Парламент Мәжілісінің Төрағасы ақтөбеліктерді ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады

1529
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, облыс әкімі Оңдасын Оразалин, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлерікәсіпорындардың басшылары, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Шарада алдымен сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақтөбе облысы тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына ықпал еткен ірі жобаларды жүзеге асырып, бүгінде алдыңғы қатарлы өнеркәсіптік аймаққа айналғанын атап өтті.

— Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының ел дамуына қосқан үлесі зор. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі бүгінде ел экономикасына ерекше серпін беруде. Сондықтан Ақтөбе облысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен отыз жылдың ішінде жалпы еліміздің дамуына зор үлес қосқан негізгі индустриалды өлкеге айналды.

Бүгінгі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде, соның ішінде Ақтөбеде жаңа әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Тәуелсіздіктің арқасында келген табыстарымыз алдағы уақытта да елімізді, облыстарды жаңа биіктерге жеткізетіні сөзсіз. Біздің алдымызда әлі де бағындыратын белестер, асатын асулар көп. Сондықтан бүгінгі салтанатты шараға жиналған барша ақтөбеліктерді ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, алдағы уақытта алға қойған ұлы мақсаттарымызға жету жолында бір ел, бір халық болып үлес қосайық дегім келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Қазақстанымыз мәңгі жасасын! — деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан кейін жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин тәуелсіздік жылдарында өңірде жүзеге асырылған ауқымды жобалар мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарға тоқталып өтті.

— Өз алдымызға дербес ел болу — біздің маңдайымызға жазылған бақ. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, оның нығметін көріп отырғанымызға, міне, отыз жыл толды. Осы отыз жыл еркіндік бізге не берді десек, ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз жетерлік. Мәселен, облысымызда отыз жыл ішінде халық саны екі есеге артып, бүгінде қала халқының саны жарты миллионнан асты. Ал тұрғындардың орташа жас көрсеткіші 67 жастан 72 жасқа дейін ұлғайды. Ауылдарымыздың өңі кіріп, жаңа заман талабына сай зәулім үйлер бой көтерді, көшелерге асфальт төселді, жаңа саябақтар мен скверлер салынды. Осылайша даламыз малға, қаламыз жанға толды. Мұның барлығы — Елбасының көреген, сарабдал саясатының арқасында елдің береке-бірлігін сақтаған халқымыздың қол жеткізген жетістігі, Тәуелсіздіктің жемісі. Сондықтан бүгінгі шарада баршаңызға өз ризашылығымды жеткізе отырып, елдің ертеңіне деген сеніміміз берік, жарқын күндеріміз жақын болсын демекпін! Мерейлі мерекеміз — ел тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойы құтты болсын! — деді О.Оразалин.

Салтанатты шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміз бен облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор  Амангелді Айталыға II дәрежелі «Барыс» орденін, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Қойлыбаевқа «Парасат» орденін, белгілі өлкетанушы, еңбек ардагері Бекарыстан Мырзабай мен еңбек ардагері «Құрмет» орденін, теміржолшы Қантөре Ауаш, ұста Байғали Матағұлов және Ақтөбе ферроқорытпа зауытының краншысы Галина Утешоваға III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін табыстады.

Облыс экономикасын, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларын дамытуға қосқан үлесі және қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы «Степной» ЖШС-ның директоры Аманғос Төлеуовке, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басқармасының төрағасы Алексей Химичке, мәдениет қайраткері Еркін Құрманбекке, кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетоваға және еңбек ардагері Естай Жайлыбайға берілді.

Сондай-ақ жиында «Ерен еңбегі үшін» медалімен дәрігерлер — Қуанышқұл Дүйсембеков, Нұрлан Қауқақов, Әмет Нәбиев, журналистер Елена Акчурина, Баянды Сәрсембина, облыстық филармонияның бас дирижері Мәдина Қабижанова марапатталса, «Шапағат» медалі медбикелер — Гүлбада Биманова, Ольга Кеферге берілді. Ал Құрмет грамотасымен марапатталғандар қатарында тәжірибелі ұстаздар — Бақтығұл Қойшығұлова мен Жанна Хабибуллина, сондай-ақ облыстық филармонияның қазақ камералық хоры бар.

Шарада облыстық филармонияның өнерпаздары өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Кеште патриоттық, сондай-ақ халық әндері орындалды.

Пікірлер