Home » Жаңалықтар » Қазақтың қазыргі жауабы – «уахабилер»

Қазақтың қазыргі жауабы – «уахабилер»

Қазіргі таңда халқымыз діни көзқарастарына қарай әртүрлі топқа жіктеле бастады. Бұл кеселдің алдын алып, әрекет етпесек, тарихтағы қателікті тағы да қайталауымыз мүмкін. Өйткені, кез-келген сырттан келген ағымның басты нысанасы — қазақ халқының ғасырлар бойына тірнектеп жинаған рухани мұрасы мен мәдениеті.

Біз, қазақтар өмірден өткендердің рухына Құран бағыштаймыз. Қазір тариқат, қабірді зиярат ету, оларға белгітас орнату исламға жат деп уағыз айтушылар көбейді. Олар музыка, театр, өнер, туған күн тойлауды харам, күнә деп есептейді. Біздің мұсылмандық түсінігіміз — Аллаға серік қосу (ширк) және дінге жаңалық қосу (бидғат) болса, ата-бабаларымыз қай ислам дінін ұстанған?,– деген сұрақтар туындауы мүмкін.

Құран мен Сунна негізінде: Біріншіден, «бидғат» деп, араб тіліндегі сөздік мағынасы «жаңалық енгізу» яғни, шариғат тұрғысынан пайғамбарымыз үйреткен ислам дінінде кездеспейтін іс-әрекетті айтады. Ислам ғұламалары бидғатты түгелдей жоққа шығармайды. Дінге жаңалық қосуды (бидғатты) жақсы және жаман деп екіге бөліп қарастырады.

«Жаман бидғат» деп ғұламалар ислам діні негіздері мен ғибадат формасына жаңалық енгізуді айтады. Мысалы, бес уақыт намазды, алты уақытқа шығаруға немесе екі уақытқа кемітуге болмайды. Исламның иман, намаз, ораза, зекет, қажылық және т.б. шарттарына өзгеріс енгізуіне жол жоқ.

Жақсы бидғатқа адамның ақылы, ой-санасы, қоғам мен адамның материалдық, рухани тіршілігіне, кемелдігіне үлес қосатын нәрселер кіреді. Бұлар діни және дүнияуи дамуға ықпал еткендіктен дінде рұқсат етіледі. Мысалы, Хз.Мұхаммед пайғамбардың туған күні (мәулід), тәспі (тасбих), салауат (тахлил), Алланы еске алу (зикр), әсем үйлерде тұру, техника жетістіктерінен пайдалану және т.б. Уаххабилер болса, пайғамбар дәуірінде болмаған нәрсенің бәрін жоққа шығарады. Оларға тұтастай бидғат деп қарайды. Ислам ешқашан адамның рухани, материалды дамуына, кемелденуіне қарсы шықпайды. Адамның ашқан жаңалықтарына Алла сүйіспеншілік танытады. Құран мен Суннаға оның талаптарына сай келетін нәрсенің бәрін ислам «ғұрып» дейді. Яғни, көркем, әдемі деген сөз. Барлық мұсылманның қабылдаған ісі Алла тарапынан да қабылданады. Егер біз Пайғамбар дәуірінде болмаған, Суннаға сай емес деп, бүгінгі ғылым мен тарихта қалыптасқан тафсир, хадис, фиқх ғылымдарынан бас тартсақ, мектеп, медресе, университетке бармасақ, бұл таза исламның рухына абсолюттік тұрғыдан қайшы келеді. Ислам қатып қалған қағида емес. Ол адамды, әсіресе, мұсылмандардың дамуы мен кемелденуіне бастайтын, сонысымен Алланың қияметке дейін үкімі жүретін соңғы діні.

Мұсылман ғұламалары сопылық тариқаттар туралы оның кемелдік жолы, ар ілімі екендігін айтып кеткен. Сопылық адамның ішкі әлемін арылтып, оны қоғамға пайдалы қылатын мектеп. Пайғамбар өзі туралы «Әлбетте, мен көркем моральды толықтыру, орнату үшін жіберілген пайғамбармын» деген еді. Ал, уаххабилер сопылыққа қарсы шығып, тариқат машайыхтарына ықпал беруді күпірлік, күнә деп есептейді. Рас, Пайғамбарымыз алғашқыда қабірді зиярат етуге тиым салған. Кейіннен пұтқа табынушылық тоқтаған соң, ислам діні мұсылман қауымының жүрегіне ұялаған соң, қабірді зиярат етуге рұқсат еткен. Пайғамбар: «Мен сіздерді қабірлерді зиярат етуден тоқтатып едім, енді қабірді зиярат ете беріңдер, өйткені онда сіздер үшін ғибрат бар» деген еді. Демек, алғашқы ислам дәуірінде, пұтқа табынушылық сияқты ширкке себеп болатын салт-сана басым кезде қабірге зияратқа тиым салынған. Кейіннен ғұламалар тарапынан қабірге зиярат жасаудың қағидалары деген атпен кітаптар да жазылды. Демек, исламда қағидалар — бекітілген ережелер шеңберінде қабірді зиярат ету, әулиелерді ардақтау сауапты іс екен.

Мазарға қабіртас, ескерткіш қою мәселесіне келсек, Пайғамбарымыздың өзі Усман Ибн Мазун қайтыс болғанда оның қабірінің үстіне белгі тас әкеліп қойған. Себебін сұрағандарға «Осы жерден өткенімізде тасты көріп, Усманды еске алып, дұға қылып тұрамын» деген екен. Демек, дінімізде өлгендерге белгітас қою шариғатқа жат емес екен.

Өлгендерге Құран бағыштау – барлық мұсылман әлемінде кең таралған. Ол өлілерді еске алу үшін жасалған шара, ғибраты, хикметі мол нәрсе. Құран оқу арқылы өлік шыққан үйге өзіңнің оның қайғысын бөліскеніңді білдіресің.

Пайғамбар айтады: «Құран Кәрім оқылғанда және Алла Құран оқығанға да, оны тыңдағанға да, сауап жазады. Сондықтан егер, оқушылар мәйітке Құран бағыштаса, Алла оқушыларға берген сауабын кемітпестен мәйітке де жазады» дейді. Сондықтан Құран тілауәты Алланың сөзінің сақталуы және ислам дінінің жандануының бір жолы деп қарау керек.

Құранда: «… Кейінгі келген әулет өкілдері өздерінен бұрын өтіп кеткен ата-бабаларына дұға оқып: Ей, Алла, Бізді кешір, иманда бізден бұрын өткен бауырларымыздың күнәларын кешір», — дейді.

Пайғамбардың өзі кейбір сүрелерді мәйітке оқудың артықшылығын айтқан. Мысалы: «Ясин сүресін оқысаңыз, мәйіттің азабы жеңілдейді» (Имам Ахмад Муснади).

«Адам баласы қайтыс болса, оның істеген сауап амалдары тоқтайды, бірақ үш нәрсе тоқтамайды. Садақа жария (жақсы іс), перзентінің оған жасаған дұғасы және пайдалы ілімі», Ибн Жаузийаның өзі, «Алдыңғы үш ғасырдағы ислам ғұламаларының жерлеу рәсімінен кейін Құран оқуды өсиет еткен», — дейді.

Тауассул пайғамбардың өзі: «Әй, Алла, Сенен, тек Сенен ғана сұраушылар үшін сұраймын» деген еді. Пайғамбар бір бишараға: «Әй, Алла, Сенен Сенің пайғамбарың арқылы сұраймын. Әй, Мұхаммед, Сіз арқылы Аллаға жалбарынамын. Әй, Алла, пайғамбардың хаққы, үшін мінажатымды қабыл ете гөр», — деп, дұға жаса дейді.

Қазақ мәдениеті мен мұсылмандығы, діни танымы барлық қабаттары арқылы ислам өркениетінің бөлінбес бөлшегі екендігін көрсетеді. Қазақ мұсылмандығының басқа мұсылмандықтардан ешқандай кемшілігі жоқ. Себебі, ондағы кезкелген құбылыс, салт дәстүр, жалпы құндылықтары ислами негізде болмысқа айналған.


 Досай КЕНЖЕТАЙ,

http://mazhab.kz

теология және философия ғылымдарының докторы, профессор

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ҚАРАШАЙ-БАЛҚАРЛАРДЫҢ ЭТНОС КҮНІ ӨТТІ

Тараз қаласының Достық үйінде «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігіне қарасты «Бірлік» қарашай-балкарлардың Жамбыл филиалы» этномәдени бірлестігінің ...