Оқу жылының басталуына 10 күн қалды. Биыл мектептер еліміздің бас санитар дәрігері бекіткен ережелерді сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде арнайы мобильді топтар құрылып, білім ұяларын қадағалауға кіріскен. Олардың қатарында білім басқармасының өкілдері, СЭС қызметкерлері мен мәслихат депутаттары бар.
Бұл Шымкенттегі №45 мектеп. Мұнда екі мыңнан астам оқушы білім алады. Енді олар жаңа ережелерге сәйкес оқиды. Қазіргі таңда мектептің кіреберісінде турникет орнатылған. Алдымен келушілердің температурасы өлшеніп, содан кейін «Ашық» қосымшасымен тексеріледі. Мұның бәрі балалар мен педагогтардың қауіпсіздігі үшін.
Мектеп ұжымы жаңа ережелерге бағынуға дайынбыз деп отыр. Тек оған халық үйренсе болғаны. Медициналық бетперде мен антисептиктер қолжетімді болуы үшін кабинеттер үнемі кварцтауды қажет етеді екен. Мектептердің дайындығын пысықтау мақсатында құрылған мобильді топтардағы мәслихат депутаттары сыныптарды желдету жүйесіне қызығушылық танытты.
Халық қалаулылары асханаларға ерекше назар аударуды сұрап отыр. Тамақтану орнында әрдайым тәртіп пен тазалық болуы керек дейді.
Ал, бұл №64 мектеп. Бұл білім ордасының оқушылары бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Шымкент жастар лигасының » жеңімпазы атанған. Мобильді топ мүшелері мектептің жаңа оқулықтары бар кітапханалар мен спорт залын аралады. Жақын арада жаңа әліппе жеткізіледі деп жоспарланып отыр екен.
Әлия Жібекқызы: «Міне, орыс тілі, өзін-өзі тану, музыка және енді әліппені күтудеміз»
Бұл мектептегі мұндай мониторлар оқушыларға ыңғайлы болу үшін әр сыныпта орнатылған. Сол арқылы бейнероликтерді тамашалап, презентациялар жасауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ әлеуметтік желі де қол жетімді.
Мектептерге қатысты айтарлықтай ескертулер жоқ дейді депутаттар. Алдағы уақытта да білім ұяларын аралау жұмыстары қарқынды жүргізілетінін алға тартты.
Төреайым Сұлтанова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Біздің мектептер оқу жылына дайын деп санаймын, енді бастысы ата-аналар балаларды бақылап отыруы керек. Біз мұндай тексерулерді үнемі жүргіземіз».
Айта кетейік, мониторингтік топ аралаған мектептер арасында заң бұзушылықтар байқалмады.