Елбасының тарихи рөлін әлем мойындады

268

Елбасының ядролық қаруға қарсы бастамалары еліміздің халықаралық саясатының ұлық ұстынына, тұғырлы тұтқасына айналды. Қазіргі құбылған заманда да құбыласынан жаңылмаған Қазақстан осы ұстанымынан таймай, антиядролық қозғалыстың көшін бастап, тағдыры тұтас, тілегі ұқсас адамзат қауымын «ақырзаман қаруынан» азат әлемге бастап келеді.

Бірегей жаһандық ұйым – БҰҰ-ның 2007-2016 жылдар аралығында Бас хатшысы болған Пан Ги Мун Қазақстанның Тұңғыш Президентін «ядролық қарусыздану процесіне жетекші болуға лайық жалғыз лидер» деп атады. Осы арқылы ол адамзат жылнамасында бірінші болып ядролық сынақты толық тоқтатқан және ядролық әлеуеттен түбегейлі бас тартқан Елбасының тарихи орнын атап өтті.

– Нұрсұлтан Назарбаев адамзатқа ұлы мирас сыйлады. Ол бейбітшілік, тұрақтылық және орнықты даму мәселелерін тек өз елінде ғана емес, халықаралық деңгейде ілгерілетіп келеді. Н.Назарбаев сөзсіз, әлем тарихындағы ең ұлы лидерлердің бірі! БҰҰ Бас хатшысы болып тұрған тұста маған жаһандық және өңірлік деңгейдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері бойынша ақыл қажет болғанда мен кеңес сұрап, осы тұлғаға жүгінетінмін, – деп жазды өткен жылы Пан Ги Мун.

БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, марқұм Кофи Аннан да Елбасының тарихи рөліне мән берді.

– Қазақстан өзінде бейбітшілік пен тұрақтылық орнауымен, экономикалық өсім жолында болуымен басқа елдерден дараланады. Қазақстан өзгелерге өнеге болатын мемлекет. 1991 жылы ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту және сынақ полигонын жабу арқылы Н.Назарбаев ядролық қаруды таратпау және қарусыздану бағытындағы жаһандық күш-жігерге салмақты серпін берді. 60 жыл бұрын құрылғаннан бастап БҰҰ дәл осы мақсатқа қол жеткізуге ұмтылған болатын, – деді К.Аннан.

Елбасы

Халықтың атын ешкім естімеген ауруларға ұшырап, азаптанып өлуі, ұлттың гендік қорының бұзылуы, қоршаған ортаның алапат ластануы – қазақ жерінде 1949-1991 жылдар аралығында әрекет еткен Семей ядролық полигонының зардабы аса ауыр еді. Семейде ауада, жер үстінде және жер астында 500-ге тарта атом бомбасы жарылды. Бұл – ядролық қару пайда болғалы бүкіл әлемде жүргізілген сынақтардың жартысы. Жарылыстар полигон айналасында тұрған 1,5 миллионнан аса қазақстандықтың тағдырын жарымжан етті.

Жергілікті халықтың пікірімен санаспаған Кеңес билігі көп жыл бойы Семейдегі ядролық жарылыстар арқылы қарсылас державаларды тежеуге, оларға қыр көрсетуге талаптанып келді. КСРО күйрегенде, одақтық генералдар Қазақстанның осы «қаһарлы инфрақұрылымды» сақтағанын қалады. Абырой болғанда, ядролық қарумен халықаралық қоғамдастыққа қоқан-лоққы жасаудың мәнсіз екенін, мұның соңы оқшаулануға соқтыратынын Қазақстан басшылығы әу бастан түсінді.

Ядролық қарусыз әлемнің берік жақтаушысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-інің Президенті болып тұрған тұста-ақ, яғни 1991 жылғы 25 тамызда өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Осылайша, ол баршаға теңдессіз тағылым берген тарихи тұлғаға, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қарусыздану қозғалысының батыл лидеріне айналды. Қазақстан үшін бұл нағыз Тәуелсіздікке қарай жасалған шешімді қадам болды. Семей полигоны жабылғасын АҚШ-тың Невадасындағы, Қытайдың Лобнорындағы және Францияның Муруроа атолындағы аса ірі полигондардың үні өшті.

Елбасы мұнымен шектелмей, қуаты жөнінен әлемде төртінші саналған ядролық арсеналдан шешімді түрде бас тартты. Әйтпесе, Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстан аумағында 100-ден аса континентаралық баллистикалық зымыран және 1400 ядролық оқтұмсық орналасқан еді. Тәуелсіз Қазақстан осы қуатты «ақырзаман қаруын» шоқпар ретінде пайдаланбады, өзгені қорқытып-үркіту саясатынан бойын аулақ салды. Бүкіл елмен бейбіт әрі өзара тиімді қарым-қатынас құруға күш салды. Халықаралық қауымдастық Қазақстанды сенімді серіктес, бейбіт ел ретінде таныды.

Қазақ елі 1996 жылғы 10 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-сессиясында қабылданған «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімге» (ЯСЖТК) алғашқылар қатарында қол қойды. Республикамыз аталған келісімді әлі күнге мақұлдамаған және ратификацияламаған мемлекеттерді соған қол қоюға және бекітуге белсенді үгіттеп келеді. Мысалы, 2015 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ бірлескен мәлімдеме жасап, дүниежүзіндегі барлық елдің осы келісімді тануы қажет екенін нықтады.

Ядролық қарусызданудың көшбасшысы ретінде Қазақстан «Орталық Азиядағы ядролық қарудан ада аймақты» құрды. Уағдаластыққа сәйкес, осы аймақта жаппай қырып-жою қаруларын орналастыруға, өндірісін жолға қоюға тыйым салынған. Бұған жауап ретінде өзге ядролық мемлекеттер аталған ядролық қарусыз аймаққа енген елдерге қарсы ондай қаруды қолданбауға міндеттеме алды.

елбасы

Жаһан жұртшылығы «ядролық тажалды» жеңген қазақ халқының еңбегін мойындайды. Ядролық қарусыздануға арналған халықаралық жиын-саммиттерде бұл салада Н.Назарбаевпен айбын салыстырар, айдын жарыстырар, тәжірибе теңестірер тұлғаның жоқ екені де айтылып жүр.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Ядролық сынақтарға тиым салудан – ядролық қарудан азат әлемге» деп аталған халықаралық конференцияда «АТОМ» жобасын ұсынды. Жобаның арқасында әлемдегі кез келген адам ЯСЖТК-ға қосылу туралы жаһан елдерінің үкіметтеріне арналған петицияға қол қоя алады. Бүгінде жобаны төрткүл дүниенің әр атырабынан 313 605 адам қолдаған.

Елбасы 2016 жылы Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік саммитінде жаһан жұртшылығына «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестін ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан ада әлем құру туралы көзқарасы, сондай-ақ соғыс пен шиеленістерді тиюдың жаңа стратегиясы баяндалған бұл стратегиялық құжат қазіргі кезде де аса өзекті болып отыр.

Айхан ШӘРІП

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket