сәкен сол түн тартынбаған. Ажары атқан таңдай ару Галя Асылдың сынығындай жарқылдаған. Ән салса ашып тастап күй сандықты. Артық па ғұмырыңды қисаң тіпті. Теңіздей толқығанын жасыра алмай Тебіреніп оқып берген «Сыр сандықты». — Ал достар, болмас мұндай қауышу көп, Естиміз енді дала даусын, - деп, Қолқалап қоймаған соң әнге басқан «Мен келем түнделетін тау ішінде...» Сазымен сұлу әннің наз ақтарған Дос тауып дархан көңiл қазақтардан, Галина екі көзін боталатып Сол әнге жылауға да аз-ақ қалған. Бұл жерде көз бен көңіл тілдеседі, Тілдеседі, ұғысып, үндеседі. Қажытқан шулы қала түнде өсегі Көңілің қылауы жоқ бір кеш еді. — Жандарды жаңа таптым достасарға, Сіздерді ұмытпаспын ешқашан да! Сәкенжан серісі екен сахаранын, Сыйлаймын бір ескерткіш қоштасарда — Деп еді сонда Галя тебіреніп: — — Құмар боп қалдым, Сәкен, сені көріп. Гарядан өзің бұрын жолыққанда Соңыннан кетер едім еліне еріп! Маған да бір сұлу саз арнармысын, Достықты дархан көңіл жалғармысың. Махаббат бесігіндей Таж-Маһалдың Сыйлаймын ескерткіші мәрмәр мүсін! Сәкенге сұлу жанар төккенде нұр, Тасынған дариядай көктем-көңіл. Жасырмай ықыласын риясыз Сүйріктей саусақтардан өбкен жеңіл: — Көңілге қуанышпен түсірген мұң, Мен сізді қимайтын бір кісім дермiн. Мейірбан махаббатты Таж-Маһалдай Жырымның жауһарымен мүсіндермiн! — Деп Сәкен бір уағда беріп қалған, Бір шабыт шалқып оттай ерікті алған. Қуанып қайтқан Сәкен қонақүйге, Көңілді елеңдетіп көрікті арман... Сол кеште кінә бар деп кім ойлаған, Сәкенім құтылар ма бұл айладан, Адалын арам деген кімдер екен, Тұнығын кімдер екен лайлаған! Түрмеде жатыр ақын талықсыған, Мен қалай тас зынданнан алып шығам! Боздасын бозала түн, күніренсін тау. Жыласын, жыласын жыр, қамықсын ән... ІІІ ТАРАУ. ТОРЫҒУ Кешкіріп, айналғанда күн бесінге, Сәкеннің еміс-еміс кірді есі де. Есеңгіреп отырып әзер ұкты Жатқанын НКВД түрмесінде. Сәкендей қол көтерген кім сәбиге, Шынымен түскені ме мұнша күйге. Зіп-зілдей, зеңгіген бас көтертпейді Миына сұғылғандай мың-сан ине. Бір салмақ қарақұсқа түсіп ауыр, Дірілдеп-қалтырайды іші-бауыр. Төңірек неге күңгірт, неге тұнжыр, Өңі ме, әлде жайсыз түсі ме бұл?! Қанатты кеше еді ғой қомдағаным, Тауқымет, тағы мен бе таңдағаның? ...СЕЛК етіп, Сәкен қолын тартып алды Аңдаусыз сыйпай беріп оң қабағын. Aрсызы бар екен-ау азардың да, Шошынбай не бар дейсің жазар мұнда: Қабақ деп сипағаны — қабақ емес, Жара тұр шодырайып көз орнында! О, сұмдық! Оралта алмай төзімді ойға. Жарқ етті бір қорқыныш сезім бойда Қыранның жанарындай жарқыраған Құдай-ау, көзім қайда? Көзім кайда?! Кеткендей қопарылып жүрек тұсы, Сәкеннің мұп-мұздай боп, дір етті іші. Көнектей еріндерін сипап еді Қалыпты опырылып күрек тісі. Жисаң да бәрін түгел бөрiктестiң, Cәкендей таппас едің көрікті ешкім. Арқардың кұлжасындай сымбатына Сүйсініп кім қарамас, елiтпес кім. Адамның ішіндегі арыстандай, Ақылдың хабаршысы — қарыс маңдай. Ақ маңдай айдынымен қап-қара шаш Толқитын жаңа ғана табысқандай. Көкірек домбырадай күмбір қағып Кеп еді-aу... Енді, міне, бұл бір ғаріп. Жер басып кісімін деп жүрер ме екен Сәкеннің сағын сонша сындырған ит? Бұл емес жолыққаны қырсық алғаш, Нар еді — Үзілсе де, үн шығармас. Құйылды ап-ащы боп таңдайына Сәкеннің сау көзінен ыршыған жас. Жігіттің жампозы еді, жайсаңы еді, Қан шықпас кесіп алса қайсар еді. Көкемнің қамыққанын қалай бүгем Куә ғып бұл сұмдыкка қойса мені! Ағатай, айналайын, жыламашы, Сауға да сұм тағдырдан сұрамашы! Қиянат құрбандығы болып өту Қашаннан ақындардың сыбағасы! Саған да етер дейсің кім кешірім, Тағы да тербетейін жыр бесігін. Күн батты саңылаудан бір сығалап, Түн өтті тырнай-тырнай түрме есігін. Бола ма асыққанмен біз аптығып, Түрменің ұзақ күні, ұзақ түні: Ақынның жанaлғышы жылмиып жүр Мертіккен мерт қыранға тұзақ кұрып. Жемі боп қандала мен аш бүргенің, Ішінде Сәкен жатыр тас түрменің. Тесіктен бақылайды тергеуші кеп Күтердей шу асаудың бас білгенін. Жылынып жүрек қайта ысымай ма, Қарманып кайрат қылар күші қайда?! «Аһ» деп бір күрсінеді анда-санда Қайдағы-жайдағылар түсіп ойға. Ақынның алағызып жүрек тұсы, Келеді әлде нені жыр еткісі. Сағынған Сарыарқасын аузына алса, Көнбейді қопарылған күрек тісі. Соған да cері Сәкен арланады, Арланып, қорланбасқа бар ма амалы. Ызыңдап кетік тістен кеміс дыбыс «Зарарка, Зарарқа» деп зарланады. Сарыарқа, сағындырған еркіндігім, Басады сенен басқа ертімді кім?! Қанаты қиылған бір құс болдым-ау Сен менің шерімді біл, дертімді ұғын! Сен болып бар бейнесі елесімнің, Көлбеңдеп көз алдыма келесің мың. Бақытын таптым деп ем туған елдің Байрағын тігіп саған Кеңесімнің. Киеме балаушы едім жыр кешінде, Тағдырың талайымдай жүрді есімде. Сеніп ем сенің нұрлы ертеңіңе Жатсам да Колчак иттің түрмесінде. Армандай асуларға аттандырып Сен мені жіберіп ең шаттандырып, Кешпеді хас жауларың, кешірмеді Жолыма жүр екен-ау қақпан құрып. Ұлың ем азабыңды арқаласқан. Бас тігіп дұшпанымен балталасқан. Қор етіп қорқауларға қоясың ба, Алсаңшы арашалап тар қапастан! Имандай шыным осы, Иманағым, Білмеймін, енді кімге иланамын. Шоқтығын қишы маған бір шоқыңның Бекерге енді мені қинамағын... Қайдасың, қасиетті Қарашілік, Көз жазып калдым, сенен дара шығып, Көтере кетші мені! — дейді Сәкен Қапастың құшағында аласұрып. Ор, Аба, жүруші едім дара санап, Алсаңшы қиянаттан арашалап, Мертіккен мерт ұлыңды тұра ма шын Желiккен жендеттері тамашалап?! Өмірден жоғалайын өтпей налып, Қатыгезің болмайын кекке айналып, Ақын болып туғаным рас болса, Кием қайда — иеме кетпей ме алып? IV ТАРАУ. СЫНУ. Тергеуден қажыса да тексеруден, Бір адым ақиқаттан жоқ шегінген. Қорлыққа қайсар ақын көніп бақты Айнымай көңілдегі бек сенімнен. Шығармай камерадан тысқа мүлдем, Зорлықтың құрсауында қысқанымен, —Қастандық Сталинге еттің, — десе, —Садаға кет! — дейді, —ұлы Сталиннен! — Мойында! —Өлтірсең де мойындаман! Көлеңке болған емес ойымда алаң! Көретін қорлығының есебі жоқ, Сұрақ жоқ оған сірә қойылмаған. Жала жоқ оған үйіп жабылмаған, Кінә жоқ оған қиып тағылмаған. Қаһарман қайратыңнан айналайын Сынбаған, Иілмеген, Бағынбаған! — Бар екен Жапонменен байланысың! — Сөз шығын сендей арам хайуан үшін! —Жасырын ұлтшылдармен жалғасқансың, Алаштың бетке шығар қаймағысың! — Бөлінбес большевизм — ұлтым менің, Аңсаған талай ғасыр бұл күнді елім! Барлығы әділеттің рас болса, Қайтар-ақ, жауыз, сенен бір күн кегім!.. Етпеді демесең тек жан тәсілім, Сауы жоқ өкпе, бауыр қолқасының. Қинаудың бар амалын қолданады, Біледі азаптаудың сан тәсілін. Құрышын жұдырықтың қандырғанда, Сілейтіп ақынды естен тандырғанда, Сүйретіп апарады камераға Не пайда ессіз-түссіз жанды ұрғанда. — Ендігі безеруің далбасалық! Кеңеспен болам десең жолдас анық, Мойында—Мәскеудегі қаскүнемдер Бергенін қойыныңа бомба салып! Азаптан құтыласың мойындасаң, Бәрібір сенің арам ойыңды ашам. Білмейді жан баласы өлгеніңді, Қажетсіз қасарудан тайынбасаң!