Алматыда «Тәуелсіздік тағылымы-30» атты фотокөрме өтеді

2517
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында 2021 жылдың 20 желтоқсаны, сағат 15.00-де «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруы және Қазақстан авторлары қоғамы мен ҚР Ұлттық кітапханасының қолдауымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тағылымы-30» атты фотокөрменің ашылуы өтеді.

Көрмеге еліміздің егемендік алғаннан бергі тарихи оқиғаларды, ұлттық салт-дәстүрді, өңірлердегі тіршілікті назардан қалт жібермеген үздік фотожурналистердің туындылары қойылады. Шараның мақсаты – егемен ел ретіндегі отыз жыл ішінде фотосуретшілердің объективтеріне ілінген мемлекеттік, қоғамдық, саяси және рухани маңызы бар сәттер мен оқиғаларды келер ұрпаққа шежіре түрінде қалдыру болып табылады.

Фотокөрмеге ұсынылған әрбір құнды суреттен халқымыздың азаттық алған жылдағы «ақ түйенің қарны жарылған» қуанышынан бастап, оны қалыптастырудағы сан қатпарлы жұмыстар мен сезімді селт еткізер сәттерді көрермен бір күнде тамашалап шығуына болады.

Көрмеге ұсынылған 100-ге жуық туындының авторлары қатарында қазақстандық фотографияның абыз тұлғалары саналатын Иосиф Будневич, Рахымбай Ханалы, Мұрат Мәмбетов, Нұрғожа Жұбанов, Жүнісбек Пайызов, Сиез Бәсібеков,Қайрат Мұстафин,Дендербай Егізов, Сайлау Пернебаев, Қалиғұмар Қабдешұлы, Анатолий Устиненко, Есімхан Орынбаев, Болат Омаралиев, Нұрманбет Қизатұлы, Жақсылық Тұрлыбеков,Александр Павский, Шүкір Шахай, Юрий Беккер, Айтжан Мұрзанов, Фархад Қабдықайыров және бүгінгі жас буын өкілдерінен Ерлан Омаров, Жеңіс Ысқабай, Мақсат Шағырбай және т.б. талантты азаматтардың еңбектері қойылады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер