Тіл мен егемендік егіз ұғым

3566
Adyrna.kz Telegram

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз – тәуелсіздік, егемендіксіз – тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тілі –  қазақ тілі деп жарияланды. Бұл тұста «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде» дегендей, алдымызға айқын жол ашылды. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды.

Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес.

Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Соны көріп жүрегің қан жылайды. Бір жағынан, әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі.

Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды. Ата – анамыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. Дегенмен «сабақты ине сәтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Тіліміздің түп тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тәрізді. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқын халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына  дарыған ана тілі ғана.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейді.
Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл – қызы болайық, өзгенің емес,өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!

Ерік АҒЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер