Көпұлтты, тату, егемендігі асқақ елде тұрып жатқаныма бақыттымын — Владислав Роденко

1232

Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті - мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға ықпал ету. Қазақ халқының ассамблеясы ел ішіндегі ұлтаралық қатынастың бейбітшілігін сақтау үшін қызмет ететіні белгілі. Елімізде қазақ тілін, қазақ мәдениетін, қазақ дәстүрін, салтын ұстанатын қаншама ұлт өкілі бар. Солардың бірі, бүгінгі таңда қазақ тілін жетік меңгеріп, дәстүр-салтына дейін ұстанатын орыс ұлтының өкілі Роденко Владиславпен «Адырна» тілшісі сұхбаттасты. 

- Владислав, Қазақстанға қалай көшіп келдіңіз, ел туралы қандай ойдасыз?

- Қазақстан – бейбітшілік пен бақыт ордасы. Неге десеңіз, мен бұл елге көшіп келгеніме он жылдай ғана уақыт болса да, бұл ел мені өзінің қонақжайлылығымен, әсем табиғатымен және көпұлтты татулығымен баурап алды десем болады. Өзім Ресейдің Саратов қаласының тумасымын. Біз отбасымызбен Қазақстанға ең әуелі туысқанымыздың шақыртуымен қонақ болып келген болатынбыз. Анама Қазақстан өте қатты ұнаған болуы керек бірден осында Алматы қаласына көшіп келіп, жасөспірім шағымның ең қызық кезеңдері осы елде өтті. Қазақ мектебінде оқып, тек қазақ балалармен араластым. Ортаншы ағам және әпкем үшеуіміз бір қазақ мектебін тәмамдадық.. Тек үлкен ағам ғана әлі күнге дейін қазақшаға шорқақтау. Басында үйренісе алмай, жатырқап, түсіне алмай, қиналғанымыз рас. Алайда, мектептегі білім мен өзімнің де бұл елдің мәдениеті мен тіліне деген қызығушылығым зор болды ма, жарты жылда еркін сөйлейтін халге жеттім. Мектепті аяқтаған соң, ЖОО орнын да мемлекеттік университетті қазақ тілінде таңдаған болатынмын. Қазақ тілінде көптеген кітаптар оқып, мақал-мәтелдер жаттап, қазақ әдебиетіндегі түрлі ақын-жазушылардың еңбегіне қызықтым.

- Расымен де, қазақшаға судай екенсіз. Қазақ тілінде осыншалықты еркін сөйлей білу үшін кітаптардан бөлек тағы ненің, кімнің пайдасы тиді?

- Жаңа тілге тиек еткендей жасөспірім шақтың қызықты кезеңі Қазақстанда, осы Алматы облысындағы Толқын атты ауылда өтті. Ал біздің ауылда, біз көшіп келген уақытта, орыс, татар, неміс, ұйғыр, өзбек, шешен, күрд ұлтының өкілдері де көп болды. Мектеп екі тілде болатын. Қазақ және орыс. Әркім өз таңдауы бойынша қалаған мектебінде оқуға мүмкіндігі болды. Ағам екеуміз анамның үгіттеуінсіз-ақ, қазақ мектебін таңдадық. Бастапқыда, біраз қиналдым. Алайда, араласатын ортаң қазақтар, мектептегі ұстаздарың да қазақтар, алдыңда жатқан білім көзі кітап та қазақ тілінде әрине жетік меңгермегенде қайтесің. Үйде ғана орысша сөйлесеміз. Анам әлі де қазақшаға онша емес. Дегенмен жақсы түсінеді. Қазақ тілін үйренем деген жандарға қазақ достар көбейтіңіздер, мен секілді қазақ қызына ғашық болып, оған қазақ тілінде сезім білдіріп, таң-тамаша етіңіз дегім келеді. (күліп)

- Қазақ қызына ғашық болдым дейсіз бе? Осы туралы тарқата айта кетіңізші...

- Иә. Дәл қазір отау құрғанымызға бір жылдан асып барады. Шындығында біздің махаббат дастанымыз «Қыз Жібек пен Төлегеннің» хикаясынан кенде емес. Тек біздікі ол дастан секілді емес, Аллаға шүкір, баянды жалғасын тапты.

Мен өзім мектеп шағымнан волейбол спортымен айналысамын. Түрлі елді-мекендерге барып, аудан, облыс бойынша ел аралап, жарыстарға жиі шығатынбыз. Жансаямен (Владиславтың жары) солай бір универсиада аясында, жарысқа барған уақытта танысқан болатынмын. Бастапқыда оның реакциясын білу үшін онымен орысша амандасып, орысша таныстым. Сұрасып, білісіп, телефон нөмірін алдым. Әлеуметтік желіде де орыс тілінде хат алмасатынбыз. Бір күні ұнату сезімі байқала бастаған сәтте, оған Мұқағали Мақатаевтың «Ғашықпын» деген өлеңін жібердім. Ол күлді де, «ты хоть понимаешь, что здесь написано» деп жауап берді. Ал мен оған, «түсінгенде қандай, сезімімді саған осылай жеткізгім келеді» деп жауап бердім. Ол таң қалды. «Қазақша білетін болсаң, осы уақытқа дейін неге мені орысша сөйлетіп қинап жүргенсің» деп тиісіп, күле бастады. Осылайша біздің махаббат дастанымыз қазақи лирикалық хикаяға айналды. Осыдан бір жыл бұрын Жансаяға үйленуге ұсыныс тастап, қазақы жоралғының барлығын жасап, қазақи дәстүрден аттамай, құдалық, сырға салу, ұзату, киттесу сынды жөн-жоралғының барлығын жасап отау құрдық. Өзім ислам дінін де қабылдаған болатынмын. Мешітте азан шықырып, мұсылманша қойылған атым – Ислам. Мешітке барып, шариғат бойынша ақ некемізді де қидық. Бүгінде біз - бақыттымыз.

- Туған жеріңіз немесе Қазақстан? Қайсысын таңдар едіңіз?

- Туған жер -  кімге болмасын ыстық, кімге болмасын жақын мекен. Әрине, балалық шағымның жарқын естеліктерін қалдырып кеткен Саратовты сағынбауым мүмкін емес. Өйткені, мен ол өлкеде туып өстім. Білім алдым, ата-анам қызмет жасады. Біз үшін қашан да туған жер ыстық мекен болып қала береді. Алайда, мен өз бақытымыды, өзімнің өмірлік мақсатымды, тағдырымды Қазақстаннан таптым. Қазақстан – бақыт мекені. Осы жерде, осы елде мен өзімнің өмірлік жетістіктерімді бағындырудамын. Кім біледі бәлкім Ресейде болсам бәрі басқаша болар ма еді, бәлкім керісінше бұдан да жақсы болар ма еді?! Бірақ, бұл тағдыр. Бұйыртқаны – осы. Не дегенмен де, бүгінгі күнім үшін шексіз бақыттымын.

Өзімнің жеке кәсібімді де дөңгелетудемін. Кәсіп тұрғысынан көптеген ұсыныстар болды. Басқа елде неге байқап көрмейсің, неге әрі қарай дамытпасқа, шет елдік нарыққа неге шығармасқа деген де ұсыныстар болды. Алайда мен, маған барын берген Қазақстан үшін, қазақ елінің экономикасы мен болашағы үшін ары қарай қызмет етуім керек деп шештім. Сол себепті де, өз кәсібімді Қазақстаннан бастағанды жөн көрдім. Алдымен өз нарығымызда жақсы жетістікке жетіп алайын, сонан соң Қазақстанды әлемге танытатын боламыз. Осы тұрғыдан алғанда мен әрине Қазақстанды таңдаймын.

- Еліміздің көпұлттылығы туралы қандай ойдасыз?

- Еліміздің көп ұлттылығы – біздің артықшылығымыз және ел дамуының стратегиялық ресурсы. Бұл біздің әлсіздігіміз емес, дәл осы мүмкіндікті біз әлі де барынша пайдалана алмаймыз. Сондықтан мемлекет, мемлекеттік органдар, Президент Әкімшілігі Қазақстанда тұратын барлық этностардың дамуына қолдау көрсетіп, олардың түйткілді мәселелерін шешуі керек, шешіп те келе жатыр.  Еліміздің көп ұлттылығы – біздің маңызды байлығымыз екеніне ешкім де күмәнданбауы керек, оны қорғау және дұрыс пайдалану керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілі уақыт өте келе еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс деген тұжырымдамалық идеясының болашағы зор деп есептеймін. Бұл өте маңызды тұжырымдамалық тезис. Сонымен қатар, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек деген идеяны іс жүзінде жүзеге асыру еліміздегі ұлтаралық қатынастардың жаңа парадигмасы ретінде жандануы тиіс

Ұлт тақырыбына келгенде кібіртіктеп қаламын. Себебі, мен адамдарды түріне, сырт бейнесіне, атына, затына, ұлтына қарап бөле алмайды екенмін. Неге десеңіз, «жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» дейді. Мен үшін Қазақстан атты кең байтақ елде тұрып жатқан, осы елдің суын ішіп, нанын жеп жатқан әрбір адам бағалы, әрбір адам ыстық. Бағана айтқанымдай, қазақ елі сондай қонақжай халық. Қай ұлт өкілін болмасын құшақ жая қарсы алып, кең пейілділігін төгіп тұрады. Біз бұл елге келген кезде де солай болған, әлі де солай, солай бола береді де. Көпұлтты, тату, егемендігі асқақ елде тұрып жатқаныма бақыттымын.

Ұлттардың татулығы мен ынтымақтастағы жолында ҚХА ойдағыдай қызмет етуде. Егемен еліміздің еркіндігі әуелі елбасымыздың және президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында екенін атай кетпесек болмас. Себебі, 130-дан астам ұлт өкілінің ауызбіршілігі мен татулығын, зайырлылығын сақтап отырған ел басшыларының еңбегі қашан да биік, мәртебесі қашан да жоғары болып қала береді.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket