"Тәрбие - тал бесіктен". Масару Ибука

9119
Adyrna.kz Telegram

Ізгілік пен даналыққа толы «Тәрбие - тал бесіктен» (Kindergarten is too late! Masaru Ibuka) кітабы баланы нәресте кезінен тәрбиелеудің қыр-сыры жөнінде баяндайды. Автордың негізгі идеясы мынандай: «Балалар өте қабілетті келеді, тез қабылдайды, жылдам үйренеді. Ең бастысы дер кезінде дұрыс нәрселерге үйретіп отырсаңыз болғаны».

 

Қоршаған ортаның балаға әсері орасан зор

 

Моцарттың үш жасында концерт бергенін, Джон Стюарт Миллдің сол жаста латын тіліндегі классикалық әдебиетті оқығанын естігенде таңғалмаймыз. «Олар ерекше қабілетпен жаратылған» деп ойлаймыз. Жалпы алғанда, біздің қоғам «Адам данышпан болып туады» [1] деген пікірді берік ұстанады.

Масару Ибука бұл пікірмен келіспейді. Оның ойынша, адамдардың барлығы бірдей қабілетпен дүниеге келеді. Кімнің қандай адам болатыны негізінен, ортасы мен тәрбиесіне байланысты.

Автор қасқырлар асырап өсірген екі қыз Амала мен Камаланы мысалға келтіреді. Оларды 1920 жылы Калькуттаның оңтүстік-батысындағы үңгірдің бірінен ерлі-зайыпты миссионерлер тауып алған еді. Балаларды адамша өмір сүруге бейімдеп, қанша тырысса да, еңбектері еш кеткен.

Кітаптың өн бойына арқау болған негізгі идея – балаға өскен ортасы мен үш жасқа дейін берілген тәрбие әсерінің орасан зор екендігі.

Үш жасқа дейінгі уақыт неге маңызды саналады?

Себебі адам миы үш жасқа дейін ерекше қарқынмен дамиды.[2] Бұл кезеңде миымыздың шамамен 70-80 пайызы қалыптасады. Одан кейін баланың миын жетілдіру қиынға соғады.

Алайда балаңызды уақытында, яғни сәби кезінде дұрыстап тәрбиелесеңіз, қоршаған әлемді тануына көмектессеңіз, оның данышпан болып шығуы әбден мүмкін!

Масару Ибуканың пікірінше, бала тәрбиесіне қатысты біздің түсінік-пайымымыз таяз, олқылықтар жетерлік. Білгенімізден білмейтініміз көп. Сондықтан автор осы кітапты жазуға бел буыпты.

Баласының тәрбиесі мен дамуына тікелей өзі араласып, біршама қиындықтарды сәтті еңсерген білікті инженер Масару Ибука бала тәрбиесіне [3] қатысты біраз мәселелерді зерттей келе, ашқан жаңалығын жазады.

«Тәрбие - тал бесіктен» кітабы бөбегін таңғажайып мүмкіндіктер әлеміне [4] жетелегісі келетін әрбір ата-анаға арналады.

 

Баланың ақыл-ойы үш жасқа дейінгі көрген-білгенімен дамиды

 

Жоғарыда айтылғандай, адамның қабілеті мен мінезі – туабітті қасиет емес, өмірінің алғашқы кезеңінде қалыптасады.

Адамға ақыл-ой, қабілет ата-бабасынан мұраға беріле ме? Әлде оны білім мен тәрбие арқылы қалыптастыруға бола ма? Адам дамуына бұл екеуінің қайсысы көбірек ықпал етеді? Ғалымдар ежелден осы сауалға жауап іздеп, екіге бөлініп айтысып келеді.

 

Жапония ғалымдары бұл сұраққа нүкте қою үшін бір ата-анадан туғанымен, тағдырдың тәлкегімен екі отбасында тәрбиеленген бірнеше егіз баланы зерттеген. Осы ғылыми-зерттеулер түрлі ортада өскен егіздердің мінез-құлқы да, әдет-дағдысы да әртүрлі болатынын дәлелдеп шықты.

Ми физиологиясына қатысты зерттеулер [5] мен балалар психологиясы туралы еңбектерге сүйенген автор «Баланың ақыл-ой қабілетінің қалыптасуы оның үш жасқа дейінгі танымына байланысты» деген қорытындыға келді. Себебі адам миы үш жасқа дейін жаңа дүниені жақсы қабылдап, тез сіңіріп алады екен.

Балаға берілген теориялық білім емес, оның бастан өткерген жеке тәжірибесі қоршаған ортаны танып-білуіне негіз болады. Мәселен, «Ыстық су қолыңды күйдіреді» деген сөз – эмоциялық бояуы жоқ жай ақпарат қана. Шын мәнінде ыстық суға қол тигізген кезде ғана баланың миында жаңа таным қалыптасады және бұдан кейін қалай әрекет ету керектігін білетін болады.

Басқаша айтқанда, бала өмірді қоршаған ортасы арқылы танып-біледі, тәжірибе жинайды. Сол арқылы оның әдет-дағдылары мен сезім-түйсігі дамып, көзқарасы қалыптасады.

Бірде-бір сәби данышпан немесе топас болып дүниеге келмейді. Автордың айтуынша, баланың миы үш жасқа дейін жетіледі. Егер үш жасқа дейін баланың танымын арттыра алсақ, бала ақылды болады. Сондықтан бала тәрбиесін үш жасқа дейін, яғни балабақшаға бармай тұрып, бастап кеткен жөн.

 

Баланың ақыл-ойын қаншалықты ерте дамытсақ,

оның әлеуеті мен қабілеті соншалықты шексіз болмақ

 

«Баланы ерте бастан тәрбиелеу керек» деп өсиет еткен Масару Ибука өз тұжырымын қызықты дерек-дәйекпен дәлелдейді.

Адам баласы басқа сүтқоректілерге қарағанда дүниеге әлсіз болып келеді. Бала туған кезде мүлде дәрменсіз, тек жылау мен емуді ғана біледі. Алайда автордың ойынша, адам баласының таным әлеуеті мен мүмкіндігі шексіз.

Зоолог мамандар мұндай ерекшелікті адам физиологиясынан іздейді. Мысалы, ит, маймыл немесе жылқы төлдерімен салыстырғанда, жаңа туған шақалақ олардан 10-11 айға кенже дамып дүниеге келеді. Расында, жануарлардың көбі туа сала құлдыраңдап жүгіріп кетеді. Ал сәбидің тәй-тәй басуына бір жылдай уақыт керек.

Өз тәнін толыққанды игеруді [6] өсе келе үйренетіні секілді, адам баласы ми қызметін пайдалануды да бірте-бірте меңгереді. Кез келген жануардың миы туған сәтіне дейін толық қалыптасып үлгерсе, сәби миы таза парақ [7] секілді. Баланың қаншалықты қабілетті болуы осы параққа не жазылатынына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, бала әлеуетінің мүмкіндігі шындығында шексіз.

Автор ересек адамға қарағанда сәби миының ақпаратты қабылдау қабілеті ерекше жоғары екенін айтады. Баланың миы – сорғыш сияқты. Білімді тез сіңіреді. Сондықтан «басын қатырам» деп еш ойламаңыз. Егер баланың миы ақпаратқа «толса», оны өзі сезеді де, жаңа ақпаратты [8] қабылдамай қояды. Сол себепті ата-ананы баласына көп нәрсе үйретіп, миын ашытып алмауы емес, керісінше баланың толыққанды дамуына [9] қажет дағдыны жеткілікті бере алмағаны мазалауы тиіс.

Дамудың негізі – бұл ақпаратты қабылдау, яғни есту, көру, сезіну, сосын естіген, көрген, сезінген нәрселердің ойша бейнесін [10] жасау, оларды есте сақтау. Бұл – мидың басты қабілеті. [11] Баланың ақыл-ойының жетілуі осы қабілетке тікелей байланысты. Негізінде ойлау, [12] түйсіну, шығармашылық секілді күрделі қабілеттер үш жастан кейін дамиды. Алайда ол қабілеттер үш жасқа дейін қалыптасқан іргетастың  үстіне қаланады.

Егер үш жасқа дейін осы іргетас берік құйылмаса, балаға басқа дүниені үйрету қиынға соғады. Бұл нашар қаланған іргетасқа зәулім сарай салуға тырысқанмен бірдей.

 

Балаңызға қоршаған ортаны сезінуге мүмкіндік беріңіз

 

Сонымен, ата-ананың қолында баласының ақыл-ойын дамытуға негіз қалыптастыру үшін маңызы зор үш жыл бар. Ол іргетас қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау барысында қалыптасады. Ата-аналар осы үдерісті бағыттап отыруы[13] және де оның қолайлы әрі жайлы болуын қамтамасыз етуі тиіс. Бір қарағанда бәрі қисынды һәм түсінікті сияқты. Бірақ автордың айтуынша, дәл осы арада үлкен мәселе бар.

Бала үшін ненің оңай, ненің қиын екенін анықтауды көбінесе үлкендер өз мойнына алады.[14] Мәселен, олар шын мәнінде пайдалы кітапты баласына тым қиын көріп, жаратпай тастауы мүмкін. Сондай-ақ, классикалық музыканы өз дәрежесінде бағалауға «баланың қабілеті жетпейді» деп ойлауы мүмкін. Автордың пікірінше, бұның бәрі – түбірімен қате түсініктер.

Ересек адам өз білімі мен тәжірибесінің биігінен қарап, ненің «жеңіл» және ненің «қиын» екенін өз түсінігінің таразысына салады.[15] Алайда нәресте үшін барлық нәрсе – таңсық,[16] бар дүние – таңғажайып!

Автор «Sony» компаниясына қарасты кәсіпорындардың бірінің жанынан ашылған балабақшаны тілге тиек етеді. Ол жерде балалардың музыкалық талғамын[17] анықтау үшін зерттеу жүргізіліпті. Зерттеудің нәтижесі таңғалдырған.  Балдырғандар ең ғажап музыка деп Бетховеннің «Бесінші симфониясын» таңдаған! Екінші орынды таңнан кешке дейін теледидар арқылы берілетін танымал әндер иеленсе, ең соңғы орын қарабайыр әрі бірсарынды [18] балалар әндеріне бұйырыпты.

Осылайша «классикалық музыка балаларға тым ауыр» деген пікірдің қате екені дәлелденген.

Сезіну-түйсіну арқылы туындаған тұжырым оқу арқылы келген білімге тәуелді емес. Керісінше, білім – түйсікке тұсау, сезімге кедергі [19] болуы мүмкін. Кейде айқын түрде түйсініп тұрсақ та, жалаң білім бізге дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді.

Ендеше балапанның мына әлемді сезім-түйсігі арқылы танып-білуіне мүмкіндік туғызыңыз. Балаңыз үшін ненің оңай, ненің қиын екенін өзіңіз шешпеңіз. Баланың таным қабілетін төмен бағалап, маңызды дүниелерді қиын санау арқылы сіз, оны өзіңіз шектеп, әлеуетін әлсіретіп [20] аласыз.

 

Әр қабілеттің өз даму мерзімі бар

 

Нәресте өте жылдам  өседі. Балдырған өз ортасынан күн сайын бір нәрсе үйреніп отырады. Бірақ ата-аналар көбіне мұны байқай бермейді.

Автор аты әлемге әйгілі швейцариялық ғалым, даму психологиясының білікті маманы, профессор Жан Пиаженің зерттеуіне жүгінеді. Ол өзінің үш баласының қалай ержеткенін бақылап, «Өсу сатылары» теориясын [21] ойлап шығарды. Бұл теория қоршаған орта мен тәрбиенің баланың даму сатыларына тигізетін әсері мен маңызын анықтап берді.

Пиаженің айтуынша, жаңа туған нәресте аузына түскеннің бәрін сорып, еме береді. Ал туғанына 20 күн болғаннан кейін ол сүттің дәмін анық айыра алады әрі табанды түрде тек сүтті талап ете бастайды.

Үш айлық сәби көзіне көрінген затқа қызығып, мысалы, бесік белдеуіне ілінген ойыншыққа ұмтылып, оны ұстап көруге тырысады.

Жасы бір жарымға келген бүлдіршін қалаған затына қолы жетпесе, оны таяқпен түсіріп алуға болатынын біледі.

Бала екі жасқа толған соң, өзінше түсінсе де, сөздерді абстракт мағынасымен [22] сәйкестендіруге тырысады. Мысалы, «ер кісі» деген сөзді тек әкесімен байланыстырса, «демалыс» сөзін саябақтағы отбасылық серуен деп түсінеді. Сондықтан ата-аналар балаларының қоршаған ортаны тануына және түйсіне-сезіне білуіне жағдай жасап, дұрыс дамуына дер кезінде жәрдем бере білуі керек.

Ата-аналар баласына қай уақытта не керек екенін, оған не қызық екенін жіті бақылап жүруі тиіс. Өйткені баланың қасында ең көп болатын және оның қабілетін бірінші болып байқайтын адам – әке-шешесі.

Баланың шет тілін үйренуіне немесе басқа да дағдыларының қалыптасуына дер кезінде ден қойған жөн. Әр нәрсенің өз уақытымен болуы өте маңызды. Мәселен, жүріп жүрген бүлдіршінге коньки тебуді үйрету оңай емес. Алайда мұны сәби тәй-тәй басқаннан бастап үйретсе немесе жүріп кете салысымен көп уақыт өткізбей үйретсе, ол бала мәнерлеп сырғанаудың хас шеберіне айналуы  мүмкін.

 

Сәбидің тұлға ретінде қалыптасуы

сіздің қарым-қатынасыңызға байланысты

 

Жоғарыда айтылғандай, бала дамуының басты факторы  – өскен ортасынан алған әсері. Ал бала үшін «орта» дегеніміз – әуелі  ата-анасы! Әрине, бірінші кезекте – анасы!

Жылаған сәбиін қолына алған жас ана әдетте жасы үлкен кісілердің сынына ұшырап жатады. Тәжірибелі әйелдер: «Бүйте берсең, бала бойында жылау арқылы қалағанын орындататын әдет [23] қалыптасады», – деп ескертеді. Шынымен солай ма?

Автор бұл тұжырыммен мүлде келіспейді. Шарасыз шарана үшін жылау – өзіне қаратудың бірден-бір тәсілі. [24] Жайсыз жағдайға түскен сәби жылау арқылы сізді өзімен сөйлесуге шақырады. Сондай кездері балаға көңіл бөлмеу – қарым-қатынастан ғана емес, сондай-ақ оның толыққанды дамуынан бас тарту [25] деген сөз.

Нәрестені қолға алып, құшаққа басу – баланың қоршаған әлеммен, ең әуелі анасымен қарым-қатынас жасауды үйренуі үшін аса қажет. Сондықтан автор баламен бірге ұйықтауға кеңес береді. Әсіресе күні бойы әртүрлі шаруадан қолы тимейтін жұмысбасты аналар бұған баса мән беруі керек. Ұйықтар алдында баланы еркелету, құшақтау, сөйлесу күндізгі кемшіліктің орнын толтырады.

Әрине, әкенің орны бір бөлек. Мұны естен әсте шығаруға болмайды.

Бала тәрбиесімен тек анасы айналысатын, әкесі асыраушының ғана міндетін атқаратын отбасында атпал азаматтың ержетуі қиын.

Уақыттың жетіспеуі [26] немесе «Жұмыстан кейін шаршап тұрмын» деген сияқты бітпейтін сылтаулар әке мен бала арасындағы тығыз қарым-қатынасқа еш кедергі болмауы тиіс.

Осылайша әке-шешесі бірдей көңіл бөліп, бала тәрбиесіне бірге атсалысқан жағдайда ғана сәбидің толыққанды дамуына жол ашылып, ақыл-ойы тез жетіледі.

Алайда әсіре қамқор кейбір ата-аналар баланы шолжаңдатып алады. Мысалы, кей отбасында ата-аналар баласын тым әспеттеп, айтқанын екі етпей, шектен тыс еркелетіп жібереді. «Баланың тілімен сөйлесеміз» деп, сөздерді бұрмалап айтып, шүлдірлеп жүріп, бүлдіріп алады. Мұндай ата-аналар балаларына «жақсылық жасаймын» деп жүріп, қиянат жасап қойғанын байқамай қалады.

Әсіре еркелету баланың дамуын тежейді. Сәби өзінің «мықтылығына» сеніп, алдамшы сенім қалыптасуы мүмкін. Сөйтіп, алға талпынуды доғарады. Масару Ибука ата-аналарға балаларымен кішкене кезінен бастап «үлкен адамша» тең сөйлесуге кеңес береді. Ал баламен тең дәрежеде әңгімелесу дегеніміз – оның деңгейіне төмендеу емес, керісінше оның сіздің дәрежеңізге жетуіне жәрдем беру.

Сондай-ақ, ата-ананың өзара қарым-қатынасы да өте маңызды. Ата-анасының сөзге келіп, ренжісіп жатқанын нәрестенің көзқарасынан-ақ оңай байқауға болады:  сәбидің бет әлпетінде [27] мазасыздық пен уайымның көлеңкесі тұрады.

Егер ата-аналар өз ойлары мен сезімдерін ақылға салып [28] талқылап, әрқайсысы өз пікірін негіздеп,[29] туындаған мәселені байыппен шешетін болса, бала да осы ұстанымды бойына сіңіреді. Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі.

Бұл мәселеге қатысты арнайы бағдарлама мен оқшау оқудың қажеті жоқ. Баланың қалыптасуына ата-анасының өнегесі, олардың іс-әрекеті, өзара қарым-қатынасы мен сәбиге деген ықылас-ниеті тікелей әсер етеді. Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі.

Сөзге келсе де, тіпті төбелессе де,

балаңыздың басқа балдырғандармен аралас-құралас жүргені жақсы

 

Автор кітаптың өзекті идеясын тарқата келе, сәбиді қоршаған ортаның құрамдас бөліктеріне [30] тиісінше көңіл бөлу қажеттігін алға тартады.

Адамның күні адаммен. Сондықтан тек әке-шешесі немесе бірге туған бауырларымен ғана емес, басқа балалармен де араласу, ойнау баланың көкжиегін кеңіте түседі.  Мұндай дағды балдырғанның ақыл-ойына оң әсер етіп, оның бойына көпшілдік қасиетін дарытады, бәсекелестік түйсігін [31] жетілдіріп, жеңімпаз болуға талпындырады.

Масару Ибука қазіргі заманда адамдардың бір-бірімен сирек кездесетініне налиды. Өйткені бұл жағдай балалардың ақыл-ойының дамуына кері әсерін тигізуде. Ересектер осыны ескеруге тиіс. Балаларының болашағын ойлайтын ата-ана өздерінің достарымен және ағайын-туғандарымен жиі басқосып тұрғаны абзал.

«Жай араласып ойнаумен қатар балалардың өзара таласып-тартысып, жанжалдасып тұрғаны да пайдалы», – дейді автор осыған орай. «Бұл олардың өмірді тереңірек түсінуіне қажет. Себебі бала басқалармен бірге ойнау арқылы көпшілікпен араласуды, таласу арқылы топ болып бірігуді үйренеді.

Балалар өздерінше ой қорытып, өз ережелерімен ойнайтын болғандықтан, олардың шаруасына көп араласпай-ақ қойған дұрыс. Балалардың қарым-қатынасына ересектердің логикасын [32] араластыру орынсыз болады. Егер балдырғандар арасында туындаған түсініспеушілікке ересек адамның көзімен қарап «Жанжалдасуға болмайды, таласқан адам – жаман адам» деген секілді пікіріңізді тықпаласаңыз, онда балаңыз тұйық әрі ызақор болып өседі».

Бұдан шығатын қорытынды – баланы жеке бастамашылдық [33] пен өз ойын дәлелдеуге үйрететін болғандықтан талас-тартыстың да пайдасы бар.

 

 Баланы мақтау – ынталандырудың ең тиімді тәсілі

 

Баланың алғашқы үш жылдағы даму үдерісі – екі бағытты көлік жолына ұқсайды. Сәби қоршаған ортадан тәжірибе жинақтау үшін оған кері байланыс [34] керек. Кері байланыс дегеніміз – бұл ең алдымен ата-анасының балаға көңіл бөлуі.

Бала тәрбиесінде ата-аналардың алдынан шығатын екі таңдау бар:  баланы мақтау немесе жазалау.

Бір қарағанда, бас қатыратын ештеңе жоқ секілді. Дұрыс істесе – мақтайсыз, бұрыс істесе – жазалайсыз. Тіпті қолпаштай [35] бергеннен гөрі жазалау [36] әсерлі, тиімді тәсіл сияқты көрінеді.

Алайда жазалау кері нәтиже беріп, бала бағынудан бас тартуы мүмкін.[37] Сондықтан жазалаған немесе мақтаған кезде де өте абай болу қажет.

Масару Ибука өзіміз күнде көріп жүрген қарапайым жайтты мысал ретінде келтіреді. Анасының сусын құйылған кесені қолына алып, үстелге беттегенін көрген сәби, шырын толы келесі кесені ала салып, соңынан томпаңдай жөнеледі. Өйткені бала анасына ұқсауға, істегенін қайталауға тырысады.

Осы ананың орнында болсаңыз, не істер едіңіз?

Әрине баланың қолындағы кесені бірден алып алар едіңіз. Төгіп алса, жаңа кілеміңізді бүлдіреді ғой!

Бұлай істеу – мүлде қате. Мұның салдарын кейін көресіз. Ұлыңыз ержеткенде, қызыңыз бойжеткенде «Маған көмектеспейді» деп ренжитін боласыз. Өйткені меселі қайтқан бала анасына көмектесуді доғарады. Сондықтан сәбиіңіздің шамасы жетпейтін нәрсені істейін деп жатқанын көрсеңіз, оны мақтап, ынталандырып қойыңыз. Жаңағы мысалға келсек,  кеседегі шырынды азайтып, қолына қайта бергеніңіз дұрыс.

Есіңізде болсын: балаңызға бір нәрсені істеуге тыйым салсаңыз, сол үшін ұрыссаңыз, оның әрекетке деген ұмтылысын [38] басып, бастамашыл, ізденгіш қасиетін тұқыртып, өзіне, өз күшіне деген сенімділігін азайтып аласыз.

Әрине кей жағдайда балаға «тәйт» деп те отыру керек. Ондайда егер балаңызға балама ретінде басқа нәрсе ұсына алмасаңыз, ең құрығанда, неге олай істеуге болмайтынын түсіндіріңіз. Балаңыз әлі кішкентай болғандықтан не айтқаныңызды ұқпаса да, дауысыңыздағы бұйрық рай оған әсер етеді.

 

Бала тәрбиесіне қатысты қағидалар

 

Масару Ибуканың бұл кітабы нақты іс-әрекетке шақыратындықтан, бала тәрбиесіне қатысты ата-аналардың рөлін, [39] мақсатын айқындайтын бірнеше қағидаларды қалыптастырды.

Ата-аналар мына дүниелерге үлкен мән беруі тиіс:

  1. Балаңызды әрдайым жасампаз әрекетке баулып отырыңыз. Баланы ынталандырудың ең жақсы тәсілі – қызығушылық тудыру екенін ұмытпаңыз.

Оның дәрістеріне қатысқан үш жасар бүлдіршіндердің өзі скрипка тартуды үйреніп кеткеннен кейін доктор Шиничи Сузукидің атағы аспандап шыға келді. Өйткені жапон елінде скрипка тарта білу дарындылық пен табыстылықтың көрсеткіші болып саналады. Сол себепті ата-аналар өз балаларын кішкене кезінен осы өнерге баулуға тырысады. Алайда балаға музыканы мәжбүрлеп үйретудің соңы сорғалаған көз жасы мен жек көруге ғана жеткізеді.

Доктор Сузуки ұсынған әдістің тиімділігін көрген ата-аналар, қарсы болғанына қарамастан, балаларын сол кісіге сүйрелеп апарған көрінеді.

Доктор Сузуки бастапқы кезде балаларға қалағандарын істеуге мүмкіндік береді, тек скрипкаға жолатпай қояды. Біраз уақыт өткеннен кейін тынышталған жас шәкірттер басқа балалардың өнерін тамашалай бастайды. Екі-үш ай өткен соң, жаңа келген сәбилердің кейбірі естіп жүрген әуендерін есіне жақсылап сақтап алады да, өзінің де скрипка тартқысы келе бастайды. Мұғалім скрипка ұстауға бірден рұқсат бермейді. Баланың шыдамы [40] әбден таусылатын сәтіне дейін күтеді. «Шегіне жетті» деген уақытта ғана балаға дәріс өтеді. Әр баланың дайындық кезеңі – әртүрлі. Ең ұзағы – 6 ай.

Бала үшін өзі қызыққан дүние – дұрыс, қызық емес нәрсе – дұрыс емес болып көрінеді.

  1. Сондай-ақ, автордың ойынша, баланың бойына мінез дарыту, [41] табандылықты сіңіру өте маңызды.

Әрине бала бала болып қалуы керек. Асыр салып ойнап, әр нәрсеге қызығып, қолмен ұстап көргісі келіп, сергек жүру – балаға тән қасиет. Бірақ сергектік пен тыныш отыра алмау екі бөлек дүние. Бір нәрсеге зейін қоюға шамасы келмейтін адам уақыты мен күш-қайратын босқа шығындайды. Ал өз бойында зейінін шоғырландыру [42] қабілетін дамытқан жанның өзіне деген сенімділігі де арта түседі.

Бұл қабілетті дамыту үшін музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету, өлең-жыр жаттатумен [43] қатар, баланы жақсы ортада өсірудің де маңызы зор. Бала бойындағы қабілеттерді нәресте кезінен жетілдіру оның көшбасшылық қырларын аша түседі, ал бір нәрседе жетістікке жету басқа бастамаларға деген ұмтылысты арттырады.

  1. Балдырғанның шығармашылық қабілетін дамытуға үлкен мән беру керек.

Балапаныңыз балшықтан зат жасап жатса, қағазды қиқалап кесіп немесе әртүрлі ойыншықтарды құрастырып отырса, онда осындай шығармашылық жұмысты [44] талап ететін қызық ойындарға сіз де қосылып, балаңызбен бірге ойнауға тырысыңыз.

Масару Ибука: «Егер балаңызға сурет салу үшін кәдуілгі, стандартты қағазды берсеңіз, онда еш ерекшелігі жоқ көптің бірін тәрбиелеп жатырсыз», – дейді. Үстінде жүріп шимақтайтын үлкен қағазды еденге жайып,  қиялына ерік беріңіз, өзін көрсетуге шексіз мүмкіндік [45] тудырыңыз.

Осы себепті балаңызға көп ойыншық алудың да қажеті жоқ. Ойыншықтың көптігі шығармашылық қабілетті құртады. Балдырғанның қиялын шектейді. Себебі ойыншық шығарушылар бала үшін ойлап, ойыншықтың түр-түрін шығарып қойған.

Жоғарыда айтылған қағидаттарды басшылыққа алу ата-аналарға өз мінез-құлқын түзетіп, реттеуге әрі бала үшін аса маңызды алғашқы үш жылдағы тәрбиенің негізгі басымдықтарын анықтауға [46] жәрдем береді.

 

Егер сіз балаңызға өзіңіздің меншігіңіз сияқты қарап,

үстінен үкім айтсаңыз, ол өмір бойы өз күшіне сенбей, күмәнданып өтеді

 

Масару Ибуканың кітабы, оның бала тәрбиесіне қатысты өзіндік ойлары тек мамандардың арасында ғана емес, қарапайым адамдардың да үлкен қолдауына ие болды.

Автордың идеялары ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде және ата-аналардың тәжірибесі арқылы сан мәрте дәлелденген.

Өкінішке орай, көптеген ата-аналар өз балаларына «айтқанымды орындатып, қалағанымды істете аламын» деген жалған ойдың жетегінде жүреді. Балаларын меншіктеу [47] – жиі кездесетін жағдай. Мұндайда баланың өз қалауы ескерілмейді. Егер бала жас кезінен осы ұстанымды бойына сіңіріп алса, онда ол өзіне, өз қайраты мен ақылына өмір бойы күмәнданып өтетін болады.

Автор оқырмандарын балаларының болашағына қатысты ата-ана жауапкершілігін [48] сезінуге шақырады. Бұл жердегі мәселе ата-ананың қалауы емес, өз тағдыры, арман-мақсаты бар басқа Адамның болашағы туралы екендігін ұмытпау керек.

[caption id="attachment_93660" align="aligncenter" width="780"] childhood and family concept - little girl blowing soap bubbles at home[/caption]

Баланың сана-сезімі, ақыл-ойы үш жасқа дейін қалыптасатынын түсіну өте маңызды. Ата-аналардың басты міндеті – баланың бойындағы әдет-дағдыларды жетілдіру үшін қолайлы жағдай жасау. Өйткені баланың ақыл-ойының дамуына себеп болатын негізгі нәрсе – қоршаған ортасынан алған әсері.

Сәбидің мүмкіндігі шексіз. Бұл мәселеде көбінесе баланың қабілетін дұрыс бағалауға [49] кедергі болатын жалаң білімге емес, сезімге жүгінген дұрыс.

Ата-аналар нәрестесі үшін қоршаған ортаның ең негізгі, ең маңызды бөлшегі де, «орта» деген ұғымның басты кейіпкерлері де өздері екенін естен еш шығармаулары керек. Олардың сәбиіне деген ықылас-пейілі және өзара сыйластығы, сондай-ақ балдырғанның басқа балалармен қарым-қатынасы – баланың дамып-жетілуіне ерекше әсер етеді.

Сонымен қатар, ата-аналар баланы түрлі жаңалықтар ашуға ынталандыратын, оның мінезін шыңдауға және шығармашылық қабілеттерін [50] дамытуға бағытталған тәрбие ісінің негізгі қағидаттарына [51] берік болуы тиіс.

Бала біздің меншігіміз емес. Ол – болашағы белгілі бір дәрежеде бізге байланысты қалыптасатын басқа Адам. Міне, осыны түсіну – ең басты мәселе.

Автор өзінің әдісін данышпандарды өсіру емес, балаларды бақытсыздыққа ұшыратпаудың қамын жасау деп түсіндіреді.

Балапандарымыз бақытты болсын!

"Мазмұндама" жобасы бойынша шығарылған қазақ тіліндегі кітаптарды Kaspi Gold қосымшасы арқылы сатып алуға болады.

https://kaspi.kz/shop/search/?q=%3AallMerchants%3AMazmyndama&at=1

 

Автор туралы 

Масару Ибука – жапон кәсіпкері, әлемге әйгілі Sony корпорациясының негізін қалаушылардың бірі. Оның инженерлік идеялары Жапонияны электроника мен технология саласында жетекші елдер қатарына қосқан. Сондай-ақ, ол баланы ерте жастан тәрбиелеу мен оқытудың жаңашыл концепциясын жасаған адам ретінде танымал.

 

 

Жобаның жетекшісі әрі идея авторы Шыңғыс МҰҚАН

 

Кітапта кездесетін ұғымдар мен терминдердің аудармалары: 

[1] данышпан болып туу – be born genius – родиться гением

[2] адам миының дамуы – human brain development – развитие человеческого мозга

[3] бала тәрбиесі – childrearing – воспитание детей

[4] таңғажайып мүмкіндіктер әлемі – world of exciting new opportunities – мир новых удивительных возможностей

[5] ми физиологиясын зерттеу – brain physiology research – исследования физиологии мозга

[6] өз тәнін толыққанды игеруді үйрену – learn to use one’s body – учиться пользоваться своим телом

[7] таза парақ – blank piece of paper – чистый лист бумаги

[8] жаңа ақпарат – new information – новая информация

[9] баланың толыққанды  дамуы – child’s overall development – полноценное развитие ребенка

[10] бейне – образ –image

[11] басты қабілет – fundamental ability – фундаментальная способность

[12] ойлау – cogitation – мышление

[13] үдерісті бағыттау – direct the process – направлять процесс

[14] жауапкершілікті өз мойнына алу – assume responsibility – брать на себя ответственность

[15] өз түсінігінің таразысына салу – handle one’s own concepts – оперировать своими понятиями

[16] барлық нәрсе таңсық – everything is equally new – все одинаково ново

[17] музыкалық талғам – musical preferences – музыкальные предпочтения

[18] бірсарынды – monotonous – однообразный

[19] сезімге кедергі болу – block the feelings – стать препятствием для чувств

[20] әлеуетін әлсірету – depreciate potential – бесценивать потенциал

[21] өсу сатылары теориясы – development stages theory – теория фаз роста

[22] абстракт мағына – abstract meaning – абстрактное значение

[23] әдет – habit – привычка

[24] өзіне қаратудың тәсілі – way to attract attention – способ привлечь к себе внимание

[25]қарым-қатынастан бас тарту – refuse to communicate отказать в общении

[26] уақыттың жетіспеуі – lack of time – нехватка времени

[27] бет әлпеті – facial expression – выражение лица

[28] ақылға салу – reason – рассуждать

[29] өз пікірін негіздеу – justify one’s standpoint – обосновывать свою точку зрения

[30]сәбиді қоршаған ортаның құрамдас бөліктері  – components of the child’s environment – составляющие окружающей среды ребенка

[31] бәсекелестік түйсігі – feeling of competition – чувство соревновательности

[32] ересектердің логикасы – adult logics – взрослая логика

[33] жеке бастамашылдық – personal initiative – личная инициатива

[34] кері байланыс – feedback – обратная связь

[35] қолпаштау– reward – поощрение

[36] жаза – punishment – наказание

[37] бағынудан бас тарту – defiance – открытое неповиновение

[38] әрекетке деген ұмтылыс – impetus to activities – импульс к деятельности

[39] ата-аналардың рөлі  – parents’ role – роль родителей

[40] баланың шыдамы – impatience of a child – нетерпение ребенка

[41] баланың бойына  мінез дарыту – build character in a child – воспитывать в ребенке характер

[42] зейінін шоғырландыру – attention span – концентрация внимания

[43] өлең-жыр жаттату – memorizing verses – заучивание стихов

[44] шығармашылық жұмыс – creativity makings – задатки творчества

[45] өзін көрсетуіне (ашылуына) шексіз мүмкіндік – unlimited opportunities for self-expression – безграничные возможности для самовыражения

[46] негізгі басымдықтарын анықтау – define top priorities – определить главные приоритеты

[47] меншіктеу – possessiveness – чувство собственности

[48] ата-ана жауапкершілігін – parental responsibility – родительская ответственность

[49] дұрыс бағалау – adequate assessment – адекватная оценка

[50] шығармашылық қабілеттер – artistic skills – творческие способности

[51] негізгі қағидаттар – core principles – фундаментальные принципы

Пікірлер