Елбасының төл өнерге жасаған қамқорлығы

3289
Adyrna.kz Telegram

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. 1991 жылдың 1 желтоқсан күні бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде халқымыз өзінің Тұңғыш Президентін сайлады. Осылайша қазақ халқы өз билігін, өз тізгінін қолға алды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен елімізде түрлі реформалар жүзеге асты. Ал біз осы жолы Елбасының төл өнерге жасаған қамқорлығына аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Қазақтың ұлттық құндылыққа, соның ішінде өнерге өте бай екені белгілі. Қазақ халқының рухани дүниесінде күй, ән, жыр, айтыс т.б. төл өнерлердің алатын орны ерекше.

Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева өзінің «Елім менің. Қалаулы сүйген тәтті әндер» атты кітабында «Әкемнің сұлу саз, асқақ әуендерге іңкәрлігін жоғалтпағанына ғұмыр бойы тәнтімін. Әкем елімізге тірек болса, қазақтың ғажайып сиқырлы, сұлу әндері сол тіректің өнбойына қажымас қуат қосады», – дейді. Елбасының сүйіп тыңдайтын әндері – «Гүлдариға», «Беу, айдай», «Дәурен-ай», «Гүлдерайым» және т.б. Осы орайда Елбасының қарапайым отырыстарда ән тыңдағанды жақсы көретінін атап өткен жөн. Бос уақытында өзінің де домбыраны шебер тартып, ән салатыны халық арасында жиі айтылады. Елбасының көп әндерді жатқа білетінін айтпаса болмас. Тіпті талай әншілердің білмейтін әндерді білуі тәнті қылады. Ерлан Рысқалидың өз аузынан естіген бір әңгімеге бұрылайын. 2006, 2007 жылдары болу керек, Қырғызстанға Мемлекет басшысымен бірге көптеген өнерпаздар барады. Өнерпаздардың ішінде 3 дәстүрлі әнші бар еді. Елбасының осы үш әншіні ерекше ықыласпен тыңдағаны аңғарылады. Ресми шара біткеннен кейін Елбасы осы өнер иелерін жеке тыңдағысы келеді. Кешкі бес шамасында басталады. Ән қоржындарын тексеріп, әртүрлі әндерді орындауларын сұрайды. Таңғы беске таяп қалғанда, Ерлан Рысқали Иман Жүсіптің әнін орындайды. Ән өте ұзақ. Шаршаңқырап тұрғасын, Ерлан ән соңына қарай кейбір шумақтардан секіріп, тастап кетіп отырып, әнді аяқтайды. Елбасы тыңдап болған соң, сол қалып қойған шумақтарды өзі айтып шығады. Сосын Ерланға «Ерлан, әрине сені түсінемін. Таңға дейін ән айту оңай емес. Алайда авторға қиянат жасауға болмайды. Ойын толық жеткізуге тырысуың керек», – дейді.

Елбасының төл өнерге жасаған қамқорлығы да аз емес. Секен Тұрысбеков бір сұхбатында «1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев маған «Секен, сен өз оркестріңді құрып, мектебіңді ашсаң», – деп қалды. Елбасының бұл сөзін маған деген сенім, жүктелген үлкен жауапкершілік деп білдім. Артар үміті де, қолдау, демеуі де, «Осыны орында» деген бұйрығы да, ағалық ақылы мен тілегі де сол сөзге сыйып жатқандай. Арманымның өзі осы ғой. «Ақжауын» оркестрі осылай дүниеге келген», – деген болатын. Сонымен қатар Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы құрылды. «Алатау» дәстүрлі өнер театры ашылды. 2000 жылдардың басында күллі түркі жұртының дәстүрлі музыкаларын түгендеу мақсатында «Күлтегінмен келген сарын» атты тұңғыш фестиваль ұйымдастырылды. Бұлар төл өнер бойынша Елбасы тарапынан басталған игі істердің бір парасы ғана.

Ұлттық өнер – ұлылығымыздың белгісі. Өнер тек жеке адамдар үшін емес, қоғамның дамуында да өте маңызды рөл атқарады. Өнеріміздің көсегесін көгерту, сабақтастықты сақтау – парызымыз. Сондай-ақ бұл ұлт үшін стратегиялық қажеті бар мәселе. Тұңғыш Президент күні құтты болсын! Басты тілегіміз – ел амандығы мен жұрт тыныштығы.

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы, «Алатау» дәстүрлі өнер театры
Әдебиет бөлімінің басшысы

Пікірлер