Талас бұрым, бішкек бұрым, ош бұрым

768

(Мүсін жайлы мүсін-жыр)

Жақсы шығарма қашанда тәуір дүниеге түрткі болады. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайынның атын жалпақ жұртқа танытып жүрген талантты мүсінші қыз Тамила Маматова әлеуметтік желіде "Қырғыз аруы" деген туындысын таныстырған соң көп ұзамай қазақ поэзиясының жас дүлдүлі Мирас Асан өз парақшасында жаңа ғана жазған керемет өлеңін жариялады. Мирастың мүсін жайлы мүсін-жыры мүсін қашағандай әдемі өріліпті. Поэзия, этнография, эстетика, әдемілік, әсемдік... Қысқасы, бәрі бар... Ұлт жырының шын шеберлерінің бірі Абзал Бөкен бұл туындыға "Мына өлең ұққанға, Мүсіннен де мықты болып шыққандай" деп лайықты баға берді. Несі бар, шедевр туралы шедевр! Кәне, сіздер де оқып көріңіздер. Мүсін әне, өлең міне...
Сал балшықты билетіп, қара тасқа тіл бітірген Тамила қыз, қазақ жырының тағы бір жауһарын қабыл алыңыз!

ҚЫРҒЫЗ АРУЫ

(Мүсінші Тамила Маматованың «Қырғыз аруы» мүсінін көргенде туған экспромт өлең)

Қай ғасырдан шыға келдің һас керім,
Хордың қызы, хош керім!
Жүзіндейсің ақ семсердің жарқ еткен,
Ізіндейсің кестенің!

Қай ғасырдан келе жатсың, қос бұрым,
Қом сулардай бұлғақтап!
Талас бұрым,
Бішкек бұрым,
Ош бұрым,
Өрген сұлу сымбаттап!

Қай дәуірдің жұмбағысың шешпеген,
Қай қаламның жырларысың жазбаған?
Еңлікгүлсің еш жаһанда өспеген,
Қызыл шоқсың ой-ошақта маздаған!

Ақ қамарың шағылысып уақытқа,
Ақ тамағың дәуірлерді емінтіп.
Мүсінбісің орнатылған бақытқа,
Әлем ынтық,
Мен ынтық!

Қай айылдың баласы едің қырмызы?
Қай ғаламның жұлдызы едің, жұлдызы?
Сені жансыз мүсін деуге қимаймын,
Ей, қырғыздың қыпша белді үр қызы!

Ақ көйлегің,
Ақша жүзің,
Ақ арың,
Сүттей аппақ айдан тамған ақ нұрым!
Қызыл бөркің,
Қызыл бешпет,
Қамарың,
Жүрегіме байлап алған ақтығым!

Беу, қырғыздың қыпша бел қыз айымы,
Бойы сұңғақ, бота көзді мойылы!
Адамзаттың асып туған арыстан,
Сені жар ғып алар екен қай ұлы?!

Бір қарасам Күнікейсің күймелі,
Бір қарасам Жәмиләсің бейнелі!
Бір қарасам Қаныкейсің һас сұлу,
Ер Манастың сүйгені!

Сүйген жүрек - күйген жүрек күлдіреп,
Жанарың от найзағайдай тілгілеп,
Қай ғасырдан шыға келдің екен сен,
Шоқ тал үкің шомып нұрға үлбіреп!

Мирас Асан

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket