Алматылық ерлі-зайыпты қызының ұл екенін дәлелдей алмай жүр

4453

Алматылық Мақпал Нұрлан 29 қыркүйекте туған қызы ұл емес екенін дәлелдей алмай жүр. Қаладағы №3 перинаталдық орталық дәрігерлері қыздың медициналық туу туралы куәлігіне сәбидің жынысын «ұл» деп жазып берген. Есімін Ажар деп қойған нәрестесінің дүние есігін ашқанына үш айға жуықтаса да, әлі ешқандай құжаты жоқ, – деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы 31-арнаға сілтеме жасап.

«Өзі қыз бала, бірақ құжатта «ұл» деп көрсетілген. Бізге осыны өзгертіп бере алмай жатыр. Баламның әлі күнге дейін туу туралы куәлігі жоқ. Екі жарым айдан бері осы қатеге бола құжатты ала алмай жүрміз. Азан шақырып, атын «Ажар» деп қойсақ та, баламның туу туралы куәлігі жоқ. Соны өзгертіп бере алмай жатыр. Бір жарым айда өзгертіп береміз деп айтқан еді», – деді сәбидің анасы Мақпал Нұрлан.

Әйелдің жолдасы Ұларбек Омар перзентханадағылардың адаммен қарым-қатынасының да көңілді көншітпейтінін айтады. Орталыққа сан рет келсе де, қанағаттанарлық жауап алмаған.

«Азаматтық пен АХАЖ құжатымыз бар. Қазақстан Республикасының толыққанды азаматымыз. Бірақ, 2,5 айдан бері туу туралы куәлік бермей жатыр. «Қайда барсаңдар, онда барыңдар» деп бізге дұрыстап жауап бермейді», – деді Мақпал Нұрланның жолдасы Ұларбек Омар.

Перинаталды орталық қызметкерлері баланың жынысын жазғанда қате жібергенін мойындап отыр. Бірақ бұл дәрігерлердің қателігі емес екенін айтады.

«Бұл қателік дәрігердің салғырттығы да, қателігі де емес. Алайда ақпараттық жүйеге оператор сәби туралы ақпаратты енгізген кезде жынысын қате жазған. Бұл қателікті біз бірден байқадық. Барлық ақпараттық жүйе бір-бірімен байланысты болғандықтан, оны сол жерде бірден жөндей алмадық. Кейін алгоритмге сәйкес, өзімізден жоғары тұрған мекемеге хат жаздық», – деп түсіндірді Алматы қалалық перинаталдық орталық директорының орынбасары Салтанат Ерболатова.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдаған перинаталдық орталықтағылар олқылық жуық арада түзетіледі деп сендірді. Ал сәбидің ата-анасы құжат қолға тисе, сотқа жүгінбейтінін айтып отыр.

 

 

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket