Амандосов аудиториясы

2762
Adyrna.kz Telegram

(Эссе)

Қырғи қабақ қос көкем

Тем-ағаңның мiнезi –
Арыстанды Қарабас.
Тау-ағаңның мiнезi –
Қар-жаңбыры аралас...
(Журналистiк фольклордан)

Бiз оқуға түскенде, журналистика факультетiнiң тұтқасын елге танымал екi кiсi ұстап тұр едi. Екеуiнiң де атағы жер жарады. Екеуi де белгiлi ғалымдар. Журфактың төрт құбыласы секiлдi төрт кафедраның екеуiн мүйiзi қарағайдай осы ағаларымыз басқарады. Бiрi – тау тұлғалы Тауман Амандосов. Екiншiсi – мықшегедей мығым Темiрбек Қожакеев. Таукең – журналистiк шеберлiк және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушiсi. Ал Темкең – совет журналистикасының теориясы мен практикасы кафедрасының меңгерушiсi. Оның үстiне журфактың аюдай ақырған деканы. Оқуға жаңа түскен студенттер алдымен осы екi кафедраны төңiректейдi. Әйтеуiр осы қос мықтының бiреуiнiң маңайында болғанды жөн санайды.
Журфакқа түскен кез-келген студент осы екi шалдың арасынан iлгерiде қара мысық жүгiрiп өткенiн бiрден байқар едi. Сол мысығы құрымағыр тек жүгiрiп өтiп қана қоймай, екi ортада шалқасынан керiлiп жатып алған ба дерсiң. Себебi, екеуiнiң не қатар жүргенiн, не әңгiмелесiп, сырласқанын көрген емеспiз. Оны айтасың, ең сорақысы, амандаспайтын да сияқты. Ол екеуiнiң қарым-қатынасы жөнiнде күллi журфак сыбырлап сөйлеседi. Студенттер өстiп екi ортада шыбын-шiркей болып жүргенде сол екеуiнiң қарамағында iстейтiн оқытушы байғұстар қайтiп шыдайды екен?! Арасындағы етi тiрi үш-төртеуi болмаса, ұстаздарымыз негiзiнен бiртоға кiсiлер. Елге танымал адуынды ағаларым оларды баяғыда күшiгiнен талап тастаған секiлдi. Шетiнен ақырын сөйлеп, анық басады.

Сонымен, екеуiнiң де шоқтығы биiк. Қаталдық екеуiнiң бойында да жеткiлiктi. Бiрақ Амандосовтың қаталдығының ар жағынан iзгiлiк пен мейiрiмнiң белгiлерi көрiнiп тұрады. Ал Қожакеевтiң қаталдығының тоңы көпке дейiн жiби бермейдi. Жiбiгендi айтасың, кейде оның қаталдығы қатiгездiкке ұласып кетедi. Таукеңнiң ызбары болғанымен, ызғары жоқ. Ал Темкеңнiң ызбары мен ызғары қоса жүредi. Тауман аға көпшiлдеу, Темiрбек аға кекшiлдеу. Бiрақ соған қарамастан бәрiмiз екi шалды да жақсы көремiз. Журфактың төлқұжаты секiлдi едi ол екеуi. Әрқайсысының орны бөлек. Олардың қыңырлығынан қоғам соншалықты зардап шеккен жоқ. Екеуi де ешқашан қайталанбайтын тұлғалар едi.

Қос профессор да лекциядан кешiккендердi жақтырмайды. Таукең сабақ тыңдамағандарды аудиториядан сыртқа шығарып жiберiп, бiразға дейiн кiргiзбей қояды. Ал Темкең кешiгудi үнемi кәсiп қылғандарды аудитория түгiлi оқудан да аластап жiбередi.

Тегеурiндi Темкең тез қимылдап, жедел желiп отырады. Көңiл-күйi келiспесе, жолындағының бәрiн жайпап өтедi. Ал Амандосов ақсаңдай басып, асықпай жүредi. Ақсаңдайтын себебi, бала кезiнде бiр аяғын жылан шағып алған деседi... Содан қасiрет шеккен. Жастайынан жетiм қалып, балалар үйiнде өсiптi. Бiрақ соның бәрiн бiлдiргiсi келмегендей, денесiн тiк, басын шалқақ ұстайды. Әдемi таяғына сүйенiп, бiр аяғын сәл сүйрете әрi орай басып келе жатады. Осынысы өзiне керемет үйлесiп тұрады. Жүрiс-тұрысы өте асқақ. Болмысы бекзат екенi бiрден байқалады. Үстiне қылау жұқпайды. Түрi Атыраудың қарапайым қазағынан гөрi алты атасынан берi аристократ еуропалыққа көбiрек ұқсайды. Жатқыза тараған бурыл шашының бiр талына дейiн шашау шықпайды. Көйлегiнiң жағасы қатып тұрады. Галстугi өмiрi қисаймайды. Оны да бiр бөлекше тәсiлмен байлайтын секiлдi. Қысқасы, ол күн сайын бiр жаңа киiм киiп келетiндей әсер қалдырады. Осыдан-ақ Тауман ағаның қызметтегi бағынан үйiндегi бабы ешқашан кем түспейтiнiн аңғаруға болар едi.

Журфактағы өте күрделi мәселенiң бiрi – студенттердiң осы екi профессормен амандасу жайы. Ұстазбен сәлемдесу – әр шәкiрттiң айнымас дағдысы. Басқа оқытушылар берген сәлемiңдi құрақ ұшып тұрып алады. Ал ел еркесi саналатын екi шалмен амандасу аса қиындықпен жүзеге асады. Олардың алыстан төбесi көрiнгеннен тар дәлiздiң бiр шетiне ығысып, сәлемдесiп қалуға тырысасың. Құдды бұрылыста бүйiр шамын жағып, кезегiн күтiп тұрған майда машинаның күйiн кешесiң. Амандосов қашанғы әдетiнше басын шалқақ ұстап, саған сығырая көз тастап, жаныңнан өтiп бара жатады. Не ернiн болар-болмас жыбырлатқандай, не басын сәл изегендей болады. Әлде, көзiңе солай көрiне ме, кiм бiлсiн?! Әйтеуiр әрбiр сәлемдесу рәсiмiнен кейiн «осы кiсi сәлемiмдi алды ма, жоқ па?» деген күдiк көңiлiңде қалады. Ал студенттердiң кейбiрi ол кiсi сәлем алмайды деп санайды. Сондықтан ағамыз ұзап кеткеннен кейiн «Амандосов, жүрсе ғой амандасып» деп ептеп өлеңдетiп аламыз. Сен сәлем берген есеп, ол кiсi алған есеп... Бiрақ сабақ үстiндегi көзқарасына қарап, Тауман ағаның өзiне кiмнiң амандасып, кiмнiң амандаспайтынын аңғарып отыратынын бiле қоямыз. Ал екпiнi бөлек Темкең алдыңнан шыға келгенде абдырайтының соншалық, сәлем берген-бермегенiңдi ұмытып қаласың. Бiрақ екеуi де тектi. Сабақ үстiнде студенттердiң көзiнше бiр-бiрi туралы артық-ауыс пiкiр айта қоймайды. Мақтамайды да, даттамайды да.

Екi жүйенiң арасындағы қырғи қабақ қақтығыс секiлдi ақсақалдардың арбасуы бiз оқу бiтiргенше тарқамады. Бiр-бiрiнiң алдында иiле қоймайтын қос көкемiздiң арасында желiп жүрiп жетiлдiк.

Журфакта нең бар, Нормира?!

Тұлға болып ұрпаққа,
Тезге салды талайды.
Қыз-қырқынның журфакқа,
Келмегенiн қалайды.
(Журналистiк фольклордан)

Өз басым профессор Амандосовтың лекциясын тыңдап, емтихан тапсырғаным болмаса, онымен тұрақты араласып-құраласып көргенiм жоқ. Ең бiрiншi семестрдегi алғашқы емтихан КПСС тарихы болатын. Бұл пәндi әдемi жымиып отырып-ақ, әбден дiңкеңдi құртатын Сабырхан Смағұлов деген ағайымыз оқытып едi. Бiрақ ол бiздiң тағдырымызды бiр аспирантқа сенiп тапсырыпты. Жердiң құртындай сол аспирант бiздi шетiмiзден жайратып салды. Аспирантпен алысып-жұлысып отырып «үшке» әрең табан iлiктiрдiк. Келесi емтихан – әдебиет теориясы. Әйгiлi ақын Қадыр Мырзалиев «төрт» қойды. Үшiншi емтиханды профессор Тауман Амандосовтың өзi қабылдайды. Бұл сабаққа бiз ұйқы көрмей дайындалдық. Профессордың лекциясын түгел жаттап алдық. Емтихан үстiнде Тауман аға тесiрейiп қарап отырды да, үндеместен «бес» қойды. Осылайша аспиранттан «үштiк», профессордан «бестiк» алуымыз бiздiң құлшынысымызды арттыра түстi. Одан әрi қарай қамшыны бастық.

Лекцияны тiкесiнен тiк тұрып оқиды. Аяғы ауыратынына қарамастан сөйтедi. Кейбiр оқытушылар сияқты үстелге жайғасып алып, жантайып жатып сарнай жөнелу әдетiнде жоқ. Профессор Амандосов лекцияны асықпай баппен бастайды. Сабақтың аяғына дейiн белгiлi бiр ырғағынан айнымайды. Әр сөзiн анық айтады. Әрине, Тауман ағаның дәрiсiнде Темкеңнiң лекциясындағыдай ауық-ауық ду ете қалып отырмайсың. Диктатор деканымыз тәртiбi темiрдей қатты болғанымен, сабақ басталысымен мүлде басқа кейiпке енедi. Оның лекциясынан көңiлдi қойылым көргендей жайраңдап шығасың. Ал Тауман ағаның сабақ беру үрдiсi мүлде бөлек. Ақырына дейiн салиқалы, салқынқанды кейiпте отырып тыңдайсың.

Неге екенi белгiсiз, сабақ үстiнде Тауман аға «журналистика» дегендi «жорналистика» деп айтады. Өз сөзiмен айтқанда, «боржуазиялық жорналистиканы» жерден алып, жерге салады. Журналистiк шеберлiк сабағында мақалаңның қаттылау қағазға басылған қиындысын апарып көрсетсең, «О, жорнал ғой мынау!», – деп мәз болады. Бiрақ «журфакты» «жорфак» демейдi әйтеуiр.

Жыл сайын алғашқы танысу сабағында қыз-қырқынның журналист болып жарытпайтынын дәлелдеп беру – профессордың дәстүрлi дағдысы. Бұл лекциядан қыз бiткен терлеп-тепшiп шығады. Бiр жағынан Тауман ағайды түсiнуге болады. Ол бұл мамандыққа ұлттық болмыс-бiтiмiмiз тұрғысынан қарайды. Оның үстiне ол кездегi журналистиканың сипаты бөлектеу едi. Ер азаматтан басқаның қабырғасы қайысып кететiндей көрiнетiн. Сол кезде кейiн төмен етектiлер бұқаралық ақпарат құралдарын түгел жаулап алатын кезең келедi десе, Тауман ағам сенер ме едi?!

Профессор әр жыл сайын осы ұлағатын айтқанда әр курстан бiр бойжеткендi мысалға алатын көрiнедi. Бiздiң курста оның нысанасына ақ маңдайлы ақын қыз Нұрмира Әлiшерова iлiктi. Оның өзiнен де бар, елден бұрын жетiп келiп, профессордың қарсы алдына отырып алады. Тауман ағаның көзi де бiрден соған түседi. Содан соң оны тiлге тиек етпей қайтсiн?!

– Мысалы, мына ақ борықтай Нормира Әлiшерова қалай жорналист болады? Iссапарға қалай шығады? Бұны ертең күйеуi көзi қиып қалай жiбередi, а? Соны неге ойламадың, қалқам?! Сендерге қолайлы мамандық бұл емес. Дәрiгер болыңдар немесе мұғалiм болыңдар. Журфакта нелерiң бар едi? Жалпы, мұнда адасып келгенсiңдер. Қысқасы, әлi де кеш емес.

Ойланыңдар...

Амандосовтың уәлi уәжiнен кейiн бiзге курстың бүкiл қызы күнi ертең басқа оқу орындарына ауысып кетiп қалатындай көрiнедi. Кiлең дарақы даратұяқ қалып оқып, сорлайтын болдық-ау деп қиналамыз. Жоқ, кете қоймайды, құрымағырлар. Сылқ-сылқ күлiсiп, ертеңiне сабаққа тағы келедi. Жылы жымиып, жағалай жайғасады. Тауман аға төтелеп сөз бастағанда ақын болам деп журфакқа келiп, басына бәле тiлеп алған әлгi Кегеннiң ақсары қызының екi бетi алаулап сала бередi. Есесiне бiздiң жанымыз кiрiп қалады.
Қызық болғанда, бiздiң курстан журналист қыздар көп шықты. Тiптi мамандыққа ұлдардан гөрi қыздар көбiрек адал болды-ау деймiн. Журналистиканың қара шаруасынан бастап жетiлiп, бас редакторлыққа дейiн өскендерi де бар. «Кәрi тарлан қалайша мүлт кеттi екен?» дейсiң сондайда.

Бiр ғажабы, ағайымыз үнемi мысалға келтiретiн сол Нұрмира Әлiшерова Амандосовтың аманатына адалдық танытты. Ептеп қияли болғанымен ақылы бар қыз салып ұрып, журфакты тастап тайып тұрған жоқ, әрине. Оқуын аман-есен бiтiрiп алды. Бiрақ мамандығына қабiлет-қарымы жете тұра өмiр бойы түрлi басылымдарда тек қана корректор болып iстедi. Жұмысына адал. Қате көрсе, тарпа бас салады. Ал Амандосов қайта-қайта қауiп қылатын журналистiк iссапар дегеннiң не екенiн ол бiлген емес. Отбасының бабын тауып, төрт баласын тәрбиелеп отыр.

Сiрә, Тауман ағамыздың «Журфакта нең бар, Нормира?!» дегенi ұмытылмастай болып есiнде қалған шығар...

Оппонентi – Әуезов,
кеңесшiсi – Засурский

Сөз арнаса бар елге,
Селт еткiзер Цеканы.
Аты мәшһүр әлемге –
Әуезовтiң деканы.
(Журналистiк фольклордан)

Ұлы Мұхтар Әуезовтiң көзiн көрiп, сөзiн тыңдаған ағаларымыз баршылық. Ал сол әлемге әйгiлi ғұламаға бастық болған адамды көргенiңiз бар ма? Әдепкiде жұрттың бәрi тосылып қалатын сұрақ. Сөйтсек, бар екен ондай кiсi. Бар болғанда басқа емес, профессор Тауман Амандосовтың өзi көрiнедi. Себебi, ол бiр кезде Мұхтар Әуезов қызмет iстеген филология факультетiнiң деканы болыпты. Тауман Салықбайұлы бұдан бұрын университеттiң сырттай бiлiм беру жөнiндегi проректоры қызметiн де атқарған. Ал декан қызметiнде болғанда Мұхтар Омарханұлымен жақын араласқан. Заңғар жазушының күнделiктi кiрiп-шығып жүрген ұжымын басқарудың өзi бiр бақыт емес пе?!

