Шымкент қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, №135 жалпы орта білім беретін мектепте суырып салма ақын, шайыр «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Шымкент қалалық «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуовпен сырлы сұхбат кеші өтті. Кешке аяулы әжелер, мұғалімдер және мектеп оқушылары қатысты.
Кеш қонағы өзінің басынан өткен қызықты оқиғалары мен ақындық қабілетті қалай шыңдау керектігі жайлы айтты. Сонымен қатар, кеш қатысушалары көкейінде жүрген қызықты сұрақтарын да қойды. Ақынның шығарған жырларымен, өлең шумақ, кітаптарымен оқушылар тереңінен таныса түсті.
Бүгінге дейін талай рет халықаралық, республикалық аламандарда топ жарып, қанжығасына бас бәйгені байлаған Біржан – Оңтүстіктің тумасы. Айтыс сахнасында қарсыласына есе жібермейтін жігіт табан астында тапқырлық танытуының, суырыпсалма өнерінің құпиясымен бөлісіп, өз кезегінде қолына домбырасын алып , ықылас ретінде арнау айтты.
Кеш барысында мектептің белсенді оқушылары ән-жырдан шашу шашты. Жиналған қауым мән-маңызы ерекше болған жиыннан ерекше әсер алып тарқасты.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы