Алматыда Дивали мерекесі аталып өтті

2349
Adyrna.kz Telegram

2021 жылдың 5 қарашасында Алматы қ., Қазақконцерт залында Дивали мерекесіне арналған мерекелік концерт (қазіргі таңда Үндістанда бұл мереке Жаңа жыл болып саналады) өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Үндістанда Дивали мерекесінде шамдар жағудың маңызы зор. Үнді халқында қараңғылық – надандықтың, ал жарық – білімнің нышаны болып саналады. Жарықтың арқасында дүниенің әсемдігі ашылады. Осылайша, от және шамдар жағу арқылы айла, зорлық, ашу, қызғаныш, екіжүзділік, қорқыныш, әділетсіздік және азап сияқты теріс күштерден арылуға болады. Шамдар жағу арқылы Жаратқанға құлшылық ете отырып, білім, денсаулық, адамгершілік, ерлік, рухани байлық және жан тыныштығы сияқты асыл қасиеттерге жетуге болады деп есептелінеді.

Қазақстан мен Үндістанды еліміз тәуелсіздік алғаннан бері көпжылдық достық қарым-қатынастар байланыстырып келеді. Үндістан Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін біздің елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы елдердің бірі болды. Содан бері екі ел арасындағы ынтымақтастық – ғылым, мәдениет, білім және бизнестің әртүрлі салаларында жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, бірегей Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде ғана Үндістанның бай мәдениеті, әдебиеті мен тарихын зерттейтін, қазақ, орыс, хинди, урду тілдерін бірдей жетік меңгерген үндітанушы – мамандардың дайындалатынын айта кеткен жөн.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті мен Үндістан Республикасының Елшілігі арасындағы бірлескен іс-шаралар екі ел арасындағы ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды элементі болып табылады. Мәселен, Шығыстану факультетінде Махатма Ганди орталығының ашылуы, Үндістанның астанасы Нью-Дели қаласында Әл-Фараби орталығының ашылуы, Үндістан Республикасына байланысты апталықтар және жыл сайын ұйымдастырылатын Халықаралық йога күні және т.б. әртүрлі мәдени шараларды айтуға болады. Осы орайда 5 қараша күні ұйымдастырылған Дивали мерекелік концерті жоғарыда аталып өткен бірлескен іс-шаралардың бірі болып табылады.

Концерт Алматы-Қазақстан Үнді классикалық би және йога орталығымен, Свами Вивекананда мәдени орталығы, Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшілігі және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, шығыстану факультеті, үндітану бөлімімен бірлескен түрде ұйымдастырылды. Осылайша концерттік бағдарламаға Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының үндітану бөлімінің 3-4 курс студенттері қатысты. Олар қазақ және орыс тілдеріне аудармаларымен бірге хинди тілінде презентациялар дайындап, өлең шумақтарын оқып, әсем ән тарту етті.

Мерекелік концерт Instagram және Facebook платформалардағы тікелей трансляцияның арқасында халықаралық деңгейде өтіп, әртүрлі елдерден де тамашалаған аудиторияның жоғары бағасына ие болды.

ҚазҰУ, шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы

Меруерт Пернеқұлова

 

Пікірлер