Мұхаңның елгезек жас деканға деген ықыласы да ерекше болған сияқты. Елуiншi жылдардың орта шенiнде Тауман аға кандидаттық диссертациясын қорғаған кезде, әйгiлi жазушы бiрiншi оппонент ретiнде батасын берген. Тауман Амандосов сол кандидат қалпымен бертiнге дейiн келдi. Тiптi бiз оқуға түскен жылы да ол ғылым кандидаты едi. Бiрақ Мәскеудiң өзi бекiткен профессор атағы болатын. Ол кезде профессор атағы ерекше еңбегi сiңген ғылым кандидаттарына ғана берiлетiн. Әрине, Тауман аға кейiннен жазған оқулықтарының нәтижесiнде ғылым докторы дәрежесiне де қол жеткiздi. Бұл кезде оның ғылыми кеңесшiсi М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн қырық екi жыл басқарған Ясен Засурскийдiң өзi болды. Ұлы Әуезовтi оппонент, ғибратты ғұлама Засурскийдi кеңесшi етiп алған Тауман Амандосов қазақ журналистикасына бақ болған тұлғалардың бiрi едi.

Алпысыншы жылдардың ортасында журналистика бөлiмi дербес шаңырақ көтергенде, Тауман аға осы факультеттiң алғашқы деканы болып тағайындалды. Оның декан болған тұсындағы аңызға бергiсiз әңгiмелер жеткiлiктi. Бәрiнде де ол студенттерге жанашыр, ұстаздарға қамқор мейiрбан басшы ретiнде сипатталады. Оны анда-санда естелiк айтқан қаламгер ағаларымыздың әңгiмелерiнен аңғарып қаламыз.

Бiр күнi елуге ендi ғана толып, мерейтойын өткiзген Сейдахмет Бердiқұлов журфактың студенттерiмен кездесуге келдi. Кездесу кешiн Темiрбек Қожакеевтiң өзi жүргiздi. Темiрбек ағам аузы-аузына жұқпай, «Лениншiл жастың» майталман бас редакторын көкке көтерiп, мадақтаумен болды. Бiр сәтте қимылы ширақ Сейдағаң залдан әлдекiмдi iздегендей бiр қарап алды да, «Мiне, бәрiмiздi студент кезiмiзден алақанына салып мәпелеген, шетiмiзден түстеп танитын, қайсысымызға стипендия, қайсысымызға жатақханадан бөлме жетпей жатқанын жатқа бiлетiн қадiрлi Тауман ағамыз отыр ғой», – деп басын идi. Осыны ерекше бiр жылылықпен айтты. Бұл сәт студенттерге қатты әсер еттi.

Тауман Амандосов журналист Кәкiмжан Қазыбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы болып сайланғанда қатты қуанды. «Бұл – бiздiң журфактың түлегi!» – дедi лекция үстiнде сүйсiнiп. Ал ендi сол атағы жер жарған Қазыбаев Амандосов десе, тiк тұрады дейдi. Бiздiң шалдың бiрде-бiр сөзiн жерге тастамайтын көрiнедi. Мұны да жұрт аңыздай етiп айтады. Ол кезде Цекаға сөзiңдi өткiзу деген аспандағы айға ұмтылғанмен бiрдей. Амандосов болса, Цеканың қақпасын қақ жарып, Кәкеңнiң кабинетiне кез-келген уақытта кiрiп бара беретiнге ұқсайды. Елдiң бәрi есiгiне бiр жетудi армандайтын Кәкең (Қазыбаев) мен Шәкең (Елеукенов) Тауман ағаны алдынан шығып қарсы алып, бәйек болып жатады деседi. Бұл да – жұрт жадындағы әңгiмелер.

Тауман ағамен көп жыл қызметтес болған профессор Намазалы Омашев былай дейдi: «Бiр қарағанда түрi өте сұсты көрiнедi. Ал ендi ептеп араласа бастасаң, мәрт екенiн байқайсың. Ол шығармашылыққа бейiм балаларды бiрден танитын. Соларға жағдай жасайтын, жатақханадан орын алып беретiн. Жалпы, қайырымды болды. Аздап iшiп қойған жiгiттердi де кешiретiн. Тықақтап, бiреудiң артына түсе бермейтiн. Небiр мықтылар оны қатты қадiрледi. Мен Тауман Салықбайұлы декан болып тұрған кезде оқуға түстiм. Деканымыз ақшаны қалтасына бүктемей, тiкесiнен салатын. Мен оның осы дағдысын үйренiп алдым. Студент болсам да, қалтамда бұрқырап ақша жүретiн».

