Бүгін — актер Қасым Жәкібаевтың туған күні

2246
Adyrna.kz Telegram

Бүгін — кеңестік және қазақ кино және театр актері, қазақ театрының мэтрі атанған дарынды артист, Қазақстанның халық әртісі, тәуелсіз «Платинды Бас Тарлан» сыйлығының және Қазақ Ұлттық киноакадемиясының «Құлагер» сыйлығының иегері, театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған актер Қасым Жәкібаевтың туған күні.

Қасым Әбекұлы Жәкібаев 1929 жылы 12 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Әкесі соғысқа кеткен, Қасым қазіргі Панфилов паркінде орналасқан «Красная звезда» артелінде жұмысшы болды. 15 жасында әкесі Әбек Ұлы Отан соғысында қаза табады. Әке өлімінен соң, көп ұзамай анасы Сарқыт та марқұм болады. Өмірдің қиын-қыстау кездерін, ауыртпашылығын ерте көрген Қасым 1944 жылы Алматыдағы Театр және көркемсурет училищесіне түсіп, 1948 жылы оны бітіріп шығады. Сол кезде Халық әртісі Яков Виктор Иванович пен қазақ өнерінің майталманы Мәнтай Сыздықовтан дәріс алған.

Тума дарын театр сахнасында жүріп 300-ден аса рөлді сомдайды. Соның ішінде Полоний (В.Шекспирдің «Гамлетінде»), Вурле (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында»), Қайрақбай (С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында»), Бүкір (С.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысында»), Тоқай (Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан енисейінде»), Шыңғыс хан (Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында»), Қонқай (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқ-тысында»), Әлібек (Ш.Айтматовтың «Арманым, Әселімінде») т.б. Қасым Жәкібаев–ойнақтаған жеті жасар баладан, қартайған жетпістегі шалға дейінгі рөлдерді сомдап, қазақ театр тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген дарынды тұлға.

Ол кино саласына да елеулі үлес қосқан танымал актер. Оның «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Махаббат станциясы», «Тоғысқан тағдырлар» фильмдеріндегі рөлдері — кино өнері тарихында қалды.

 

Пікірлер