Тәуелсіздік қарсаңында «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 1 жылға ұзарту жөнінде шешім қабылданды

1192
Adyrna.kz Telegram

Үстіміздегі жылдың 11 айында Шымкентке тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға артып, 392,4 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала басшысы Мұрат Әйтенов мәлім етті.

Оның айтуынша, инвестиция тарту мақсатында 5 жылдық жоспар бойынша 2,6 трлн теңгеге 282 жобаны іске асырып, 20 мың жұмыс орнын құру қажет. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерліктің тиімділігін арттыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 1 жылға ұзарту жөнінде шешім қабылданды. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.

«Қалада «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде 8,9 млрд теңге бөлінген. Бүгінде Бағдарлама шеңберінде 7,8 млрд теңгеге 1 946 жобаға қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2021 жылға 2,9 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күнге құны 57,8 млрд теңгені құрайтын 70 жобаға 2,5 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Аталған жұмыстар келесі жылы да жалғасатын болады. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер боламын» жобасымен әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жергілікті іс-шара жоспары іске асырылуда.

Аталған іс-шара аясында 10 млн теңгеге дейін 1%-дық шағын несиелер беру қарастырылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге қаржы бөлінді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 млрд теңгеге 70 жоба қаржыландырылды», - деді спикер.

Қалада кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау үшін «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы құрылған. Мұнда кәсіпкерлер бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап жобаны пайдалануға беруге дейін, оның ішінде барлық рұқсат беру құжаттарын қаржыландыру және рәсімдеу бойынша сүйемелдеумен бірге қызмет көрсетеді. Бүгінге фронт-кеңсенің қызметіне 34 мыңнан астам азамат жүгінді.

Пікірлер