Журфактың қашаннан қалыптасқан өзiндiк жазылмаған заңдары болады. Мысалы, студенттер бұрын журналист болып қызмет iстеген ұстаздарын ұйып тыңдайды. Бiр күн журналист болып көрмей-ақ, болашақ журналистерге дәрiс беру дәстүрi бар едi ол кезде. Ал Тауман ағамыз бұл жағынан ұятты емес-тi. Ол Қазақ мемлекеттiк университетiне оқуға түспей тұрып-ақ, Атырау облыстық «Социалистiк құрылыс» газетiнде корректор, әдеби қызметкер, бөлiм меңгерушiсi болып iстеген. Сондықтан Амандосовқа бұл жағынан мiн таға алмайсың. Басылымның қара жұмысын өз қолымен атқарып көрген адам қай сұраққа да iркiлмей жауап бередi. Студенттердiң оларға деген құрметi ерекше болады. Оның үстiне ол орыс тiлiндегi көркем және ғылыми-танымдық бiрқатар шығармаларды қазақ тiлiнде сөйлетiп, бiлiктi аудармашы ретiнде де танылған едi.

Тауман Амандосов журналистиканың қыр-сырын жақсы бiлетiн осындай сұңғылалығымен де елдiң есiнде қалды.

«Оптимист» колхозының төрағасы

Тұтас елiм, төңiрек,
Түгел оны таниды.
Сiлкiлейдi көбiрек,
Семен Нариньяниды.
(Журналистiк фольклордан)

Амандосов жайында айтылатын аңыздардың бiрi оның «колхозы» туралы едi. Әрине, бұл – нағыз колхоз емес. Бiр-бiрiмен аралас-құраластығы бар тiлеулес ағалардың бейресми ұйымы тәрiздi. Кезектесiп, қонаққа барады. Таңды-таңға ұрып, әңгiмелеседi. Шығармашылық жоспарларын ортаға салады. Сондықтан бұл бiр әдеби-көркем сипаты бар келелi кеңес құратын көшелi «колхоз» болғанға ұқсайды. Осы «колхоз» басқармасының төрағасы Тауман Амандосов болыпты. Ұйымға өңкей шығармашылық адамдары мүше болған соң, олар бұрынғы деканға сенiм артқан шығар.

Ал «колхоздың» мүшелерi Амандосовтан да қызметi үлкен, сен тұр, мен атайын азаматтар екен. Тегеурiндi төраға сол мықтылардың бәрiнiң басын қосып, «колхоздастыру» дәуiрiн абыроймен өткiзген секiлдi. Тауман Амандосовтың ұлы, бiлiктi физик Азамат ағамыздың журналистерге берген сұхбатындағы деректерге сүйенсек, ол ұйым «Оптимист» колхозы деп аталыпты. Таукеңнiң есiмi жазылған мөрi де болған. Анда-санда «колхоз» басқармасының бұйрықтары да шығып тұрған. «Оптимист» колхозының төрағасы әндi де тәп-тәуiр шырқайды екен. «Таяғына сүйенiп тұрып, «Ақбақайды» әуелеткенде кейбiр кең тынысты кәсiби әншiлерге оңайлықпен ұпай бере қоймайтын едi», – дейдi әрiптестерi.

Тауман Амандосовтың дәрiсiнен есiмiзде қалып қойған бiрқатар мысалдар бар. Ол Карл Маркстiң әйгiлi «Мозель корреспондентiнiң ақталуы» деген мақаласын жiлiктеп тұрып түсiндiретiн. Шайтан иектеген бiздiң есiмiзде Маркстiң мақаласының маңызынан гөрi оқшаулау тақырыбы көбiрек сақталатын. Амандосовтың сабағынан Семен Нариньянидiң кiм екенiн жақсы бiлiп шықтық. Ол КПСС Орталық Комитетiнiң «Сал жiгiт» фельетонындағы қателiктер туралы» қаулысының жай-жапсарын егжей-тегжейлi баяндап бередi. Сол жылдарда болашақ баспасөз мамандары бiле жүруге тиiс мұндай қаулыларды оқыту мiндеттелетiн. «Сал жiгiт» («Ухарь-купец») – атақты журналист, фельетоншы, драматург Семен Нариньянидiң шығармасы. Ол бiр заманда түкiрiгi жерге түспейтiн қаламгер болған. Қызметiн «Комсомольская правдадан» бастап, кейiн «Правда» газетiнiң фельетон бөлiмiнiң редакторлығына бекiтiлген. Содан талай жыл журналистикада жасын ойнатқан. Әйгiлi футболшы Эдуард Стрельцовтiң мiнез-құлқы туралы «Атақ-даңқтың ауруы» деген фельетон жазған. Бiр күнi ол «Правдаға» құрылыс мекемесiнiң iскер, бiрақ серiлеу, өз бетiмен жүрiп-тұратын басшысы жөнiнде фельетон жариялайды. Әлгi кiсi сол күнi жүрек талмасы ұстап, қайтыс болады. Ендi өз шығармасы Нариньянидiң өзiне бәле болып жабысады. Тауман ағамыз осы оқиғаға қатысты шыққан қаулыны жақсылап талдайды.
Қазiр Маркстiң де, Нариньянидiң де шығармалары журфакта оқытылмайды. Бiрақ Тауман ағайдың тиянақты түсiндiрмелерi жадымызда жатталып қалды. Ол кiсiнiң жекелей және ұжымдық авторлығымен шыққан «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы», «Публицистика – дәуiр үнi», «Газет жанрлары», «Журналист және өмiр», «Қазақ баспасөзiнiң жанрлары» атты теориялық оқулықтары мен оқу құралдары студенттердiң қолынан түспейтiн. Ал профессордың өзi аударған «Журналист анықтамалығы» сол тұстағы баға жетпес кiтапқа айналды.

Профессор шәкiрт таңдай бiлетiн. Кафедраға сайдың тасындай жiгiттердi iрiктеп алды. Фантастиканың жалына жармасып, әдеби ортаға ерте танылған Абдул-Хамит Мархабаевты оқытушылыққа қабылдады. Ақтөбеде өңірлік журналистиканың көрiгiн қыздырып жүрген Серiкқали Байменшиндi Алматыға қызметке шақырды. Университет бiтiрiп, баспаға беттеген Бауыржан Жақыпты оқу орнына дереу қайтып әкелдi. Студенттiк өмiрмен ендi ғана қоштасып жатқан Амантай Шәрiптi үкiлеп отырып кафедраға алып қалды. Сол шәкiрттерiнiң бәрi де бүгiнде профессордың үмiтiн ақтады. Қазiр төртеуi де – ғылым докторы. Бұдан басқа ел назарына iлiнген шәкiрттерi де жетiп артылады.

* * *

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнде Амандосов аудиториясы бар. Бұл аудиторияда ұстаздың рухы ұялап қалған. Онда қазiргi шәкiрттер бүгiнгi ұстаздардан дәрiс алады. Бiрақ Амандосовтың аудиториясы осынау ауқымды бөлмемен ғана шектелмейдi. Қырық жыл ұстаз болған оның лекциясын тыңдаған мамандар елiмiздiң әр түкпiрiнде жүр. Олар өздерiнiң iзбасарларына Тауман ағаның тағылымын дарытады.
Қысқасы, Алаш жұртына танымал Амандосов аудиториясы әлi де қазақ журналистикасына қан таратып тұр...

* * *

Енді бірер күннен соң ұлағаты мол ұстазымыздың туғанына 100 жыл толады...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер