Қазақтың қонақжайлылығы дастарханмен ғана емес, тұтас ұлтпен өлшенеді

2174
Adyrna.kz Telegram

Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтау үшін құрылған ҚХА қазіргі таңда үлкен белестерді бағындырып, ел тыныштығының жарқын көрінісі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен үлкен тұғырға айналған Ассамблея қазақты асқақтатты.

130-дан астам ұлт өкілдерінің қара шағырағына айналған Қазақстан бірлік мекені. Бұл пікірді біз емес, өзге ұлт өкілдерінің өздері үлкен мақтанышпен айта алады.

Солардың бірегейі, Батыс Қазақстанда мекен ететін «Жымпитылық немістер». Қазақ топырағына сіңіскеніне биыл тура 80 жыл болмақ. Ұлты неміс болса да ұрпағына «сен қазақсың!» деп тәрбие беретіндерін зор мақтанышпен айта алады.

Қазақ жеріне нәубет жылдары бас сауғалап келген әр адамды құшақ жая қарсы алып, бөлектендірмей қатарға қосқан ата-бабамыз қандай көрегенді жандар болған, ә?

Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданын мекендеген немістер туралы кітап 2002 жылы жарық көрген еді. Бұл кітапта жүзден аса неміс отбасылары баяндалады. Олардың қазақ жеріне қалай келгендігі, салт-дәстүрге бейімделіп, қазақ тілін үйренуі, тіпті басшылық қызметке дейін татулықтың арқасында қалай қол жеткізгендігі туралы да кеңінен жазылады.

«Адырна» ұлттық порталына «Жымпитылық немістер» кітабының алтын қорынан орын алған Геннадий Вебер ағамыз сұхбат берген еді.

Сұхбат барысында айтылған өнеге:

«Ұлтым неміс болса да, мен өзгелерге өзімді қазақпын деп таныстырамын. Оның еш әбестігі жоқ. Талай жылдар мекен еткен жұмақ жерді өз ұлтым деп білемін».

«Неміс-қазақ салт-дәстүр, тамағы біздің өңірде ортақтасып кетті. Біз оларға бау-бақша егіп, тосап қайнатуды үйретсек, олар бізге барлық қазақтың өмір салтын үйретті».

«Айналайын» сөзі сүйікті сөзім. Үйіме келген әр жанды осы сөзбен қарсы аламын. Жылулық сыйлайтынын жүрегім сезеді».

«Дініміз басқа болса да, қазақ жеріне келіп мұсылман атандық. Ата-анам аруланып жерленді. Осының өзі біздің нағыз қазақ болғанымыздың нақ дәлелі емес пе?».

Геннадий ағамыздың дәл осылай айтқан қайратты сөздері қазақ ұлтының ауызбіршілігінің мықты екенін көрсетіп тұр.

Адам туғанда ұлт таңдамайды деген сөз рас. Адам бойындағы ізгі қасиеттер тіпті жүректегі жылы сезім тұрғанда ұлтқа бөлініп, туралану жат қылық.

ҚХА құрылғандағы басты мақсат, негізгі қағида да осы еді. Қазақтың қонақжайлылығы тек дастарханмен емес, тұтас бір ұлтпен көрсетілгені біздің жетістік!

Інжу ӨМІРЗАҚ,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер