Бахрейнге қыздар жіберумен айналысқан топқа қатысты үкім шықты

3526
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2016-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында Бахрейн Корольдігіне қыздарды жіберумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілері мен мүшелеріне, сондай-ақ олардың сыбайластарына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы  "Stan.kz"-ке сілтеме жасап.  

Бұл тұлғалар сот үкімімен кінәлі деп танылып, оларға түрлі жазалар тағайындалды.  ТҰҚТ басшысы С.Азадова 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қылмыстық топтың басқа да мүшелері мен сыбайластары С.Ахмедова, Е.Беркина, Ш.Ахмедова, Ш.Тұрғынова 12 жылға бас бостандығынан айырылды;  Р.Қосдәулетова, Е.Темірова 11,3 жылға бас бостандығынан айырылды;  Р.Цесхладзе 10 жылға бас бостандығынан айырылды;  Савинский С. мен Мададов И. 6,8 жылға бас бостандығынан айыру;

Пичугин З. мен Азадова Т.-ны ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігімен 1,3 жылға бас бостандығынан айыру;  Гайнуллин Р., ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды (сот залында қамауға алынды).

Р.Гайнуллинге жазасын қатаң тәртіптегі қылмыстық-атқару мекемелерінде, қалған сотталушылар қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемелерінде өтеу белгіленді.

Сонымен қатар, сот үкімімен 3 сотталушы кінәлі деп танылып, ҚК-нің 68-бабының 2-бөлігін қолдана отырып, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Бахрейн Корольдігінде адам саудасымен, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сексуалдық құлдыққа сатумен айналысқан Қазақстан, Ресей Федерациясы және Бахрейн Корольдігі азаматтарынан құралған қылмыстық топтың жолын кескен болатын.

Ұзақ уақыт бойы ТҰҚТ жетекшілері мен қатысушылары Қазақстанның оңтүстік өңірлері тұрғындарының әлеуметтік осал топтарынан 16 мен 25 жас аралығындағы қыздарды іздеумен және жұмысқа қабылдаумен айналысқан. Ағымдағы жылдың мамыр айында аталған қылмыстық іс Ішкі істер министрлігінің айыптауымен сотқа жолданған болатын.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер