Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты

887
Adyrna.kz Telegram

Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылдығымен құттықтап, бұл айтулы мереке ел жетістіктерінің жарқын символы екеніне назар аударды, деп хабарлайды elbasy.kz.

– Қазақстан осы жылдар ішінде халқымыздың игілігі жолында ауқымды мақсаттарға ұмтылды. Біз еліміздің әлемде лайықты орын алып, мәртебелі мемлекетке айналуы үшін аянбай еңбек еттік. Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманын ақиқатқа айналдыру ұлы миссиясы біздің буынға бұйырғанын мақтан тұтамын. Бүгін Президент Жарлығымен бір топ азамат марапатталды. Соның ішінде сіздер де барсыздар. Тәуелсіздік күні қарсаңында бұл наградаларды тапсыру мен үшін үлкен мәртебе. Сіздер Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне зор үлес қосып жүрсіздер, – деді Елбасы.

Іс-шара барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ бизнес қоғамдастығы өкілдері марапатталды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «ВТБ Банкі» президенті – басқарма төрағасы Андрей Костиннің Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын нығайту ісіндегі және екі елдің интеграциялық үдерістері аясында инвестиция-банк секторын дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттігіне тоқталып, бұл процестегі бизнес өкілдерінің айрықша рөліне мән берді.

Елбасы Астана және Қазақстан Митрополиті Александрды марапаттап, конфессияаралық диалогты ілгерілетудегі, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудағы Православ шіркеуінің маңызды рөлін атап өтті.

Сонымен бірге «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекке, Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директоры Қ.Жұмабаевқа, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қ.Мәмиге, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Д.Исабековке, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы А.Айдарбаевқа, «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Б.Баймахановқа, «Bazis-А» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы А.Беловичке, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшісі Ә.Тұрсыновқа, альпинист М.Әуезоваға мемлекеттік марапаттар тапсырылды.

– Сіздер әрдайым жаңа идеяларды тиімді жүзеге асырып келесіздер. Баршаңызға ел игілігі жолындағы жемісті қызметтеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Отыз жылда біз Қазақстанның ілгері басуы мен өркендеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Бұл наградалар – сіздердің Қазақстан мен оның халқы алдындағы еңбектеріңіздің лайықты бағалануының нышаны, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

 

Пікірлер