Даңғазасыз мерейтой: Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы ауқымды реформаларды айтты

823
Adyrna.kz Telegram

Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қолға алынған жаңа ауқымды реформалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін өздеріңізді марапаттай отырып, Қазақстанның көркейтуге үлес қосқан барлық азаматқа ризашылық білдіреміз. Сіздер нағыз отаншылдықтың, кәсіби білік пен адал еңбектің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді. Осыдан бір жыл бұрын мен үлкен мерейтойды шусыз, даңғазасыз, ысырапсыз нақты жұмыстармен атап өту қажеттігін айттым. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына жаңа ауқымды реформалар қолға алынды. Сондықтан, бұл жылды нәтижелі болды деуге толық негіз бар», - деді Мемлекет басшысы наградалар иегерлерін марапаттау рәсімінде.

Президент экономика мен әлеуметтік салалар жан-жақты жаңғыртылып жатқанын еске салды. Індетке қарамастан мемлекет отандық бизнеске қолдау көрсетуде.

«Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы, қаржы секторы жүйелі түрде дамып келеді. Өңірлерде ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Кешенді жаңғырту білім беру және денсаулық сақтау саласында да жүріп жатыр. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, зейнетақыны, жәрдемақыны, жалақыны тұрақты арттырады. Мемлекеттік басқару жүйесінде де үлкен өзгерістер болды. Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған 10 ұлттық жобаны бекіттім. Қоғамдық саяси салада елеулі өзгерістер жасалуда. Мен ұсынған саяси реформалар топтамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Біз Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлауды өткіздік.

Биыл маусым айында адам құқықтары саласындағы алдағы шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат құқық қорғау саласын кешенді түрде жаңыртуға бағытталған. Қоғамдық диалогты біртіндеп дамыту үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мұның бәрі азаматтарымыздың шешім қабылдау және мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысуына жол ашады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Пікірлер