ШЫМКЕНТ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК

1946
Adyrna.kz Telegram

«Жер Ана» Тәуелсiздiк монументi – Шымкенттің шынайы мақтанышы. Ол қазақ ұлтының тектiлiгi мен бiртұтастығының белгiсiндей Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерi қиылысатын Ордабасы алаңында орнатылған. Биiктiгi – 34 метр. Шымкент қаласында бұған дейін жас ұрпақтың бойына патриоттық сезiм ұялатып, ата-бабамыздың қаншама ғасыр бойы аңсаған арманын қазiргi кездiң мақсат-мүддесiмен үйлестiре бейнелеген дәл мұндай ескерткiш болған емес. 2009 жылдың 22 қыркүйегiнде қаладағы осы ескерткiштiң ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы да мемлекет пен халық бiрлiгiнiң жақсы бiр нышаны болды. Бұл нысан қазіргі таңда соңғы технология бойынша қайта жаңартылып жатыр. Монументте қашалып жазылған Мемлекет басшысының сөзі латын тілінде қайта жазылды. Ескерткіштің аумағына абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл ел Тәуелсіздігі күніне орай аяқталады деп жоспарлануда.
Ел тарихы ескерiле отырып жасалған Тәуелсiздiк монументi идеясы одан әрi жетiлдiрiлiп, Ордабасы алаңы ұлттық ұстындарымызды қастерлейтiн тарихи-мемориалдық кешенге айналды. «Рәмiздер алаңы» аталатын кешенде елiмiздiң картасы бейнеленiп, Елбасымыз
Н.Назарбаевтың: «Дүниеде тәуелсiз қазақ елi бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көпұлтты ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенiмдi саяси жүйесi бар. Ең бастысы, бүгiннен нұрлы, бүгiннен кемел болашағы бар. Сол күнге берiк сенiмi бар!» — деген сөзi мен Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан үзiндi тасқа қашалып жазылды. Бүгiнде Тутөбенiң басында биiктiгi 50 метрлiк көк байрақ алыстан көрініп, желбіреп тұр.
Ордабасы алаңындағы аспалы көпiрдiң де үлкен шығармашылық ой мен қиялдан туғанын айтқан жөн. Ұзындығы 104 метр, енi 5,7 метр болатын көпiр темiр құрылымдар арқылы құрастырылып, тiреулерi гранит тастармен қапталған. Бұл көпiр көне Шымкент шаһарын Ордабасы алаңына қосады. Сондықтан қалың көпшiлiк оны «Алтын көпiр» деп атап кеттi. Алаңды кесiп өтетiн Қошқар ата өзенiнiң үстiне екi жерден орнатылған субұрқақтар да өз үйлесiмiн тауып, қала тұрғындарының көз қуанышына айналған.
Шымкентте Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығына орай салынған «Даңқ» мемориалы Отан үшiн от кешкен майдангерлердi ұлықтайды. Аллеяның ұзындығы 285 метр, енi 22 метр. Аллея бойына орнатылған гранит тастарға өңiрiмізден соғысқа аттанған 140 мыңнан астам жауынгердiң есiмi қашап жазылды. Сондай-ақ, оңтүстiктен шыққан 51 Кеңес Одағының Батыры мен 8 Даңқ орденiнiң толық иегерi және бiр Халық қаһарманының аты-жөнi бөлек тақтаға қастерлеп жазылған.
Шаһардағы темiржол вокзалы да бүгiнгi заман талабына сай қайта жаңғыртылды. Вокзал iшiнде медициналық бекет, ана мен бала бөлмесi, асхана ашылды. Жылыту, желдеткiш жүйелерi жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Вокзал алдының сәнiн бұзып тұрған коммерциялық нысандар жойылып, аумақта тегiн автотұрақ ұйымдастырылды. Ал кәсiпкерлер көмегiмен салынған вокзал алдындағы «Жiбек жолы» композициясы да қала ажарын ашып тұр.
Сондай-ақ, қала орталығындағы жаңа хайтек технологиясы негiзiнде металл мен шыныдан жасалған «Қызғалдақ» композициясы бүгiнде студенттер, жастар мен қала халқының бос уақытта демалып, серуен құратын сүйiктi орнына айналды.
Көрнектi мемлекет қайраткерi Асанбай Асқаров негiзiн қалаған дендросаябақ та жаңаруда. Мiне, қала тұрғындарының белсене қатысуымен соңғы екi жылда тазалық жұмыстары қолға алынды. Бүгiнде аумағы 117 гектардан асатын, 600-ге тарта өсiмдiк пен ағаш түрi өсiп тұрған дендрологиялық бақты түгелдей абаттандыру, жөндеу, су жүйелерiн қалпына келтiру жұмыстары аяқталды. Iшкi жолдар, атпен және велосипедпен серуендеу соқпақтары реттелдi. Бiр қуаныштысы, көл қалпына келтiрiлiп, жағалауы көркейтiлдi. Көл үстiне жаяу жүргiншiлер көпiрi салынып, тас плиталар төселдi. Жол жиектерiне шамдар орнатылды, демалушылар үшiн орындықтар қойылды. Тұмса табиғаттың бiр көркi жан-жануарлар болғандықтан, дендросаябақ аумағында бой көтерген арнайы вольерге 20 тиiн, 4 елiк пен теңбiл бұғы, 10 тауыс, маңы тазаланып, абаттандырылған көлге аққу, қаз, үйрек секiлдi құстардың 22-сi және 20 мыңдай балық жiберiлдi.
Дендросаябақтан бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында «Жас жұбайлар» аллеясының ашылуы да шымкенттiктер үшiн үлкен оқиға болды. Өмiрге бiрлесiп қадам басқан бақытты жұптар мұнда жиi келедi. Олар бұл жерден ғашықтар мүсiнiн, субұрқақтарды және «Махаббат патшалығы» сарқырамасын тамашалай алады.

Пікірлер