2025 жылға қарай Шымкентте шығарылатын өнімдер 25 елге экпортталмақ

1650
Adyrna.kz Telegram

Шымкенттің өнеркәсіп саласында есепті кезеңде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, жаңадан 10 кәсіпорын ашылған. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

«Мемлекет басшысы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Осыған орай, қалада жаңадан 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. Біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазір инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Аймақта шамамен 200 млрд. теңгеге 60 ірі кәсіпорындар ашылады. Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгіннің өзінде 100 млрд. теңгеге 25 инвестициялық жобалардың пулы жасақталды. Екіншісі – «Стандарт» жеке индустриалды аймағы. Шағын және орта бизнес субъектілерін шоғырландырады. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Мұнда 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылады»,- деді шаһар басшысы.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, шикізаттық емес экспорт көлемін 2021 жылғы 450 млн. АҚШ долларынан 2025 жылы 700 млн. АҚШ долларға жеткізу немесе 1,5 есеге ұлғайту көзделуде.

Бұл бағытта бес жылда шикізат емес секторда 608 млрд. теңгеге жаңадан 62 жоба іске асады, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, тамақ өндірісі, химия, машина жасау өнеркәсібі салаларында 30 өнім түрлері экспортталады және өнім шығару географиясы қазіргі 15 елден 2025 жылы 25 елге жеткізіледі.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер