ҚАЛАНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАРЫНА АРНАЛҒАН ЖИНАҚ ЖАРЫҚ КӨРДІ

1405
Adyrna.kz Telegram

"Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми әмбебап кітапханасында" шаһардың Құрметті азаматтарының қатысуымен "Шымкент қаласының Құрметті азаматтары" жинағының тұсаукесері өтті. Еңбек ардагері Шерім Медеуовпен бірге салтанатты іс-шарада жинақтың "қызыл лентасын" қиған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан шаһар басшысы атынан Құрметті азаматтарды құттықтап, кітаптың келешек ұрпаққа мол мұра болып қалатынын сөз етті.

- Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Осы кезең аясында еліміз экономикалық саяси көптеген белестерді бағындырды. Сонымен бірге республикалық мәртебеге ие болған Шымкент дербес мегаполис ретінде өзінің сара жолын бастады. Осыдан оның тарихын, мәдениетін саралайтын уақыт келіп жетті. Кітаптың жарыққа шығуы да Тәуелсіздік тұсындағы руханиятымыздың түгенделе бастауының бір белгісі. Жинаққа 1967 жылдан бүгінгі күнге дейін Құрметті азамат атағын алған кісілер енді. Елге, тіпті республикаға танымал түрлі сала бойынша 145 қайраткердің өмірбаяны жарияланды. Қала руханиятын байытуға бағытталған игі қадамдар бұдан кейін де жалғасын табады, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Шымкент - Қазақтанның оңтүстік қақпасы. Мегаполистің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан еңбек ардагерлері. Қаланың әрбір кірпіші солардың қолымен қаланғанын айтқан ардагер Еркін Сатқанбаев Құрметті азаматтарға денсаулық пен жемісті еңбек тіледі.

Талай шәкірт тәрбиелеп, қазақтың көк байрағын биікке көтеріп жүрген танымал тұлға елдің үздік бапкері Мырзағали Айтжанов та өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.

Сондай-ақ онлайн арқылы байланысқан қаламыздың Құрметті азаматтары белгілі ақын Мұхтар Шаханов пен мемлекет қайраткері Амалбек Тшанов жинақтың жарыққа шығуымен құттықтап, Шымкеттің шарықтап дамуына тілектерін білдірді.

Ал қазақтың ақын қызы Ханбибі Есенқарақызы жылы лебізімен қоса қаладағы ардагерлер аллеясына байланысты өз ұсынысын жеткізді.
Іс-шара соңында қаланың Құрметті азаматтары барлығы бірге естелікке суретке түсті.

"Шымкент қаласының Құрметті азаматтары" жинағы 1 мың дана тиражбен басылып шықты. Кітап мегаполистегі жоғары оқу орындары мен кітапханаларға таратылады. Жинақ қаланың дамуына еңбек сіңірген азаматтар өмірінен сыр шертетін нағыз энциклопедия. Ол бәрінен бұрын тарихтан тағылым алар ертеңгі ұрпақ үшін қажет.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Пікірлер