"Тоғызыншы палата" - Гүлмира Асылбекқызы

3123
Adyrna.kz Telegram

Көптен мазалап барып қоятын оң құлағым биыл күз әбден беймаза болып алды. Бір есептен оны қыркүйектен ковидке қарсы ектірген Vero Cell вакцинасымен де байланыстырамын. Ектіргендердің айтуынша, кви-ге қарсы вакцина бойыңдағы жасырын-жария бүткіл ауруыңды қозғайды екен. Мысалы, вакцина салдырған күні кешкісін қызуым сәл көтеріліп, мазасыздандым. Шамалыдан кейін тобықтан жоғары қарай маса шаққандай болатын қызыл бөртпе қаптады. Одан әрі оншақты жыл бұрын баспалдақтан тайып құлап, қайырып алған оң аяқтың тобығы сыздап, белгі берді.

Сосын кезек ішкі ағзаға, асқазан-бүйрек, ең соңында оң құлаққа кеп жетті. Әйтеуір не керек, өзім тіркелген №16 қалалық емхана содан бастап «екінші үйіме» айналды. Қаптаған анализ тапсыру, врачтарға таусылмайтын талон. Бір есікке кірсең, бірнеше есікке буат-буат жолдамамен шығасың. Солардың бірі – аллерголог үстімдегі бөртпелерді көріп, вакцина маған қарсы көрсетілім беріп тұрғанын, сондықтан екпенің екінші дозасын алуға болмайтынын кесіп айтты. Бірақ өзге дәрігерлер аллерголог әріптестері берген қарсылық қағазы мені вакциналаудан босатуға негіз бола алмайтынын айтып, қалайда екпе алуың керек деп отыр. Бір маман «Вакцина өміріңе қауіп» дейді, өңгелері оны терістейді. Кімге сенесің? Кісіні вакцинациялауға жіберер алдында толыққанды медициналық скрининг неге өткізілмейді? Әңгіме адамның өмірі туралы болып отыр ғой.

Осы тұрғыдан келгенде 16-шы емхананың құлақ-мұрын дәрігері Дархан Қанатұлын Гиппократ антына адал аздың бірі ме деп қалдым. Менің құлақтағы дертімді айна-қатесіз анықтаған ол ота жасамаса болмайтынын жеткізді.

Енді не істеу керек? Қағаздарымды алып, біздегі құлақ-мұрын ауруларына маманданған бірден бір мекеме – № 5 клиникалық ауруханаға келдім. Таңғы жетіде барсаң қаптаған кезек. Электронды талонмен кіру мұнда жетпеген – баяғы айқай-шу, абай-қоқай. Ең қиыны, цифрлы картон қағазымды таңғы 7-де алып, түскі 2-де өліп-талып алдына жеткен дәрігерлерім кезек-кезек қара аспанды суға алдырып, шипа іздеп (одан да бұрын сөзбен болатын дәру іздеп) келген менің күдерімді үзе жаздады. Сөздерін тыңдасаң, құдды мені отаға емес, ана дүниеге дайындап жатқандай. Айтатындары – «операциядан басқа жол жоқ – не ота, не менингит, ал бұл сырқаттың соңы өмірмен қоштасу». Тек біреуі оңашада портал бойынша әсте ота жасамаймын деп, «ставкасын» ап-ашық айта салғанда барып қауашағыма бірдеңе барғандай болды: әлгі «өмірден түңілдіру» операциясы кісіні ақылы операцияға көндіру амалы екен ғой...

Сөйтіп, жазылам ба деп барған мен ол жерден өмірден баз кешіп, қаптаған негатив арқалап шықтым.

Енді не істеймін? Үй-іші Өзбекстаннан маман іздей бастады. Ақылы, едәуір ақылы, бірақ «гарантия» береді екен, т.с.с. Сонда өзімізде, мегаполисте жібі түзу маман табылмағаны ма деп ойладым. Сөйтіп отырғанымда баяғы 16-дағы Дархан дәрігерім жазып берген қаладағы лор дәрігерлердің тізіміне көзім түсті. Ең соңы болып, Дархан ұстазым деп кәделеп айтқан Мұхтар Сахиұлының телефон нөмірі тұр екен. Дәрігер «Ақсай» балалар ауруханасына бір сағаттан қалмай жетуімді сұрап, әңгімені келте қайырды.

Қызығы сол, Мұхтар аға 5-ші ауруханадағылар сияқты құлағымды оңды-солды жұлқылаған жоқ: оториноларингологиялық кабинетте компьютерге жалғанған узи сияқты құрылғы арқылы құлақ ішіне еніп, жағдайды тексерді. Өзіме де көрсетіп, түсіндіріп отырды. Сөйтсем, келген жерім С. Асфендияров атындағы медицина университетіне қарасты клиника екен де, университеттің резидентурасында оқитындар осында тәжірибеден өтетін көрінеді. Қалай болғанда да Мұхтар Жұмахметов қойған сұрақтарыма нық, сенімді жауап берді. «Жасап жүрген операциям ғой, бәрі жақсы болады» деп, көңілімді демдеп қойды. «Менингит... аузың қисаяды... құрисың...» деп, айналасын ат тепкендей үркітіп, Бейімбеттің әңгімесіндегі Арыстанбайдың Мұқышы сияқты төндіре сөйлеу бұл жерде атымен жоқ. Сөзбен әлден емдеп отырады. Жасырмай, шындықты айтады. «Сіз емделмей ұзақ жүріп қалғандықтан ауруды асқындырып алғансыз, – деді маған. – Сөйтіп құлақ қуысында болатын холестеатома деген кесел құлақ сүйегін жей берген. Былай қарағанда, пәлендей қауіпті де емес ол, ал бірақ ұзақ уақыт еркіне жіберсе бұл паразит құлақ, самай сүйегін кеулеп жеп, ақыры кісі естуден қалады. Микроскоппен жасалатын ота арқылы әлгі кеселді жойып, құлақ қуысын әбден тазалап, құлақ қуысына жасанды жарғақ орнатылады. Сәтін салса, операциядан кейін бұрынғыдан жақсырақ еститін боласыз, бәлки есту қабілетіңіз бірінші дәрежеге ауысады. Одан әрі төмендемей, әлгі дәрежеде қалуының өзі сіздің жағдайыңызға жеңіспен пара-пар».

Осы сөздерден кейін жағдайым өзіме айқындалып, ота керуетіне бір күдік, бір үмітпен жаттым. Жаратушыға да бір күдік, бір үміттің арасында жалбарындым. «Жалғыздың жары – құдай» демей ме, көзімнің ағы мен қарасындай бір түйір ұлымның кемдік көрмей, азамат болып жетілуі үшін де кеселге шипа бере гөр деп жатып, наркозбен келген ұйқыға бас қойыппын.

Әлдебір беймәлім әлем... Оған апаратын жол аппақ бөлме арқылы өтеді екен деймін. Кәдімгі емханалардағы тұзды шахта сияқты түп-түгел ақ шаңылтаққа оранған аралық қылта. Одан әрі өттім бе, жоқ па, білмеймін, әйтеуір әлгі «шахтаны» тастап шығып, көзімді ашсам... төбе толған әлеміш-әлеміш, гүлді сүгірет, қызылды-жасылды шар бейнесі. Құдды балалық шаққа саяхат жасағандай болдым. Сөйтсем, жатқан жерім балалар ауруханасы болғандықтан кішкентай пациенттерге арнап, ота бөлмесін бала сүгіреттерімен безендіріп тастаған екен ғой.

Реанимациядан соң бес сағат аралатып тоғызынша палатама оралдым. «Партизанмын» – сөйлесем жағым қаусайтындықтан көзбен, ыммен ұқтырамын айтарымды. Айнала құлақтан, мұрыннан, көмейден кеткен бала-шаға, оларды өбектеген аналары. Көбісі Қызылорда, Ақтау, Атыраудан. Экологиясы нашар, тұзды аймақтардан. Қай-қайсымен сөйлессең де Айгүл Рахманқызы, Мұхтар Сахиұлы, Самат Талғатұлы айтатындары. Кезек-кезек алғыстарын жаудырады осы кісілерге. Соң білдім, Айгүл Рахманқызы аурухана директорының емдеу жұмыстары бойынша орынбасары, Мұхтар Сахиұлы  лор бөлімшесінің меңгерушісі, ал Самат бауырымыз Мұхтар ағаның ассистенті екен. Резидентурада оқитын Самат Талғатұлы маған ота кезінде ассистенттік етіп, соңыра емдеуші дәрігерім міндетін атқарды, ұстазы секілді қазақтың атан жілік атпал азаматы, ал араласа келгенде сондай иман жүзді, қолы да жеңіл, құлағымның орауышын қайыра таңып берген кезде саусақтары сондай ұнтап, «таңа түссе екен» деп, елтіп, мүлгіп отырғаның әшейін...

Жазатын адамның қолынан не келеді? Сезімін, көріп-білгенін, күйініші мен сүйінішін ақ қағазға өрнектеп, оқырманмен бөлісу ғой. Шығармашылықтың осындай тылсым құпиясы бар, екінші жағынан сүйекке сіңген білмекке құмарлық жетелеп, орайын тауып Мұхтар Сахиұлымен тілдестім. Мамандығының сырын, оның қазіргі ахуалын сұрадым.

- Бүгінде біздің сала бойынша тренд ретінде алда келе жатқан бағыт – косметология. Иә, дәл солай, таңданбаңыз, – деп ащы жымиды дәрігер. – Әдемілік үшін, имидж деп көз-мұрындарын қалауына қарай жөндегісі келетіндердің қатары көбейіп келеді. Сұранысқа орай блефопаропластика, ринопластика, липосакция, абдоминопластика оталарын жасайтын жеке клиникалардың да үлесі артты. Енді біз өз тарапымыздан осы саланы жетілдіріп, аталған операциялардың сапасын жақсартуға көбірек көңіл бөлсек дейміз.

Мұхтар Сахиұлының айтуынша, оториноларингология бойынша дәл қазір бізге керегі шетелдік тәжірибе екен. Соның ішінде Корея, Түркия мен Ресейден арнайы маман шақырып үйрену, тәжірибе алмасу. Мысалы, қазірде балалар арасында көмей ауруына шалдыққандар көбейіп кеткен. Тіпті осы кеселмен шала туылатын нәрестелер аз емес, ал өкпе қабынуына ұшырап, тыныс алу құрылғысына қосылған балалар көмей стенозына (көмейдің тарылуы) да шалдығады. Көмейде тыртық пайда болады. Бізде бұған ота жасай алмайды. Шеттен маман шақырады. Әлгіндей ауруға шалдығып, көмейін тесіп, түтік қойып демалып жүрген балаға Италиядан келген профессор Роберто Пужеду жасаған ота – біздегі осындай алғашқы операция. Сеньор Роберто сондай он бес операция жасады, бәрі де сәтті, балалар түгел дерлік ауызбен дем ала алатын болды.

- Үшінші тренд кохлеарлық имплантация бойынша орын алып тұр, – деп ойын сабақтады доктор Жұмахметов. – Отаның бұл түрін туабітті ұлуы (улиткасы) бар балаларға жасауға болады, ал ұлу болмаса ағзаға электронды жолмен ене алмайсың. Батыс нейрохирургтері ағзаға мидағы есту орталығы арқылы электронды енудің жолын тапты. Алла қаласа, алдағы жылы осы тәсілді біз де енгіземіз. Әсіресе ол тәсіл құлақ кінәраттарын емдеуге өте керек, себебі бүгінде құлақ қалқаны, тіпті құлақ тесігі жоқ балалар бүгінде көптеп туылуда. Бұл орайда салаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу жағынан мемлекеттің көмегі керек...

«Ақсай» балалар ауруханасы елімізде балалар урологиясы бойынша жоғары дайындығымен ерекшеленеді екен. Сондай-ақ мұнда ортопедия, жалпы ортопедиялық емдеу ісі күшті жолға қойылған. Облыс орталықтарындағы ауруханалар негізінен травматологиямен айналысады да, ортопедиялық ота жасамайды. Ота жасау орталығы – «Ақсай» клиникалық ауруханасы, себебі мұнда ортопедист маман Исамдун Харамов, лор маман Айгүл Рахманқызы тәрізді ғылым кандидаттары, Асфендияров университетінің оқытушылары еңбек етеді. Бәлкім, әрине, ауруханалық сапа керемет деуге болмас, десе де емдеу сапасы еуропалық деңгейде деуге болады. Тек бұл мекеменің жарнамасы аздау ма деп қалдық, сол себепті оны былайғы көпшілік біле бермейді. Бұл жердің мамандарының әлеужеліде күнделікті аккаунт жүргізіп отыруға уақыттары да жоқ: хирургтер аптасына орта есеппен 20 ота жасайды екен, бұл күніге 5-6 операция деген сөз. Оның сыртында кеңес беру, науқастарды қадағалап отыру деген және бар. Содан да науқастар бұл жерге «бір әжем айтты» деген ескі тәсілмен келеді. Осы олқылықтың орнын сәл де болса толтыру мақсатында үшбу жазбаны жаздым, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей, «ақ халатты абзал жандар» деп шын көңілмен айтуға болатын өз ісінің адал шеберлері бар екендігін жұртшылық біле жүрсін деген ниетпен.

Сіздерге сыр қылып айтайын. Білесіз бе, «Ақсайда» болып келгелі менің құлақ, мұрын дейтін нәрселерге құрметім артты. Шыны керек, біз көбінесе жүрек, ми, бауыр-бүйректі көбірек айтып, құлақ-мұрынды екінші кезекке қойып жатамыз ғой. Ал мен көрген, әңгімесін естіген Самат Талғатұлы дәрігерім болса, осы бір сөздерді көл жағасының қызғыш құсының келте қайырған әсем әніндей созып, махаббат сезімін қосып айтады. Қазір жазып отырғанымда оның сол бір дауысы жасанды жарғақты жаңа құлағымның ішінде күңгір-күңгір күмбірлейді.

- Білесіз бе, мұрыннан кірген ауа миға оттегі боп жетеді. Жүрегіміз, өкпеміз, жалпы бүкіл ағзамыз бізге өмір сыйлайтын сол оттегіне дәл мұрын көмегімен қанығады. Сырттай жай тесік болып көрінгенімен, мұрын, сол сияқты құлағымыз да құм жолындай бытпылдық, шырғалаң. Адам баласы үшін аса маңызды лабиринт.

Құлағыңыз бен мұрныңызды күтіп, күтініп жүріңіз, ағайын...

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер