Тәуелсіздік жылдары елімізде машина жасау саласы қалай дамыды?

3124
Adyrna.kz Telegram

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлағандай, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырған жылдары машина жасау саласында 276 млрд теңгеге жуық сомаға 114 жоба іске асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. 2000 жылдан бастап Қазақстанда машина жасау өндірісінің көлемі 24 есеге өсіп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 трлн теңгені құрады.

10-15 жылда сала құрауыш және қосалқы бөлшектерді өндіруден түпкілікті өнім түрлерін шығаруға көшті: тепловоздар, электровоздар, жолаушылар және жүк вагондары, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, астық жинайтын комбайндар, сорғы жабдықтары, лифттер және басқа да жоғары технологиялы өнімдер. Жаңа өнім түрлері пайда болды: локомотивтер, трансформаторлар, коммуникациялық жабдықтар, оптикалық приборлар, электронды детальдар өндірісі, электр жарықтандыру жабдықтары және т.б.   Автоөнеркәсіп пен теміржол машина жасау белсенді дамыды, ауыл шаруашылығы, электр техникасы, тау-кен және мұнай-газ машина жасау салалары едәуір жаңартылып, күшейтілді.

Саланы дамытуға Alstom, General Electric, СМС–JAC Motors, Hyundai және басқалары тәрізді ірі трансұлттық корпорациялар тартылды. Экспортқа арналған өнім шығару желісі кеңейтілді (автомобиль өнімдері, мойынтіректер, вентиляторлар, аккумуляторлар, трансформаторлар, локомотивтер). Қазақстан қосылған құнның жаһандық тізбегіне табысты кіріге бастады. Мәселен, «Силумин-Восток» ЖШС қуаттылықтарындағы Schneider Electric электр техникалық өнімдер өндірісі, «Алматы желдеткіштер зауыты» ЖШС-ында LG Electronics желдеткіш жабдықтарын шығару.

Кооперациялық байланыстарды дамыту үшін биыл сәуір айында Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Онда «Камаз» ЖАҚ, «Петербург трактор зауыты» АҚ және басқаларымен бірқатар бірлескен жобаларда кооперация орнатуды қарастырады. Ағымдағы жылы сәуір айында «Hyundai» маркалы жеңіл автомобильдер шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС жаңа зауытының алғашқы іргетасы қаланды. Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық аясында шиналар мен двигательдер өндіретін зауытты іске қосу жоспарланған, бұл біздің елімізде автокомпонентті базаның дамуына бастау болады. 2018 жылы Қазақстанда 6 мыңнан аса жеңіл автомобиль өндірілген. Олардың жартысы басқа елдерге экспортқа жіберілді, атап айтқанда — Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан. Қазақстандағы машина жасау: қазіргі жай-күйі 2019 жылдың 8 айында елімізде 30 мыңға жуық автомобиль құрастырылған. Аталмыш кезеңнің қорытындылары бойынша машина жасаудағы өндіріс көлемінің өсуі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 18% құрады.

Сала құрылымында машина жасаудың ішкі салаларының арасында жоғары өсу динамикасын автомобиль жасау саласы көрсетіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда автокөлік құралдарының барлық санаттары өндіріледі. Елімізде 167 автомобиль моделі құрастырылады, оның ішінде 39 – жеңіл модель, 22 – әлемдік бренд. Екі бесжылдықта автомобиль жасау Қазақстанның машина жасау саласының драйверлерінің біріне айналды. Ірі торапты құрастырудан (DKD) ұсақ торапты құрастыруға (CKD) көшу қолға алынды. Мысалы, шанақтарды дәнекерлеу мен бояу бойынша технологиялық операциялар енгізілді. 2010 жылдан бері өндіріс көлемін 8 есеге арттыру мүмкін болды (2010 жылы 4 мың бірлік болса, 2018 жылы 32 мың бірлікке дейін). Жалпы машина жасау көлеміндегі автомобиль өнеркәсібінің үлесі 2010 жылы 4% құраса, бұл кезеңде 19,2%-ға жетті.

Электротехникалық машина жасау секторы машина жасаудағы басқа секторлармен салыстырғанда, аса тұрақты өндіріс динамикасымен және өндірістің тереңірек жергіліктендірілуімен сипатталады. Сектордағы ірі ойыншылар — Қайнар-АКБ, Alageum Electric, Казцентрэлектропровод, Казэнергокабель басым бөлігі экспортқа кететін бәсекелі өнімдер шығарады.

Қазақстандағы теміржол, ауыл шаруашылығы, тау-кен және мұнайгаз машина жасауда отандық кәсіпорындар электровоздар, локомотивтер, вагондар,тұтас таптамалы дөңгелектер, тракторлар, комбайндар, ауыл шаруашылығы техникаларын, мұнай сервистік компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін түрлі жабдықтар шығарады. Аталған салалар өндірісте роботтандырылған дәнекерлеу кешендерін (Индустрия 4.0 элементтерін) пайдаланумен сипатталады. С

аланың көрнекті мысалдары: «Проммашкомплект» ЖШС, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС, «Мэйкер» ЖШС, «Жігермұнайсервис» ЖШС, «Өскемен арматура зауыты» АҚ және т.б. Ауыл шаруашылығы машина жасау секторында 2018 жылдан бері өндіріс өсімі байқалып отыр, оған өнімді өткізу кезінде ҚҚС төлеуден босату тәрізді мемлекеттік қолдау шаралары ықпалын тигізді. Темір жол машина жасау саласы индустрияландырудың соңғы жылдары белсенді дами бастады.

Сонымен қатар тау-кен машина жасау саласында өндіріс көлемінің ұлғаюы байқалады, бұл бұрғылау және қазбаөткіш машиналар үшін қосалқы бөлшектер өндірісінің өсуімен байланысты, олар тау-кен машина жасау құрылымында 73% құрайды. Машина жасау өнімдерінің көп номенклатурасын импорт алмастыру есебінен мұнай-газ машина жасауды дамыту үшін зор әлеует байқалады.

Пікірлер