Елбасының Ақтөбе облысына сапарлары

2928
Adyrna.kz Telegram
Тәуелсіздік жылдарында Елбасы — ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе облысына келген — ресми сапары өз ерекшелігімен есте қалды. Себебі Елбасы өзінің әр келгенінде өңірдегі ірі әлеуметтік-мәдени нысандардың ашылуына қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Ал Тұңғыш Президенттің өзі «Ақтөбе — құтты мекен!» деп айдар таққан қаламыз бүгінде көркейіп, жылдан-жылға дамып келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Елбасының облысқа келген сапарлары туралы жазуды жөн көрдік.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет атанғаннан кейін ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен алғаш рет 1992 жылы 20 тамызда келді. Бұл келген сапарында Елбасы Қазақстанның 40 жылдық кеңшар, Хромтау қаласында болып, қайтар жолда «Искра» ұжымшарының бидай алқабын көрді. Ал 21 тамызда Комсомол ауданындағы (қазіргі Әйтеке би)  Шилісай өндірісімен танысты.

Одан кейін 1993 жылы 25 тамызда келген ресми сапарында Нұрсұлтан Назарбаев К.Маркс атындағы кеңшардың қой өсіруші шаруашылығын көрді. Сондай-ақ Мәртөк ауданын аралады.

1995 жылы 25 қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев облысқа келген қысқа мерзімді қызмет сапарында Ақтөбе облысының әкімі етіп Аслан Мусинді тағайындады. Савелий Пачинді Ақтөбе облысы әкімі қызметінен босатты.

1995 жылы желтоқсанда келген сапарында өңірде Президент шыршасын ашты. Балаларға домбыра тартып берді. Сол кештен қалған жәдігерлер бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.

1997 жылы 11 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге жұмыс сапарымен келіп, Жаңажолдағы болашақ газ-турбиналық электр станциясының іргетасына символикалық кірпішті қалады, «Феррохром» акционерлік қоғамымен және «Альбион» бизнес орталығының жұмысымен танысты.

1998 жылы 20 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыстың Алға, Хромтау, Қарғалы аудандарында, Есет батыр мемориалды кешенінде, Дөң кен байыту комбинатында, «Степной» өндірістік кооперативінде болды. Ақтөбе жоғарғы әскери авиация училищесін үздік бітірген бір топ түлектерге дипломдар табыс етті, содан кейін «Қоныс» спорт сарайында «Экспо-бизнес – Ақтөбе-98» көрмесімен танысты.

1998 жылы 16 қарашада Ақтөбеге келген сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті алдында қазақ тіл ғылымының негізін салушы Қ.Жұбанов ескерткішіне гүл шоғын қойды, қаланың Ә.Молдағұлова атындағы даңғылында салынып жатқан «Әлия» жабық базарында, «Сласти-Ақтөбе», «Актурбо» акционерлік қоғамдары мекемелерінде, т.б. жерлерде болды. Ал 17 қарашада Қазақстанның Азаматтық партиясының құрылтай съезіне жиналған 3 мыңға жуық делегатпен кездесіп, съезде сөз сөйледі.

1999 жылы 12 тамызда Елбасы Дөң кен байыту комбинатында болып, Хромтау ауданына қарасты «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде егіншілермен кездесті. Сондай-ақ қаланың орталығында орналасқан «Әлия» жабық базарын аралап, Орталық мешіттің Зия Юсуп пен имамы кездесті.

Бұдан кейін тұңғыш Президент Ақтөбе өңіріне арнайы іссапармен 2001 жылы 2 маусымда келді. Бұл сапарында Нұрсұлтан Назарбаев «Есет батыр» атындағы облыстық әскери-полиция мектеп-интернатына, ипподромға барып, Ақтөбе облысы сәйгүліктерінің жарысын көрді. «Феррохром» ашық акционерлік өндірісінің, «Актурбо» АҚ және «Қазақстан трубо-пром» ЖШС-ның жұмысымен танысты.

2002 жылы 3 сәуірде Елбасы өңірге келген жұмыс сапарында облыс әкімі Ермек Имантаевты таныстырды, Ақтөбе мен Хромтау қалаларының бірқатар кәсіпорындарын аралады.

Араға үш жыл салып, 2004 жылы 17 тамызда келген іссапарында Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі шағын өнеркәсіп, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес өкілдерімен және ірі өндірістің басшыларымен кездесуде сөйлеген сөзінде өзекті мәселелерді қозғады.

2005 жылы 11 мамырда Елбасы Ақтөбедегі 12-шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысын көріп, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және әлеуметтік жағынан қорғалатын азаматтарға пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне, «Қазақстан Халық Банкі» ААҚ Ақтөбе филиалының жаңа ғимаратының ашылуына қатысып, кәсіпкерлермен кездесіп, құбыр жасайтын «Хобас Пайпс Қазақстан» ЖШС зауытын іске қосу салтанатына қатысты. Ертеңіне Қандыағаштағы «Владимир и Д» ЖШС-ның ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін көріп, «Қазхром» ТҰК» АҚ ферроқорытпа зауытының америкалық технология бойынша жасалған жаңа цехының ашылуына қатысты.

2006 жылы 7 қыркүйекте жұмыс сапарымен келген тұңғыш Президент Хромтау ауданы Көктау ауылындағы Мыс-кен байыту зауытының, Өлкедегі «Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысы» электр берілісінің аймақаралық желісі құрылысының тұсауын кесті.

8 қыркүйек күні Елбасы «Отан» республикалық саяси партиясы Ақтөбе филиалы жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, «Көктем» коттедж қалашығындағы құрылысшылармен және құрылыс отряды студенттерімен жүздесіп, осындағы Шынтасовтар отбасында қонақта болды.

2008 жылы 21 қыркүйекте келген сапарында Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе халықаралық әуежайының жұмысымен танысып, авиация ардагерлерімен кездесті. Ал 22 қыркүйекте Ақтөбедегі Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумына қатысты. «Нұр Ғасыр» мешітінде, жаңа православие шіркеуінде, т.б. жерлерде болды.

2009 жылы 10 қыркүйекте келген жұмыс сапарында тұңғыш Президент Ақтөбе қаласындағы орталық демалыс және мәдениет саябағында орналасқан «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарын аралады. Мұнда Елбасы достық пен бірліктің символы болатын ғажайып кешеннің тұсауын кесті.

— Мен ақтөбеліктерді қаланың 140 жылдық мерейтойымен құттықтауға арнайы келдім, — деді Елбасы.

Айта кету керек, бүгінде аталған кешеннің маңдай жағына еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ең асыл қазына — бірлік» деген қанатты сөзі мен айқара ашылған кітапта «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен — Ақтөбе!» деген облыс жұртшылығына арналған ақ тілегі жазылып тұр. Елбасының бұл тілегі қазір ақтөбеліктердің ұранына айналды.

Осы сапарында Елбасы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жоғары көміртекті феррохромды қорытатын төртінші балқыту цехы құрылысының негізін қалау салтанатына, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі құрылысының басталуына, Ақтөбедегі Достық үйінің тұсаукесеріне, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өткен Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шараға қатысты, сондай-ақ Кірпішті селосындағы болашақ «Олимпиадалық» спорт кешені құрамына кіретін теннис орталығында спортшылармен кездесті.

2011 жылы наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді. Бұл сапарында полиэтилен өндірумен айналысатын «Ақтөбеқұрылысхиммонтаж» ЖШС зауытына барды. Зауыт аумағында бірнеше инвестициялық жобаның тұсауы кесілді. Бұдан соң Елбасы жаңадан салынған қалалық ІІБ Зауыт полиция бөліміне бас сұқты, азаматтардың арызын қабылдау тәртібімен және ақпараттық терминал мүмкіндіктерімен танысты.

Қашанда тың бастамаларымен таң қалдыратын Ақтөбе облысының тағы бір жобасы —  «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты марафон сол жылы Елбасының қатысуымен екінші кезеңге аяқ басты.
«Бұл акция — тәуелсіздік тұстастары ретінде сендердің 20 жылдық мерейтойға жасаған елеулі тартуларың. Сонымен қатар бұл – Ақтөбе жастарының Қазақстанның дамуына қосқан үлесі», — деді Елбасы марафон барысында.

2014 жылы маусым айында облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жаңа ферроқорытпа зауытына барды. Елбасы зауыттың бірінші балқыту пешін салтанатты жағдайда іске қосты. Кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесті, олар мемлекет тарапынан металлургтерге тұрақты түрде назар аударылып, қолдау көрсетілетіні үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Елбасы «Достық» су спорты орталығының тренажер залы мен бассейнін де аралап көрді.

2015 жылы 2 сәуірде Ақтөбеге екі күндік жұмыс сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша іске қосылған көпсалалы облыстық аурухана жұмысымен танысты. Сапар барысында Елбасы «Дастан» ЖШС тұрғызған «CityShopingCenter» сауда кешенін де аралап көрді. Одан соң бизнес, банк өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ «Ақтөбе-орталық» ЖШС-ның көлік-логистика орталығында болып, жергілікті өндіріс орындарының өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбедегі сапары облыс орталығындағы ірі өндіріс орны — рельс- арқалық зауытында жалғасты. Елбасы Ақтөбедегі рельс арқалық зауытын индустрияландырудың шыңы деп жоғары баға берді.

2016 жылы 11 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Іссапар аясында Елбасы «Ақтөбе-жылыжай» ЖШС жылыжай кешенінің жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыруда ғылыми тәсілдерді қолданудың маңыздылығына айрықша тоқталды. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы планета халқының көбейіп келе жатқанына байланысты аграрлық сала өнімдеріне ұдайы сұраныс болатынын атап көрсетіп, сондықтан да ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге және озық халықаралық тәжірибелерді игеруге шақырды. Сондай-ақ Елбасы Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытында өндірілетін өнімдердің жаңа түрлерінің үлгілерімен және жабдықтарды шығарудың технологиялық процестерімен танысты. Іссапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығындағы физика-математика бағытында білім беретін Назарбаев Зияткерлік мектебіне барып, мектеп ұжымы мен дарынды оқушылармен кездесіп, оларға оқуда табыс тіледі.

2017 жылы 4 қазанда облысқа жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазхром» ферроқорытпа зауытында болды. Елбасы осыдан төрт жыл бұрын пай­далануға берілген ірі кәсіпорынның қазіргі жай-күйі туралы, зауыттың №4 инновациялық цехы туралы мәліметтерге қанық болғаннан кейін «Қазхром» трансұлттық компа­ни­я­сы» АҚ-ның алдағы даму бағыттарына қатысты нақты тапсырмалар берді.

«Кәсіпорынның негізгі тұтынушылары мен экспорт көлемін одан әрі көбейту жолдарын қарастыру керек», — деп тапсырды Елбасы.

Бұл сапарында Нұрсұлтан Назарбаев республиканың индустрияландыру картасындағы ең ірі жобалардың бірі Ақтөбе рельс-арқалық зауытына да барды. Бәсекелестікке қабілетті өнімдер шығаруға мүмкіндік беріп отырған ең соңғы үл­гі­дегі заманауи технологиямен жабдықталған зауытқа Ел­басы оң бағасын берді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жылғы сапары «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінде өткен зиялы қауым өкілдері және кәсіпкерлермен, әдебиет, өнер адамдарымен, қоғамдық ұйым мүшелерімен кездесуімен де есте қалды.

2018 жылы 15 қазанда Ақтөбеге келген жұмыс сапарында Елбасы баламалы энергетика технологиясымен жабдықталған Қазақстандағы санаулы кешендердің бірі — Энергия тиімділігі орталығының жұмысымен танысты. Күн панельдерімен, газ поршенді станциямен, геотермальді жүйемен, сондай-ақ жел генераторларымен жабдықталған мұндай орталық Астана мен Алматы сияқты еліміздің орталық қалаларында ғана бар.

Бұдан соң тұңғыш Президент «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болған ақтөбеліктермен кездесіп, шаһардың даму барысы, соның ішінде агломерация, «SmartCity Ақтөбе» жүйесі мен қаланың қоғамдық кеңістігін құруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Бұл сапарында Нұрсұлтан Назарбаев церебральды сал ауруына, сүйек-бұлшық ет жүйесі және аутизм ауруына шалдыққан балаларды оңалту мақсатында жұмыс істейтін «Аяла» балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту орталығын аралап, дәрігерлермен, емделуші балалармен, олардың ата-аналарымен кездесті.

Сондай-ақ «Бақытты бала» оқу-сауықтыру орталығында интеллектуалдық және ғылыми олимпиадалардың жеңімпаздарымен кездесті. Одан соң зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлерімен пікірлесті.

 

 Әзірлеген Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер