Әлихан Бөкейхан ауданы берілді: Тарихшы-ғалымдар не дейді?

10994
Adyrna.kz Telegram

Қарағандыда Октябрь ауданының атауы ресми түрде Әлихан Бөкейхан ауданы деп өзгертілді. Осы бір тарихи маңызды күнге орай Майқұдық ықшамауданының мәдениет үйінің алаңында салтанатты шара өтті.

30 жылдан кейін бір-ақ атауы Әлихан Бөкейхан деп өзгертілген аудан туралы тарихшы, заңгер-ғалымдар не дейді? "Адырна" ұлттық порталының тілшісі пікірлерін біліп қайтқан еді.

Мейрам ҚАРАСАРТОВ, заңгер, ақын: 

 «ҚАЛА ӘКІМІНІҢ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ АРҚАСЫНДА ҚАБЫЛДАНҒАН ШЕШІМ ЕМЕС!» 

- Бүгін міне, Тәуелсіздіктің 30-жылдығы қарсаңында жалғыз Қарағанды облысы мен Арқа өңірі үшін ғана емес, барша Қазақ елі үшін өзекті жарған қуаныш болып тұр. Әлихан Бөкейхан Алты Алашқа көсем болған кезінде осы бабаларымыздың қанымен, білектің күшімен, найзаның ұшымен келген қасиетті жеріміздің егемендігі үшін, тәуелсіздігі үшін қаншама ғасырлар бойы көксеген бабалар арманын жалғастырды. Қазақтарды тәуелсіз ел қыламын деп, көкке қолын сермеген біздің қасиетті бабаларымыз  - Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлы тағы басқа да С.Сейфуллин, Н.Нұрмақұлы бәрі де саяси жағынан әр түрлі көзқараста болғанымен, бәрінің мақсаты да, мүддесі  де осы қазақты қалай қараңғылықтың қамытынан жарық күнге жеткіземіз деп талпынуында еді, сол арман жолдарында өздерінің шыбын жандарын қиып кеткен болатын...

Әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында да әртүрлі пікірлер айтылып жатыр...

- Енді әрине мынау заман талабына қарай, туа біткен мінез болады адамда... Сондықтан, мен шындығын айтайын. Бұл шешім бір қала әкімінің, бір облыс әкімінің ғана, бір жекелеген тұлғалардың қол қойған шешімінің арқасында ғана болған шаруа емес! Әлихан осы облыстың, Ақтоғайдың тумасы болғандықтан бұл жылдар бойы осы Қарағанды қаласының, облыс тұрғындарының, жалпы қазақ жұртшылығының зиялыларының ерінбей еткен еңбектерінің, барлық қажыр қайраттарының арқасында! Қоғам белсенділері бар, жүздеген, тіпті мыңдаған қоғам белсенділері бар. Олардың еңбегін атап кеткен дұрыс. Темірді қызған кезінде соқ дегендей, құланның қасуына мылтықтың басуы дәл келді. Әлиханға тағы да қайталап айтам, тек қана Қарағандының бір ауданының атауын берген аз. Ол кісінің үлкен тұғыры мына республикалық астананың төрінде тұруға лайықты деп ойлаймын. Әр заманның өз көсемі болады. Абылай хан мен Бұқар жырауды, Қазыбек бабамызды қалай дәріптесек, Әлихан Бөкейханды және оның ізбасарларын, сол кезде біз үшін жандарын пида еткен тұлғалардың баршасына да солай құрмет көрсеткен дұрыс!, - дейді заңгер.

Әділет ЖАҒЫПАР, жас алаштанушы-ғалым:

«ӘЛИХАН АУДАНЫНА САЙ АУДАН БОЛСА ЕКЕН!»

- Әлихан алты алаштың көсемі ғой! Сондықтан бұл жердегі мәселе өте тереңде деп ойлаймыз. 80-жылдардың аяғынан басталды ғой. Ақталған кезеңдерін қарасаңыздар, сол кездері мынау Қарағанды энциклопедиясы шыққанның өзінде Алаш зиялылары "қосымша" ретінде берілген екен. 89 жылғы шыққан энциклопедияда Әлихан Бөкейханды қосымша ретінде ғана берген... Оны Рымғали Нұрғали шығарып отыр. Тарих беттерінде сол сияқты көптеген мәселелер орын алды...  Әрине Әлихан Бөкейхан есіміне аудан берудің өзінде көптеген қиындықтардан өтуімізге тура келді. Аудан беру мәселесінде бірқатар қоғам қайраткерлері, іргелі ғалымдар, Әлиханға байланысты ұсыныстар айтқан жалындаған жас жігіттердің қалай талпынғандарының бәрін білеміз. Сондықтан да, бұл көпшіліктің көптен күткен қалауы болды. Аққа Құдай жақ дейді ғой.  Осы Октябрь ауданына Әлихан есімін беруменен жаңа Әлихан дәуірі басталды деп біз сенеміз. Ең бастысы, Әлихан ауданына сай аудан болса екен деп тілейміз!

 

Сағындық ҰБАЙҰЛЫ, белгілі археолог, профессор:

«БӘРІ ДЕ БІЗДІҢ ЖУАСТЫҒЫМЫЗДАН...»

- Октябрьдың кеткеніне 30 жыл болды.  Революциядан, кәдімгі Совет Үкіметінен құтылғанымызға 30 жыл болды. Бәрі де біздің жуастығымыздан ғой... Әйтпесе, баяғыда-ақ алар едік. Мынау Ресей өзінің жерінде бірде-бір кешегі Совет Үкіметінің аттарын қалдырған жоқ. Лениннің атындағы, Ульяновтың атындағы, Крупскаяның атындағы қаншама жерлер бар еді. Барлығын өзгертті. Тәуелсіздіктің арқасында мінекей, ең соңғы болсақ та... Әйтеуір, ауданымызды Әлихан Бөкейханға беріп жатырмыз. Әлиханға бермегенде кімге береміз?! Осы жердің тумасы, кешегі Алаштың программасын құрып, Алаштың туын көкке көтерген, сол Алаш үшін бар ғұмырын пида еткен арда азамат емес пе еді?! Өте дұрыс шешім болды. Енді жастарымыз Алаш аңсап кеткендей білімге, ғылымға ұмтылса екен. Мен ылғи студенттерге айтамын, біз анау жапондардан, біз анау немістерден не кемдігіміз бар? Біздің ешқандай кемдігіміз жоқ! Төрт мүшеміз бірдей, түгел. Тек қана бір ғана кемдігіміз - кішкене жалқаумыз. Мойнымызда тұрған үлкен проблема осы! Біз талантты халықпыз, дарынды халықпыз. Осы жалқаулықты жеңе алсақ, біз түптің түбінде керемет өсетін халықтың біріміз!

 

Нұрсахан АХМЕТҚЫЗЫ, белгілі әлихантанушы ғалым, "Жас Алаш" ғылыми-зерттеу клубының негізін қалаушы: 

«ОРДАЛЫ ЖЕРДЕ ОРНЫМЫЗДЫ АЛДЫҚ!»

- Ақ орда деген сөзді айтуға батылы бармай жүрген қазақ бүгін Ақ ордасын салдырып, қазақтың тәуелсіздігінің символын көрсетті! Ата-бабамыздан мұра болып қалған ынтымақ пен бірлікті тасқа жазған Күлтегіннің тасы елімізге оралды. Онда не деп айтылып еді? "Ауызбірліктің жоқтығынан бек ұлдарын құл болды, пәк қыздарын күн болды"... Міне, сол ауызбіршілікке шақырған 30-жылдықтың да мерекесі келіп жетті. Кешегі қарақшылардың қанжығасында кеткен хандарымыздың басы елге оралды. Отаршылдардың аяғында тапталған шаңырағымыз бүгін тәуелсіздігіміздің символы ретінде аспанға көтерілді! Көк байрағымыз аспанда желбіреп тұр. Кешегі ата-бабамыз Алаш арыстарының сүйегі қайда қалғанын білмей жүрген қазаққа олардың атына күмбездер орнатып, соған зиярат етуге мүмкіндік алдық. Әлихан Бөкейхан ауданына қол жеткізуіміздің өзі кешегі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай "ордалы жерде орнымызды, олжалы жерде олжамызды, үлесті жерде үлесті жерімізді алдырған" дегенімен дәлме-дәл келіп отыр. Тәуелсіздік қадірін білетін жас ұрпақ келді! Біздің замандастар, біздің ұрпақ сіздерге елдіктің жеті тұғырын аманат етіп тапсырды. Енді осы аманатқа қиянат жасамай, ары қарай келесі 40-жылдықта, 50-жылдықта, 60-жылдықта сіздер осы Тәуелсіздікті жеткізіңіздер!

Естеріңізге сала кетейік, Әлихан Бөкейхан атындағы аудан 1938 жылы Қарағандының солтүстік бөлігінде құрылған. Ол 1961 жылға дейін Сталин ауданы болып аталып келді. Содан кейін Октябрь ауданы болып өзгертілді. Жер көлемі 22,4 мың гектар болатын ауданда қазіргі уақытта 227 мың адам тұрады.

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер